Манчестер университетінің студенті: «Ағылшындар Қазақстанды мұнайлы мемлекет ретінде таниды»
Елбасының білім беруді, санат жетілдіруді көздеген тапсырмасы аясында құрылған халықаралық стипендиялық «Болашақ» бағдарламасына биыл 20 жыл толып отыр. Бағдарлама қабылданғаннан бергі 20 жылда әлемнің 33 елінде білім алған «болашақтық» 6015 жас бүгінде әр түрлі салаларда қызмет етіп жүр. Олардың 27 пайызы мемлекеттік органдар мен мекемелерде, 6 пайызы ұлттық, 3 пайызы халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда, 64 пайызы қазақстандық компанияларда еңбек етуде. Қазір 3 мыңға жуық стипендиат шетелде білім алуда. Соның бірі Ұлыбританияның Манчестер қаласында білімін жалғастырып жатқан Нұрсұлтан Бижанов. Нұрсұлтан Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында туып өскен. Шымкент қаласындағы дарынды ер балаларға арналған №1 қазақ-түрік лицейде білім алып, Сүлейман Демирел атындағы университеттің экономика факультетін тәмамдаған. «Болашақ» стипендиясының иегері Нұрсұлтанмен әңгімеміз агент арқылы өрбіді.
- Нұрсұлтан Манчестер қаласы қандай екен, көшеде еріксіз назар аудартатын нәрсе бар ма?
- Манчестер қаласы маған бірден ұнады. Себебі студенттердің ыңғайлы өмір сүрулеріне барлық жағдайлар жасалған. Ол бүгінде Ұлыбританияның ірі мәдениет, өнеркәсіптік, транспорты дамыған әсем шаһарлардың бірі. Көшеде бірден көзге түсетіні сан түрлі ғимараттары. Әсіресе, көне заманның үлгісімен салынған зәулім ғимараттар көптеп кездеседі. Соңғы технологиямен, шынымен қапталған ғимараттар да көздің жауын алады. Ағылшындықтар тарихын қатты құрметтейді, қанша дамыған мемлекет болса да, көне ғимараттары арқылы ұлтының тарихын өшірмеуге тырысады. Англияның басқа да ірі Лондон, Бирмингем, Лидс, Ливерпуль, Эдинбург, Оксфорд, Кембридж, Шеффилд қалаларында болдым.
- Шетелде білім алуға не себепті құмарттың?
- Мектеп бітіріп студент атанған жылдардан бастап шетелде оқуға құмарта бастадым. Әлемнің түкпір-түкпірінде оқып, ел көріп, жер көріп, білімін шыңдап келген жастарға қатты қызығып, мен де соған талпындым. Университетте екінші курстан бастап «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп алуға бар күш-жігерімді жұмсап, дайындық жүргіздім. Бағдарлама жайлы жан-жақты зерттеп, шетелде оқып жатқан магистранттармен сұхбат құрып, олардан біраз кеңестер сұрап, өз-өзімді дайындадым. Еткен еңбегім еш кетпей 2012 жылы әйтеуір арманыма қол жеткізіп, Ұлыбританиядан бір-ақ шықтым. Мамандығым қаржыгер. Бұл мемлекеттің басты кәсіптері, капиталы - білім беру. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ 2010-2011 жылдары университеттің кірісі 808 миллион фунт стирилингтен асқан. Білім ордасына дүние жүзі елдерінің жастары ат терлетіп келіп оқитындықтан, оқу базасынан бөлек түрлі ғылыми зерттеу орталықтары шоғырланған. Мұнда жыл сайын ғалымдар көптеген тың жаңалықтарды ашуда. Әр студент осында келіп өзінің ғылыми зерттеулерін жүргізіп, шығармашылық жұмыстарын жетілдіре алады.
- Біліуімше университеттің әлемге атақты мұражайы бар, солай ма?
- Ия. Манчестер мұражайы Ұлыбританиядағы ең ірі, атақты мұражайлардың бірі болып саналады. Көне құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін орында ежелгі археологиялық, антропологиялық жәдігерлер сақталған. 1867 жылы Манчестердегі «өзін-өзі тану қоғамы» мамандары көне заттарды жинақтап, соңында мұражайға айналдырған. Музей ұзақ жылдық тарихында бірнеше рет қаржы дағдарысына тап болып, қаланың әр бұрышына көшірілген. Қазір экспонаттардың көптігіне байланысты ол бірнеше бөлімдерге бөлінген: нумизматика, палеонтология, энтоиология, минералогия, этнография, зоология, ботаника, епитология және археология. Сондай-ақ бұл жерден аквариумді де тамшалауға мүмкіндік бар.
- Тобыңда басқа қай елдің жастары білім алуда?
- Біздің топта көп ұлттың басы құралған. Мәселен Қытай, Корея, Жапония, Бангладеш, Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Нигерия, Аустрия, Эстония, Польша тағы басқа. Аталған мемлекеттердің барлығы танымал елдер. Дегенмен ағылшындықтардың Қазақстанның мұнайға бай және мұсылман елдерінің бірі екенінен хабарлары бар екен.
- Ол жақтың саяси жаңалықтарынан хабарың бар ма? Және Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарға қаншалықты мән бересің?
- Жат елде бір жыл қонақ болсақ да осы елдің бір бөлігі ретінде өмір сүруге тырысып жатырмын. Екі елдің саяси жаңалықтарын телеарнадан және газет-журналдардан үзбей қарап отырамын. Жалпы әр елдің саясатынан, мәдениетінен хабарың болғаны жақсы. Қазақ елі бізді жат елге «ертеңгі күні үлкен жаңалық ашсын, елге пайдасын тигізсін» деп үкілеген үмітпен жіберіп отыр. Ұлыбританияның дамыған технологиясын, жүргізіп отырған саясатын зерттеп, оның тиімді тұстарын елге оралғанда пайдаға жаратсам деген ойым бар.
- Шетелдің фаст-фудына бойын үйреніп қалған шығар, әлде ұлттық тағамдарды сағынып жүрсің бе?
- Фаст-фудқа мүлдем үйрене алмадым. Бірге оқитын қазақ жітіттерімен пәтер жалдап тұрамын. Оларда фаст-фудты ұната қоймайды. Сол себепті кезектесіп өзіміздің сүйіп жейтін ұлттық асымызды әзірлеймін.
- «Болашақ» бағдарламасына биыл 20 жыл толып отыр. Осы орайда бағдарламаның бүгінгі бет алысына, жүргізіп отырған жұмысына қандай баға берер едің?
- «Болашақ» бағдарламасы - қазақ жастарының өсіп-өркендеуіне кең жол ашып отырған маңызды жоба. Мемлекетіміз білімге құштар жастарды шетелде қыруар қаржыға оқытып жатқанымен, мұның барлығы өз Отанымызға еселеп қайтатын инвестиция. Бүгінгі студент - ертең халқын артынан еріп жүретін көшбасшы. Жиырма жылдың ішінде осы бағдарламаның шарапатын көріп, Қазақстанға адал қызмет жасап жатқан аға-әпкелеріміз қаншама. Армандарды тоғыстырған «Болашақ» бағдарламасы осы қарқынмен әрі қарай дами берсе әлемдегі ең білімді, озық елдердің біріне айналатынымызға бек сенімдімін. Мен де оқуымды аяқтап, елге оралған соң өзім тәмамдаған Сүлейман Демирел атындағы университетте оқытушы болып, артымнан ерген жас жеткіншектерге дәріс беріп, олардың да өз шыңдарын бағындыруға септігімді тигізгім келеді.
- Сұхбатыңа рахмет.