Әсел Ергешқызы, радиожүргізуші: «Бала хақысын жемеген абзал»

Oinet.kz 22-11-2017 1245

Screenshot_3.jpg

Әсел Ергешқызы, радиожүргізуші, «Болашақ» өнер мектебінің директоры

Әсел Ергешқызы – журналистикада өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген, «Қазақ радиосы» арқылы күміс қоңыраудай сыңғырлаған үнімен еліміздің әр аймағына сағыныш хабарын жеткізе білген радиожурналист. Одан бөлек, елімізге белгілі әншілердің аймақтардағы гастрөлдік сапарларын ұйымдастырып, кештерді жүргізіп жүрген, тәжірибесі мол дарын. «Болашақ» өнер мектебін ашып, онда журналистикаға талпынған талапкерлерге білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүрген ұстаздығы бір төбе. Біздің бүгінгі сыр-сұхбаттың кейіпкері – Әсел Ергешқызы келін, ана, жар болумен қатар, білікті, білімді қызметкер, үйлестіруші, басшы болу үшін бір күндегі жиырма төрт сағатты қалай теңдей етіп бөліп, бәріне де үлгеруге болатыны жайлы айтып береді...

– Әсел, бүгінгі қазақ журналистері мен өнерге талпынған жастар үшін «Болашақ» өнер мектебін ашып, үлкен іс бастағаныңнан хабардармыз. Тұрмысқа шығып, ана атанып, үй жағдайына көбірек көңіл бөлген кейінгі уақыттарда ол мектептің жай-күйі мен басқару, ұйымдастыру жұмыстары тоқырап қалған жоқ па?

– Мектеп дегенде, көбісі екі-үш қабаттан тұратын үлкен ғимаратты елестетеді екен. Алла, сондай күнге жеткізсін, әрине. Әзірге, шағын ғана кеңсені жалға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Атауға ыңғайлы болу үшін мектеп дегенбіз, шындығында, қосымша білім беретін орталық ғой. Бастапқыда, тек журналистика курстарын ашып, бойымдағы ұйымдастырушылық, ұстаздық қасиеттерімді сынап көрсем, бар білгенімді, көңілге түйгенімді соңымнан ерген іні-сіңлілеріме үйретсем деген ой болған. Ең қайырлы іс те сол – білгеніңмен бөлісу емес пе?!. Еркіндік – менің жаңа тынысымды ашты. Қазір, осы еркіндігім ұнайды. 

Мектеп 2015 жылдың 15 қаңтарында ашылды. Ол кезде бойдақ, өз еркім өзімде жүрген кезім. Жолдасымның қолдауымен, демеушілігімен ашылды. Мектеп ашылған тұста көп уақыт бөлуге тура келді. Бүкіл энергиямды, мүмкіндігімді, қаржымды осы іске салуым керек еді. Сондықтан, дәл сол жылдары шексіз сүйетін жұмысыммен де қоштасуыма тура келді. Мектепке балаларын алып келетін ата-аналар менімен жүзбе-жүз сөйлескісі келеді.  Сондықтан, «Қазақ радиосымен» уақытша қоштасып, түбегейлі жеке кәсіппен айналысуға көштім. Аллаға шүкір, қазір жұмыс аяғынан тұрды деп айта аламын. Сабақ кестесі қалыптасты. Білім алушылар да біздің жұмыс графигімізбен жете таныс. Қазір «Болашақ» өнер мектебі екінші үйім сияқты.  «Домбыра» сыныбында күйші Рүстем Жүніс сабақ берді. Дәстүрлі әнші, республикалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Әйгерім Нартүйееваның «Домбырамен ән айту» сыныбы жұмыс істеді. Республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері Айнұр Оқышеваның «Фортепиано» курсын бітіріп шыққан талантты ұл-қыздар қазір үлкен сахналарда жүр. Талантты әнші әрі ұстаздар, талай байқауларда бағы басым түскен әнші Саламат Әбутәліп пен Нұргүл Маханованың «Эстрадалық вокал» курсы бар.  «Режиссерлік курс», «Жарнама және қоғаммен байланыс, PR» курсын бітіріп шыққандар да бар. Ал, «Медиа-студия» курсында «Ақпарат саласының үздігі», журналист Ғалия Өзбекбайқызынан (тележурналистика), дубляж актрисасы, белгілі радиожүргізуші Майра Төлепбергеннен (сахна тілі), актриса Гауһар Жүсіптен (сахна тілі), танымал тележүргізушілер, Ұлттық арнаның бет-бейнесіне айналған Мейіржан Әлібекұлы мен Жансерік Бейсеевтен (шеберлік сыныбы) және менен (радиожурналистика) дәріс алды. Жүзден аса шәкіртім бар. Осы мектепті бітірген түлектер жетерлік. Әрқайсысы әр салада өздерін көрсетіп, телеэфирлерде, радиоэфрлерде, дубляжда, экранда жүр, жаңалықтар жүргізіп жатыр. «Болашақтың» түлектерін үлкен эфирлерден көріп, олардың жетістерінен ерекше шабыт аламын. 

– «Қазақ радиосында» жүргізуші болып жүріп, бірқатар ірі жобалардың басы-қасында болдың. Түрлі концерттер, өнер кештерін ұйымдастырдың. Өнер адамдарының басын қосып, үлкен кештер ұйымдастыру, ол кештердің тізгінін ұстаудың машақаты қаншалықты ауыр? Мұндай кештер аяқталып, көрермен тарапынан алғысқа бөленген кезде сезінер ләззат қаншалықты тәтті?

– Жалпы, ұйымдастыру жұмыстары, өнерге жақын жүру –  бала кезден қалыптасқан мінез. Оқушы кезімде өте белсенді болдым. Сабағын беспен оқыған оқушы барлық жағынан үздік болу керек деген ұғым бала күннен қалыптасып кеткен. Спортта да, өнерде де, білімде де, қоғамдық жұмыста да бірінші болу керек деген ұстанымымды да бала кездегі дағды, «үлкен мәдени орталықтарда, өнерлі, өрелі адамдармен бірге жүрем» деген бала арман қалыптастырған болар. Мектеп президенті деген атқа ие болып, 11 жыл бойы староста атандым. Студент болып Алматыға келгенде де, бойдағы мінез бұғып қала алмады. Өзіме жақын сала – өнер, мәдениет. Осы саладағы кейбір ұйымдастырушылық жұмыстарды қолға алып жүрмін. Әрине, әр істің өз қиындығы, өз ләззаты бар. Ірі жобаларды бастарда, бойда қорқыныш болады. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демей ме халық мақалы. Сондықтан бойдағы күдікті жеңіп, өзімнің қабілет-қарымым жетеді деп сенген істен бас тартқан емеспін. Әрбір жобадан, кештен кейінгі халықтың ризашылығы, үлкендердің батасы қанаттандырады. Келесі идеяны жүзеге асыруға талпыныс береді. Астанаға келгелі, «Болашақ» мектебі ашылғаннан кейін, соның жанынан event-studio аштық. Мерекелік шараларды, іс-шараларды, әншілердің гастрөлдік сапарларын, кештерін ұйымдастыратын  бұл студия әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. 

Астанаға қаласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруда, идеяңды орындауда қолдап, көмегін аямайтын адамдар бар. Солардың бірі – Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Бауыржанұлы Мажағұлов мырза. Өнердің нағыз жанашыры деп осындай кісілерді атап айтуға тұралық. Алдағы уақытта да жүзеге асуы тиіс тың жобалар кезек күтіп тұр. Құдай оңдаса, олар да сәтімен жүзеге асады деп ойлаймын.   

– Ел алдында жүрген қыздардың бірісің. Ақылыңмен, біліміңмен қатар сының мен сымбатың да назарға ілігер салада жұмыс істейсің. Сымбатыңды, дене мүсініңді сақтау үшін қандай диеталар ұстайсың? Жаттығу залдарына барасың ба?

– Салт атты, сабау қамшылы кезімде бассеин, фитнес залдардан шықпайтынмын. Қарбалас тіршіліктен кішкене уақыт тапсам, асығып тұратын демалыс орным фитнес залдары мен бассеин еді. 2015 жылы тұрмысқа шықтым. 2016 жылы тұңғыш сәбиіміз өмірге келді. Аты – Асылан. 2017 жылы Рауан есімді екінші ұлымыз дүниеге келді. Аралары – бір жас он тоғыз күн. Екі бала қатарынан өмірге келді, Құдайға шүкір. Ұлдардың күтіміне көбірек алаңдап, дене бітімімді қалыпты ұстауға уақыт таппай қалғанымды мойындаймын. Қазір, шүкір, Рауанымыз тоғыз айға қарады. Енді-енді есімді жиып, қосып алған артық салмақтардан арылу үшін дұрыс тамақтануды қолға алдым. Дұрыс тамақтану деген – күні бойы ештеңе жемей аш жүру деген сөз емес. Не болмаса, диета ұстау болып та саналмайды. Ол дегеніңіз – уақытылы, жүйелі түрде ағзаға нәр беретін, дұрыс тамақтану. 

Мәселен, қазір ұйқыдан тұрғаннан кейін, сегізге дейін міндетті түрде бір стакан су ішемін. Сегізде  кез келген ботқа түрінен, тамақ жасап, 100-150 грамм мөлшерінде ботқа жеймін. Бір сағаттан кейін міндетті түрде су ішемін. 11 мен 11-30 аралығында жеміс салаттары немесе кептірілген жемістер жеймін. Бір сағат бұрын және кейін міндетті түрде бір стакан су. Сағат бірде түскі ас. Ас мәзірінде 100-150 грамм мөлшеріндегі сорпа. Көк шөптерден жасалған салат. Түскі астан кейін де бір сағаттан соң су ішемін. 16-30 және 17-00 шамасында қарақат шырыны, кампот, алмадан, кивиден смузилар жасап ішемін. Оның мөлшері – 180-200 мл. Кешкі ас – жетіде. Онда да астан бір сағат бұрын – бөлме температурсындағы бір станкан су ішу керек. Броколли, қарақұмықпен бірге балық не болмаса калориясы аз, қуырылмаған, буға піскен, бұқтырылған еттерден кешкі ас азірлеймін. Бір күндік рацион осындай. Дұрыс тамақтанумен қоса, фитнеске де жазылғанымды айта кету керек. Аптасына үш рет, уақыт тауып жаттығу залына баруға тырысамын. 2018 жылға алдыма үлкен  мақсат қойып отырмын. Осыған дейін қызметтік өсуді, мансапты мақсат тұтпаған едім. Отбасын құру, жар болу, бала сүю сияқты жоспарлар болды. Соны ғана көкседім. Енді, жолдасым Жанаттың қолдауымен, идеясымен экранда, телеэфирде бақ сынап көруді жоспарлап отырмын. 

Ал, бет күтімі, шаш күтіміне келер болсам, бетімнің терісі артық күтімді қажет етпейді. Сондықтан болар, бетіммен алысып жатпаймын. Бірдеме шығып кетеді, дақ пайда болады деген мәселе жоқ. Меркелік кештерге, той, жиындарға, ұятты жерлерге барған кезде міндетті түрде макиаж жасаймын, күнделікті жұмысқа артық бояусыз бара беремін. Қасым, көзім, кірпігім –  табиғи. 

– Роза Әлқожаның «Іздемейсің» деп аталатын әнін тәп-тәуір орындап шығып едің. Содан кейін ән айтқаныңды көп байқамадық...

– Иә, Роза Әлқожаның шығармашылық кешінде «Іздемейсің» деген әнін орындап шыққанмын, сөзін жазған Қасымхан Бегманов. Көпшілік жақсы қабылдаған сияқты. Сосын, дәл сол жылы Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойында Бұлан Жамбылдың әні мен сөзіне жазылған «Қарайладым» деп аталатын әнін әріптесім Бақытжан Жармұханбетпен бірге орындадым. Астанада өткен әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлының шығармашылық кешінде Зәкеңнің «Перзент тілегі» деп аталатын әдемі әнін дуэтпен шырқадық. Сөзін Серікзат Дүйсенғазы жазған. Ән қоржынымда Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған Данияр Сағынтаевтың «Сағыныш», Ақмарал Леубаева сөзін жазған  Медет Салықовтың «Бәрі жақсы болады» деп аталатын әндері бар. Бұл – мен керемет әншімін деген сөз емес, орындап жатқан әндерімнің өз тыңдаушылары табылып жатса, неге бақ сынап көрмеске?! Әнге деген талғамым жоғары. Бәлкім, 8 жылдан астам Қазақ радиосында музыкалық редактор болып, талай әндерге сыни  пікір білдіріп, талғап тыңдаушыға ұсынғандықтан шығар?..

– Кештер жүргізгенде, өзіңнің қызметің барысында да, бет келбетіңмен қоса, дауыстың да маңызды екенін білеміз. Сен үшін тамақ ауруы, тамақ ауруларын қоздыратын жағдайлардан қорғанудың өзіндік «құпиялары» қандай?

– Несібесін үнімен тапсын деген шығар, Алла. Бірақ, дауысымды соншалықты күтіп-баптаймын деп айта алмаймын. Кішкентайымнан тамағым ауырады. Баспа дейді ғой, қазақта, кәдімгі ангинам тез қабынады. Сәл суық тисе, жөтеліп шыға келемін. Сонда да қоймай, балмұздақты жақсы көремін. (Күледі). Негізі, дауысты күту керек, шемішке шақпау, балмұздақ жемеу, салқын нәрсе ішпеу керек деген ережелер бар. Соны сақтаған дұрыс деп есептеймін. 

– Бүгінгі таңда екі баланың анасысың. «Диагноз» газетінің оқырмандары үшін бала күтімі, бала денсаулығына қатысты өзің бастан кешіріп, өзің үшін түйген, білген ақыл-кеңестеріңмен бөлісе аласың ба?

– Әсіресе қызметтегі, жұмыс істеп үйрегін қалған келіншектердің ең басты бір қателігі бар. Ол – баланың хақысын жеу. Декреттік демалысын түгел пайдаланбай, мерзімінен бұрын жұмысқа шығып кету. Соның кесірінен балаға қажет мөлшерде мейірмін бөле алмай қалады. Аналарымыз біздің хақымызды жеген жоқ қой. Ана балаға қарау керек деді ме – үш жыл үйде отырды, бізді бағып-қақты.  Балабақшаға ілінетін жасқа дейін жеткізді немесе үш жасқа дейін арқалап бағып, ата-әжеміздің қолына берді. Қазір бізде осы нәрсе кемшін. Мүмкін, қала тіршілігінде тұрмыс жанды қинай ма екен? 

Қазір менің үлкен ұлым бір жас тоғыз айда, екіншісі – тоғыз айға кетіп бара жатыр. Екеуіне дәл осы мезетте керекпін. Сондықтан жандарынан ұзаққа кетіп қала алмаймын. Сенбі күні бір сағат «Қазақ радиосына» эфир жүргізуге барам.  Жексебі күндері 2-3 сағатқа «Болашақ» өнер мектебіне барып дәріс беремін. Қалған уақыттың барлығы бала күтіміне, балаларыма арналады. Олардың денсаулығы, дұрыс тамақтануы, тыныш әрі жақсы жағдайда ұйықтауы – тікелей өзімнің қадағалауымда.

Ата-ананың мейіріме қанған бала, ата-ананың махаббатына бөлінген бала аурушаң, мазасыз болмайды. 

Балаға өз әке-шешесінен артық адам керек емес. Біздің үйде бала күтіміне әкесі көмектеседі. Бір жақсы жері, әкеміз үкіметтік жұмыста емес. Жұмыс кестесі еркін, жеке кәсібі бар. Баламызға кішкентай кезінде мейрімімізді сіңіре алсақ, ертең біз қартайғанда тура сол мейірім, сол махаббат бізге қайтады деп ойлаймын. Бала тез өсіп кетеді. Оған тәрбиені беріп үлгере алмай қаласың. «Тәрбиенің ең ұтымды тұсы – тәрбиені беру емес, көрсету» дейді ғой. Бала тәрбиесінде жолдасым өте талапшыл. Балалардан бөлек, сыртта жүргенде менің де уақытылы тамақ ішіп, дұрыс ұйықтауыма дейін өзі арнайы телефон шалып, қадағалап отырады. Жолдасым соны талап етіп, қалап отырғаннан кейін, менің де қалауым мен талабым сондай.

– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Клара Төленбаева: «Өнер адамы үнемі таразы басында тұрады»
Баян Дүйсебекова: «Жедел-жәрдем қызметінің мүмкіндігі зор»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу