Дәурен Қуат: «Құдайға шүкір, «қажы» ақындарымыз да, қазы ақындарымыз да намазхан»
«Мен – өздерің білесіздер, кәсіби журналистпін. Менің қолым қойылып, аты-жөнім көрсетілген кез келген мақалаға байланысты сын айтуға, қарсы пікір жазуға әбден болады. Мұны баспасөз тілінде «пікір алысу» деп атаймыз. Ал, мына хат пен мақала жеке басыма соқтығу ғана емес, отбасыма ашық түрде қауіп тудыру болып табылады».
Қазір ел арасында «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуатқа «Қазайтыс» сайтының электрондық почтасынан келіп түскен қоқан-лоқы хаты қызу талқыланып жатыр. Бұл хаттың толық нұсқасы әлі жарияланған жоқ. Бірақ Дәурен Қуаттың жазуынша, хат иесі (әлде иелері) оның жеке басына, отбасына сес көрсетіпті. Бұдан кейін ол құқық қорғау органдарға хабарласуға мәжбүр болыпты. Қазір Дәурен Қуатқа бір топ ақындар, журналистер қолдау білдіріп жатыр. Мұның соңы немен тынары белгісіз.
Әрине, әр істің артында бір гәп бар. Жуырда «Abai.kz» порталында «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан мән кетті» деген тақырыппен (авторы Алтай Бұқарбаев) мақала жарияланған. Мақалада автор айтыстың бүгінгі беталысы туралы әңгіме қозғайды. Саусағын бүгіп тұрып айтыстың кемшілігін санамалайды. Тақырыптың тоқетерін автор ақырында білдіреді. Дәурен Қуатқа қоқан –лоқы көретушілдердің шамына тиіп кеткен осы жері сияқты:
«Алтыншыдан, дін мен ділдегі түсінік – адамдық пен Аллаға жақын болу керек. Ол әсте біреулердің мүддесі үшін құрбандыққа шалынбайды. Құдайға шүкір, «Қажы» ақындарымыз да, қазы ақындарымыз да намазхан. Оны мақтан етіп жүргендері де жоқ емес. Десе де жұрт сөзіне сенек, кейбіреулері діни психологиялық тоқырауға ұшырап қалған ба деп қорқамыз. Бұл әлдебір діни топтардың саясатының жемісі емес пе? «Ниет» пен «Амалды» алжастыру арқылы қазақтың, мұсылманның берекесін қашыруды мақсат тұтқан жойттардың ақын сынды киесі мен иесі бар топты «жүгендеуі» ұлттың трагедиясы ғой. Осы арқылы өз саясаттарын жүргізуге талпынатыны шындық. Солай болып жатқан жоқ па?»
Айтыс - өмір шындығы. Суырыпсалма ақындардың жүріс-тұрысына базына айтқан сайтты сайтан көргендей тас ату сөздің киесінен қорқатын айтыскердің емес, оның арғы жағындағы жүрген жандайшаптардың тірлігі болуы керек. Егер расында ол намазхан ақындардан келген пәле болса, онда айтыстың «жүгенделіп» қалғаны анық болғаны да. Бұл енді расында да ұлттың трагедиясы болмай немене?