Қажыбек Бекбосынов: «Тәшімовтің талантты бағалауынан Түркістанға қоныс аудардым»

Oinet.kz 12-12-2013 1102

Эстрада жанрының дәурені жүріп тұрған заманда дәстүрлі өнеріміздің көсегесін көгертіп, қара домбырасын ешбір заманауи техникаға айырбастамаған әнші, Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов ел арасында қашанда қадірлі тұлға. Қажыбек ағамыздың  Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Әсет, Жаяу Мұса, Естай әндерін нақышына келтіріп, қоңыр дауысымен шырқағанда таңдай қақпаған жұрт қалмаған шығар.  Қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі Ғарифолла Құрманғалиевтен тәлім алған ол мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінде талай жыл қызмет атқарды. Әншілік-ұстаздық жолын 1999 жылы Алматы қыздар педагогикалық институтында  «Хорды дирижерлеу және вокал» кафедрасынан бастаған. 2004 жылдан бері киелі Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, шәкірт тәрбиелеуде. Қажыбек ағамызбен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында әңгімелескен едік.  

e4b3e5a0e425c6f568cfe27722d259d0.jpg

- Қажыбек аға, балалық шағыңызға саяхат жасап қайтсақ...

- Жетпіс жасқа таяп қалсақ та бала күнімізді әлі сағынамыз. Туған жерім Талдықорған облысындағы «Ұзынбұлақ» деген кішкентай ғана өзенді жағалай орналасқан ауыл болатын. Жеті ағайындымыз. Бала кезімде ұялшақ  болғанмын. Көпшіліктің көзінше ән айтуға қысылып, ауыл сыртына шөп жинауға барғанда «Ғалиябану», «Әйкен-ай», «Бір бала» әндерін ыңылдап айтып жүретінмін. Сонда менің дауысым ауыл адамдарына дейін жетсе керек, олар маған: «Әй Қажыбек, сен бізге ән салып бер, саған шөп жинауға жәрдем береміз» дейтін. Әкем Құдайберген Бекбосынұлы ауылда кезінде әншілігімен танылса керек. Ауылдың айтыскерлерімен таңға дейін айтысып отырғанда мен әкемнің тізесінде ұйықтап қалады екенмін. Әкемнің және жергілікті Бәйділда, Ма­құл­бек, Малдыбай деген айтыскерлердің өнеріне қанығып өскен соң әншілік өнерге деген аңсарып ауды.  Бір жиында жас балалардың  домбыра шерткеніне қатты қызыққаным бар еді. Үйімізде домбыра болмаған соң көршінің үйінен құлағы, тиегі, ішегі жоқ домбыраның қаңқасын сұратып алдым. Оны жөнге келтіріп, сол аспаппен-ақ әндерді пернелеп айта бастадым. 1965 жылы 9-мамырда Жеңістің 20 жылдық мерекелік концертінде  домбыраға қосылып «Бозжорға», «Құралай», «Шегенің термесі» әндерін алғаш рет көрерменнің алдында айтып шықтым. Міне, содан бері өнер жолында жүргеніме 48 жыл толыпты.

- Әншілік өнердің үш бірдей мектебін бітірдіңіз. Бәрі де қазақтың төл өнері. Дей тұрғанымен олардың айырмашылықтары, ерекшеліктері қандай?

- Қазақтың дәстүрлі әндері халқымыздың баға жетпес байлығы. Ата-бабамыздан қалыптасып, мұраға қалып келе жатқан дәстүрлі әндердің әр аймақта орындалу нақыштары әртүрлі болып келеді. Мәселен Жетісу әндері Алатау сияқты асқақ. Бірде әуелеп кетіп, енді бірде төменге қарай құлаған қаршығадай құлдилай айтылатыны бар. Ал Арқа әндері жерінің кеңдігіндей кең тынысты, ұзақ болып келеді. Ал Сыр мақамы мен батыстық стиль ақпа-төкпе, құйқылжыған құйынға ұқсап, дауыс ырғағын сан құбылтып ойнатып жібереді. Мұның біреуіне машықтанған адам бірден екіншісін игеріп кетуі екіталай. Лирикалық әндерді орындап жүргендер үшін терме айту да оңайға соқпайды. Мен алдымен ұстазым Ғарифолла Құрманғалиевтен батыстық стильді үйрендім. Кейіннен ел аралап, игі жақсы кісілермен жолығып, басқа да бағыттарды меңгеріп алдым. 

- Сізді елге танытқан «Гүл-гүл жайна»  әні репертуарыңызға қалай енді?

- Бұл әнді маған  ұсынған Ілия Жақанов болатын. Ол кісімен  25 жылдай дос болдым. «Қазақконцертте» жұмыс істеп жүргенімде Ілия мені өзіне шақыртып алып: «Қажеке, сен қазақтың дәстүрлі әндерін шегіне жеткізіп, жүректен айтып жүрген азаматтардың бірісің. Халық әні «Гүл-гүл жайнаны» сен айтсаң қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Талантты әнші Биғали Әбдірахманов әнді орындап, құлағыма жеткізіп берді. Кейіннен  әуені әуезді әнді өз стилімен салып, үлкен концерттерде орындап жүрдім. Ілекең бұл әнге біраз зерттеулер жүргізді. Бізге Алашордашылардың жорықта жүріп салған әні деп айтатын.  

- Қанша ән жинағыңыз бар?

- Репертуарымда қазірге дейін қазақ әндері енген 4 үлкен күйтабақ және 2 кіші күйтабақ бар.  Қазақ радиосының алтын қорында 100 әнім, сондай-ақ  «Қазақстан» Ұлттық арнасының алтын қорында мен жайында түсірілген көлемі 6 сағаттық  телефильм сақтаулы тұр. 

- Халық әртісі деңгейіне көтерілу оңайға соқпаған болар. Жолыңызда қандай да бір кедергілер кездесті ме?

- Білесіз бе, негізінен менің тік, шындықты бетке айтатын мінезімді көп адамдар жақтыра бермейді. Шындығында бұл атаққа қол жеткізуіме, әрине бірінші кезекте халқымның қосқан үлесі зор. Қалың көпшілікке, оның ішінде министрлікке де Қажыбек Бекбосыновты қазақ әндерінің жалынды жаршысы, насихаттаушысы ретінде танытқан да, қазақ әншілерінің арасында өзіндік орнымды қалыптастырып, жоғары баға беріп, төріне шығарған да жұртым. 

- Алматыдағы жылы орныңызды тастап, Түркістанға келгеніңізге өкінбейсіз бе?

- Жоқ, неге өкінейін? Пайғамбарымыз «білгеніңді үйретпесең, сенің күнә жасағаның» деген. Ғарифолла ағамыз өмірден өтерінде қазақтың жауһар әндерін өшірмей, келер ұрпаққа жеткізуді, сақтауды аманат етіп еді. Менің елімнің азаматы ретінде, әнші ретіндегі басты міндетім –  кешегі сал-серілердің әндерін, халық әндерін өзіндік бояуын сақтай отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Дәстүрлі ән орындау мектебін қалыптастырып кеткен  Жүсіпбек Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Әміре Қашаубаев, Дәнеш Рақышев сынды халық әртістерінің ізін жалғастыру. Киелі Түркістан топырағына да осы мақсатпен келгенмін. ХҚТУ-дың бұрынғы басшысы Лесбек Тәшімов  талантты бағалауы арқасында өңірде осындай мектептің негізін қалауымды сұранып, шақырту жіберді. Ұзақ ойланбастан, келісімімді бердім.  Қасиетті Йасауи бабамыздың сүйегі жатқан қалада өнерлі, талантты балалар өте көп. Университетте алғаш келгенімде «өнер» жай ғана кішігірім кафедра болатын, қазір факультетке айналып, бірнеше мамандақты қатар оқытуда. Мұнда келгеніме қуанбасам, еш өкінген емеспін.  

- Дәстүрлі, халық әндерінің шығу тарихынан көпшілігіміз бейхабармыз. Сіз сол әндерді тек орындап қана қоймай, тарихына да үңіліп көрген боларсыз?

- Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Ға­ри­фол­ла Құрманғалиевтен сабақ алып жүр­генде талай әңгіме, армандарын өз құ­ла­ғым­­мен естідім. Ұстаздарымның білетіні мол болатын. Бірақ қазақ, қазақтың тарихы туралы бір ауыз сөз айтсаң «ұлтшыл» деген атаққа қалатын заманда мұндай әңгімелерді көпшілік ортада, бұқараға айта бермейтін. Тек біз секілді жас шәкірттеріне айтар ойларын, сырларын суыртпақтап жеткізіп отыратын. Солардан алған үлгім бойынша «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» атты оқу құралын (кітап) жарыққа шығардым. Жақында «Халық композитор­ла­ры ән­дерінің тарихы» атты кітапты да жазып шықтым. 

- Қазақ жұртының азаттық алған Тәуелсіздік мерекесінде халқыңызға қандай тілек айтасыз?

- Біріншіден елімнің амандығын тілеймін. Тәуелсіздік қазаққа төгілген қан мен тер, көздің жасымен келген Тәңірдің берген үлкен сыйы. Енді азат елдің болашағын нұрлы ету жастардың қолында. Сондықтан жастарымыз саналы, патриот болса деймін. Мынадай жаһандық заманда ұлттығымызды сақтап қалудың бірден-бір жолы ол салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді сақтап қалу. Сондықтан бізден кейінгі ұрпақ осы ұлттық өнерді өздерінен кейігі ұрпаққа жеткізсе деген арманым бар. 

- Әңгімеңізге рахмет. Өмір жасыңыз ұзақ болсын!

Қайрат Ералиев: «Ырымға емес Аллаға ғана сенемін»
Дәурен Қуат: «Құдайға шүкір, «қажы» ақындарымыз да, қазы ақындарымыз да намазхан»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу