Асылхан Әбдірайымұлы: «Ағалар аманатын жүзеге асырып жүрмін»

Oinet.kz 18-07-2013 1072

943fa288b2f0a0bf8dd9cf77d70ee691.jpg

«Жас Алаш» газетінің фототілшісі, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

- «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі қай кезде, не мақсатпен құрылды?

- Бірлестікті құрудағы негізгі мақсатымыз қазақ фотожурналистика саласын дамыту еді. Ал, оны құру идеясы осыдан жеті жыл бұрын туындаған болатын. 2007 жылы «Қазіргі фотожурналистиканың халі нешік?» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырғанбыз. Осы жиынға ардагер ағаларымыз бен орта буын әріптестерімді шақырған едім. Кеңес үкіметі кезінде үлкен-үлкен одақтар жұмыс істеді. Бірақ, олардың барлығының орталығы Мәскеуде болды. Алып империяның ыдырауымен одақтар да тарқады. Фотожурналистер өз алдына шашырып, бастары бірікпейтін, әркім өз білгенін істейтін күйге түсті. Фотожурналистерді біріктіретін қандай да бір орталықтың немесе бірлестіктің қажет екені осы жиында алғаш айтылды. Ардагерлер өз жолымен, фотоөнердің қыр-сырын үйренемін деген жастар кімнен үйренерін білмей, қойдың құмалағындай шашырап жүре береміз бе деген мәселелер қозғалды. Осылайша бір орталық құру керек деген шешімге келдік. Алғаш Қазақстан фотожурналистер одағын құрамыз ба деп ойладық. Бірақ, Әділет министрлігі ол өтінішімізді қабылдамады. Атауында «Қазақстан», «ұлттық» деген сөздер бар ұйымды тіркеу қиындау екен. Оны кейіннен білдік. Осы кезде біраз тоқтап қалдық. Кейін Сайлау Пернебаев, Нұрғожа Жұбанов секілді ағаларымыз «сен біз секілді қартайып тұрған жоқсың, жан-жағына алақтаған жас та емессің, өзің бастаған шаруаны өзің аяғына дейін жеткіз» деп осынау үлкен істі маған аманаттады. Оның үстіне фотоөнерге әуестенген жастардың дені той-томалақты жағалап, күнделікті күйбең тіршіліктің шырмауына шырмала бастады. Теориядан мақұрым қалып, бір-екі шүріппені басуды ғана білетін фотографтардың әрекеті бұл саланы жабайыландыра бастады. Осындай келеңсіз көріністер жаныма қатты батты. Сөйтіп, 2010 жылы бұл шаруаға біржолата кірісіп, осы жылдың 22 тамызы күні бірлестік ресми түрде тіркелді. 

- Үш жыл көп те, тым аз да уақыт емес. Аяқ алыстарыңыз қандай?

- Алғашқы жылы құжат рәсімдеу, есеп-шот ашу, төраға сайлау деген секілді ресми шаруалармен, ұйымдастыру шараларымен шұғылдандық. Ал, 2011 жылы барлық облыстағы, көрші елдегі фотография саласындағы мамандардың басын қосып, «Тәуелсіздік тағылымы» атты фотокөрменің тұсауын кестік. Алматы қаласында, қылқалам өнерінің қара шаңырағы Ә.Қастеев мұражайында. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына біздер де өз үлесімізді қосайық, осы жылдар ішінде мемлекетіміздің әр саладағы жеткен жетістіктерін сурет тілімен сөйлетейік деген ортақ мүддеге жұмыс істедік. Көрмеге бас-аяғы 28 фотографтың 200-ден астам еңбектері қойылды. Министрліктерден, парламенттен, үкіметтен жігіттер атсалысып, көрмені өнер саласының майталманы Сәбит Оразбаев ағамыз ашып, батасын берді. Одан кейін мұндай көрме Астанада, Президент орталығында жалғасын тапты. Бұл жолы көрмені Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ашты. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өзі арнайы келіп, көрмені тамашалады. Ыңғайлы сәтті пайдаланып, көптің көзінше Үкімет басшысына бұл тарихи суреттер алдағы уақытта кітап болып жарық көрсе, кейінгі ұрпақ үшін таптырмас тарихи дүние болар еді деген ойымды жеткіздім. Ол кісі сол жерде-ақ тапсырма берді.  

Көрме үшінші рет халқы көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Сурет галереясында шымылдығы түрілген көрменің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев қатысты. Осылайша, бәріміз біріксек, нәтиже шығаруға болатынына көз жеткіздік. 

Ғабиден Мұстафиннің ұлы, көп жылдар бойы басылымдарда еңбек еткен Қайрат Мұстафин ағамыздың 80 жылдығына орай Жазушылар Одағында көрме ұйымдастырдық. Оның обьективіне небір ұлы тұлғалардың қайталанбас керемет сәттері іліккен екен. Осындай көрме кейіннен Қайрат ағамыздың туған жері - Қарағанды қаласында да жалғасты. Жазушылар Одағының сол өңірдегі филиал басшысы Серік Ақсұңқарұлы бастаған топ көрменің керемет өтуіне себепкер болды. Сол суреттердің ішінен оннан астамы таңдалып, қаланың көрікті жерлеріндегі билбордтардан орын алды. 

- Ақсу Жабағылыда да бір шара өткізгендеріңіз есімізде.

- Иә, табиғаты тамаша Түлкібас ауданында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол тұстағы бас редакторы Бейсенбай Тәжібаевтың тікелей атсалысуымен «Қызғалдақтың отаны Қазақстан» атты байқау ұйымдастырдық. Оған бірнеше облыстан үміткерлер қатысты. Алматыдан арнайы келген білгір мамандар фотосеминар, шеберлік сабақтарын өткізді. Ертесіне таң қылаң бере қызғалдақтарды суретке алды. Түс қайта байқау қорытындысы шығып, Еділ Орманов деген жас фототілші жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта болашағы зор ондай жастарды жауапты жұмыстарға тарту мәселесін қарастырамыз және білімін жетілдіру үшін дәрістер өткіземіз. 

Еліміздегі ең биік шың, атақты Хантәңірінің бөктерінде «Шалкөде елдің жайлауы» атты арнайы экспедиция өткізіп, Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен үш күн бойы арнайы тігілген киіз үйге орналасқан 15-ке жуық мықты деген фотожурналистер тарихи суреттердің дүниеге келуіне себеп болды. Хантәңірінің әсем, тарихи жерлерін обьективке алған суретшілердің арасында Қытайдан келген, Қытай тауларының небір шыңдарын тамаша сурет етіп сөйлеткен профессор Түсіпбек Сламқұл ағамыз да болды. Моңғолияның Баянөлгейінен Жанарбек Ақыбиұлы деген мықты суретші келді. Әріптестерімізді облыс әкімінің өзі қабылдап, үлкен қолдау көрсетті. Ең бастысы мұндай басқосулар шеберлік шыңдауға септігін тигізумен қатар әріптестер арасындағы достықты, бауырмалықты арттырды. Жанарбек Ақыбиұлы туған елдің тарихи орындарын суретке түсіру бақытына ие болғанына қатты толқып, киіз үйдің сыртында еңкілдеп жылап алғандығын жасырмады. Мұндай іс-шаралардың туризм саласына болсын, жастардың бойындағы патриоттық тәрбиеге болсын зор әсер ететінін сезіндік. Бұйыртса, биыл мұндай түсірілімді Ұлытауда жалғастырсақ деген жоспарымыз бар. Менің бұл бірлестіктің жұмысын жандандырудағы мақсатым пайда табу емес, ағалар аманатын орындау, елге қызмет көртсету. Бірлестік болашақта үлкен ұлттық агенттікке дейін көтерілу керек деп ойлаймын. 

- Бірлестік жұмысынан бөлек қазақ фотоөнерінде өзіндік із қалдырған ағаларымыздың шығармашылығын зерттеумен де айналысып жүргеніңізден хабардармыз...

- Осыдан екі жыл бұрын «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» деген фотоальбом дайындадық. Онда қазақ еліне фотография қалай келді, онымен алғаш кімдер айналысты деген тақырыптар төңірегінде мәліметтер жинақтадық. Алғашқы жинақты 12 аға буын өкілдерінің еңбегіне арнадық. Министр Мұхтар Құлмұхамед көптеген фотоальбомдардың ішінен осы жинаққа ерекше көңіл бөліп, оның мемлекеттік тапсырыс есебінен кітап болып шығуы керектігін айтты. Бұйыртса, ол қазан айында жарық көреді деген үмітіміз бар. Жинақтағы кейіпкерлеріміз, мәселен, Сайлау Пернебаев қазақ әдебиетіндегі көптеген ұлы тұлғаларды суретке алса, Дендірбай Егізов өмір бойы спорт саласының төңірегінде жүрген. Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов, Бекзат Саттарханов секілді спорт майталмандарының қайталанбас сәттерін тарихқа сурет етіп қалдырған. Ал, Жүнісбек Пайызовтың архивінде білім саласындағы мүйізі қарағайдай оқымыстылардың суреттері молынан сақталған. Осы фотоальбомның ішінде мемлекетіміздің осыдан 50, 60 жыл бұрынғы тарихы сурет болып сөйлейді. Онда кім жоқ десеңізші, Қажымұқан, Ыбырай Жақаев, Тоқтар Әубәкіров сынды әр саланың майталмандарының суреттері бар. Бұл тарих үшін өте қажет деп есептеймін. 

- Фотожурналистикаға әуестенген жастарға қаншалықты сапалы дәріс беріледі?

- Қазақ фотоөнерін оқып-білгісі келген жастар үшін, өкінішке қарай, қазақ тіліндегі оқу құралдары жоқтың қасы. Ұлттық кітапханадан өзім арнайы іздеп барғанымда сонау 1962 жылы жарық көрген «Фотосурет түсіруді үйрен» деген жалғыз кітапты кезіктіре алдым. Бұл кітапта да фотожурналистика жайлы мәлімет жоқ, тек фотосуретке арналған екен. Осы кітапты бастан аяқ қарап шығып, фотожурналистикаға қазақ тілінде оқулық дайындау мәселесі ойыма келді. Сөйтіп, қажетті мәліметтерді жинастырып, жақында «Фотожурналистика» атты оқу құралы жарық көрді. Ол көпшілік қауымға, әрі журналистиканы оқытатын оқу орындарының студенттеріне арналды. Бұл еңбегімде фотоның қалай пайда болғаны жөніндегі қысқаша тарихтан бастап оның Қазақстанға қалай келгені, қалай дамығаны жөнінде, фотоаппараттың құрылысы, фотографияның жанрлары, тағы да басқа көптеген мәліметтер айтылады. Бұл кітаптың әлі де жалғасы болады деп ойлаймыз. Осының аясында фотоәліппенің жобасын жасауға кірістік. Сурет әлеміне енді ғана қадам басқан жеткіншектерге арналатын фотоәліппенің шығуына «Бөбек» қоры демеушілік жасайтын болды. 

- Жалпы алғанда, қазақ фотожурналистикасының қазіргі деңгейін қандай дәрежеде деп айтуға болады?

- Бірден айту керек, қазақ басылымдарының көпшілігінің суреттері сапасыз болып шығып жатады. Кейбіріне, тіпті, жаным ашиды. Ғаламтордан алынатын суреттер жиі кездеседі. Қала берді ауылда бос жүрген адамның қолына фотоаппарат ұстатып, «мына шүріппені бассаң өзі-ақ түсіре береді, түнде тойда, күндіз газетте жүріп табыс тапсам болды» деген түсініктер қалыптасқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл ұлттық фотоөнердің  дамуына кедергі келтіретіні сөзсіз. Соңғы  екі Олимпиада ойынына да  Қазақстаннан қазақ таппағандай ұлты өзге суретшілердің барғаны барғаны өзекті өртейтін өкініш. Сонда өзіміздің ұлттық мамандар қайда? Ұлттық мүдде ұлықталатын әлемдік додаға не себепті өзіміздің қандастар бармасқа? Ірі-ірі деген ұлттық компанияларда да өзіміздің кадрлар отырса деген арманымыз бар.

Ертай Бекқұл: «Журналистің басты қаруы - білімі»
Манчестер университетінің студенті: «Ағылшындар Қазақстанды мұнайлы мемлекет ретінде таниды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу