Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Әнші Клара Төленбаева бізге ХІХ ғасырдан арамызға топ ете түскен жан секілді елестейді. Әнді сырнаймен асқақтата шырқағанда, есте жоқ ескі замандарға сапар шегіп, бүгінгі өмірге орала алмай отырасың. Эстрада жанрында да алғашқы әндерімен-ақ таң қалдырды. Астанадан Алматыға пойызбен жол тартқан бір сапарымызда сапарлас апайдың «Жібек сезімді» үзбей тыңдап келгенін көріп, қайран қалғанымыз да бар. Өзін де, отбасын да өнер биігіне жетелеп жүрген тамаша әншіні сұхбатқа шақырдық.
Рейтинг: Өнердің жүгін қаншалықты сезінесіз? Ауыры бар ма? Жеңілі қандай?
Клара Төленбаева: Өнер жолы – өте ауыр жол. Еш жеңілдігі жоқ. Осы жолға ә деп түскеннен-ақ қиындығын сезінесің. Ән үйренудің, аспапта ойнап үйренудің қиындықтары қаншама! Бәрін дайындап болып, әніңді халық алдына шығаратын кезде де қатты толқисың. Кәсіби деңгейге жеткізу, халық көңілінен шығу деген бөлек нәрсе. «Тыңдаушының жүрегіне жол тапса екен, ұнаса екен» деп күтесің. Өнер жолына бел байлаған жан әйел адам болса, ол тіпті екі есе қиын. Әйел адам ең бірінші отбасына алаңдайды. Жарыңа, балаларыңа, үй шаруасына, өнерге бірдей қарау шынында да ауыр. Отбасында өзінің өмірлік жұбы, қосағы өнер адамы болса, сол кішкене жеңілдеу ме деймін. Тірегің, қолдаушың болады. Сол жағынан жеңілдеу сияқты көрінеді.
Рейтинг: Қазіргі заманда шын өнерпаз, шын әнші болу қиын ба?
Клара Төленбаева: Дәл қазір шын өнерпаз болу қиын. Өнер адамы ежелден бері халықтың айнасындай. Десе де бүгінгі күні сахнаға сырт келбетін көбірек жайнатып шығару сәнге айналды. Шын өнерпаз даусын, кәсіби деңгейін үнемі дәлелдеп отыруы керек. Оның өнері бір күндік, бір маусымдық, бір жылдық қана емес, халықпен біте қайнасып кетуге тиіс. Қазір өнерде ала-құлалық бар. Материалдық жағы жеткілікті болып тұрған талапкер даусының мүмкіндігін өзі шамаламай өнерге құлаш ұра береді. Ал кейбір жанның таланты жеткілікті болғанмен, қалтасы тесік. Таразының екі басын бірдей ұстау қиынға соғады.
Рейтинг: Осындайда өзіңізді өнерге өгей сезінетін сәттеріңіз бола ма? Болса, неліктен?
Клара Төленбаева: Біз қазір халық таныған деңгейге бірден топ ете қалған жоқпыз. Оқыдық, жетілдік. Қаншама жылдың жемісі бұл! Кейбір өнерпаздың алдында жүрсек, кейбірінің ізіне ілесіп келе жатырмыз. Қолдың қысқалығы көп жағдайда бөгейтіні рас. Кейде үкіметтік, басқа да ірі концерттерге шақырылмай қалғанда, құлазисың. Костюмі, түрі жақсы, бірақ дарыны кемдеу өнер адамдары шығып жатады. Бірақ шынайы өнер додасында жүрген адам ренжімеуге тиіс. Өз өнері үшін, халық үшін. Бір қызығы, күтпеген жерден өнерің бағаланып, асқақтайтын сәттерің де болады. Сонда өзіңнің үнемі таразы басында тұрғаныңды сезінесің. Бір жерден көңілің қалса, екінші жерден толып қайтатын кездер болады. Сені өнер иесі ретінде бағалай білетін, асқақтата алатын шынымен халық қой. Халықты алдау мүмкін емес. Халық қанша жерден әдемі, киімің керемет болып тұрса да – кімнің кім екенін біледі. Кім ақшамен шығып жүр, кімді кім сүйреп жүр – бәрін ажыратады. Саралап отырады. «Былай жасай саламын, сахнаға ойнап шыға саламын» деп шығу мүмкін емес. Халық – ұлы. Өнер халықтікі.
Рейтинг: Халық талғамы. Оны кімдер қалыптастырып жатыр?
Клара Төленбаева: Иә, қиын сұрақ бұл. Эстрада қазір өнердің барлық саласына ентелеп кіріп жатқан заман ғой. Эстраданың да эстрадасы бар. Дәстүрлі әнші ретінде үлкен аудиторияларда шырқап ән айтып жатқанымыз шамалы. Үкіметтік концерттерде, халықтық мерекелерде дәстүрлі әндер аз айтылады. Теледидарда түгел эстрада. Телебағдарламаға шақыра қалса: «Эстрадалық әніңіз бар ма?» – деп сұрайды әуелі. Дәстүрлі әнші екеніңді біліп тұрса да. Сұраныстың барлығы эстрадаға келіп тіреліп тұрғаннан кейін, халық талғамын эстрада әншілері қалыптастырып жатыр. Осыған қарап отырамын да, бір қызық ойға берілемін. Қазір эстрада әншілерінің қолында мүмкіндік мол. Бірақ балалатып, не сөзі, не әуені келіспейтін әндерді айтып шыға береді, шыға береді. Өздерінің ішкі әлемі, болмысы боп-бос, қуыс екенін, білімсіз, талғамсыз екенін айдай әлемге жарқыратады. Осы өнер ме? Оларға айтар назым бар: халық талғамын өсіретін, ұлттық нақыштағы, болашақ ұрпаққа ұлт кодындай естілетін дүниелерді көп жасаса екен деймін.
Рейтинг: Өзіңіз де эстрадаға бой ұрып жүрсіз. Бұл қандай қажеттіліктен жасалған қадам?
Клара Төленбаева: Бұл жерде «мен қайтсем де эстрада жанрында ән айтамын» немесе «эстрада әншілерінің алдына түсуім керек» деп тәуекел еткен жоқпын. Ұстазым Бекболат Тілеухан Ұлттық консерваторияда бізге көп нәрсе үйретті. Өзі де сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сөз десең, аузында сөзі бар, қобыз, домбыраға бірдей жүйрік. Бізді сырнайға бейімдеген де сол кісі. «Майраның, Нартайдың мектебі жоғалып бара жатыр» деп алаңдады. Нәтижесінде халықтық өнердің бір қырын мүмкіндігім жеткенінше меңгеріп шықтым. Халыққа да сырнаймен танылдым. Эстрада жанрында да өзімді сынап көргім келді. Алғаш Тұрсынай Оразбаеваның сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Гүл сезім» әнін өңдеп, орындадым. Ең қызығы, оны үлкен сахналарға алып шықан жоқпын. Бейнебаян да түсірмедім. Радиоға апарып бердім. Сосын әліптің артын бақтым. Іштей қорықтым да. Халық өте жақсы қабылдады. Кең тарады. «Гүл сезімнің» орындаушысы сіз бе, радиодан тыңдап едік» деп хабарласушылар көп болды. Радиодан келіп арнайы жазып алып кеткендер де жеткілікті екен. Былайша айтқанда, бұл сынап көрген қадамым болды. Сосын жарым Медет Салықовтың «Жібек сезім» әні өмірге келді. Сөзін Қалқаман Сарин жазды. Халық тағы да ықыласына бөледі. Дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев: «Клараның шығармашылығын «Жібек сезімге» дейінгі және кейінгі деп екіге бөлуге болады», – дейді.
Рейтинг: Қазір түрлі концерттерге сізді негізінен кім деп шақырады? Эстарада әншісі ретінде ме, дәстүрлі әнші деп пе?
Клара Төленбаева: Дәстүрлі әнші деп біледі ғой. Десе де ондай жиындарда эстрадалық ән сұрайды. Өйткені, бізде дәстүрлі әндер кеші өте аз. Дәстүрлі формада өтетін «Ел» продюсерлік орталығының «Інжу-маржан» концерті және Астана қалалық мәдениет басқармасы қала күніне орай ұйымдастыратын кеші бар. Одан басқа көп ештеңе жоқ. Теледидарларда да оны керек етіп жатқандар аз. Бұрын дәстүрлі музыка өнерінің фестивальдері өтіп тұратын. Көп болды, ондай байқаулар сиреді. Астана қалалық тіл басқармасы ұйымдастыратын концерттерге кейде сырнаймен, кейде эстрадамен ән сұрайды.
Рейтинг: Сырнаймен ән шырқауға қалай машықтандыңыз? Отбасылық дәстүр ме, әлде бұл жолға арнайы таңдап түстіңіз бе?
Клара Төленбаева: Бала күнімде музыка мектебінің баян сыныбында оқыдым. Балалар әндерін сырнаймен айтып жүретінмін. Кейін домбырамен де ән сала бастадым. Консерваторияға келген соң, жоғарыда айтқанымдай, Бекболат аға мені сырнайға бейімдеді. «Сырнаймен ән айту дәстүрі кенжелеп қалды, осыны дамыту керек» деп мақсатты түрде кірісті. Мен оқуға түскен жылы қобызға және сырнайға ерекше мән берді. Қобызға Қазыбек Әдікеевті тәрбиеледі. Бұрын Арқа әндерін көбірек айтып келсем, енді Майраның, Нартайдың әндерімен ғана шектеліп қалмай, Батыс, Жетісу мектебіне де құлаш ұрдым. Бірте-бірте қазақтың ән өнеріндегі 5 мектептің әндерін айтатын болдым.
Рейтинг: Жарыңыздың да өнер майданында жүруін қалай бағалайсыз?
Клара Төленбаева: Жарым менің өнерімді толық түсінеді. Әуелі Алла, екінші Медеттің қолдауымен өрге жүзіп келемін десем, артық айтқаным емес. Егер үйіңде сенің өнеріңе оң көзқарас болмаса, сахнаға жайнап шыға алмайсың. Қазір біздің отбасымызда өнер мәелесінде толық үйлесім бар деуіме болады. Медет менің өнерімді де, өз өнерін де бағып-қағып отырған сияқты.
Рейтинг: Шығармашылығыңыздағы ендігі бағыт қалай болады?
Клара Төленбаева: 2013 жылы Медеттің «Жібек сезім» атты жеке ән кеші өтті. Біз сонда отбасымызбен өнер көрсеттік. Халыққа Медеттің шығармашылығынан есеп бердік деп ойлаймын. Енді таза халықтық формада жеке концертімді бергім келеді. Жаңа әндерім жинақталып қалды. Диск қып шығарып, үлкен тұсаукесерін жасағым келеді. Қазір соның дайындығымен жүрмін. Нақты қай уақытта екені анықталған жоқ. Менің көңілім толмайтын бір нәрсе бар: дәстүрлі әндер кеші өтсе, орындаушылар керемет, сайдың тасындай болғанмен, сахнаның безендірілуі, жарығы, жалпы қай жағынан алсаң да, эстрадалықтарға қарағанда олқы болып тұрады. Сондықтан керек қаражатты тауып, сахнаны жайнатып, формасын халық жақсы қабылдайтындай етіп ойлап тауып, үлкен бір сұранысқа ие болатындай дайындасақ дейміз. Тағы бір жаңалығым – «Нағашыма» деген Медеттің әніне ақпан айының ортасында бейнебаян түсірдік. Наурыз айының соңына қарай халыққа ұсынсақ деп отырмыз.