Ертай Бекқұл: «Журналистің басты қаруы - білімі»
Белгілі журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ертай Бекқұл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қарымды қаламгер, облыстық, республикалық басылымдарда қырық жылдан астам уақыт тер төгіп келе жатқан әріптесімізбен мерейтой қарсаңында журналистиканың бүгінгі жайы туралы сұхбат жасаған едік. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.
- Ертай аға, асқаралы 60 жасыңыз құтты болсын дейміз! Белгілі ақын Бақытжан Алдияр ізбасар ақын інілерінің аяқ алысына алаңдап, сол туралы жазған «Артыма қарасам қорқамын» деген мақаласын біздің басылымда жариялағаны бар. Соңыңыздан келе жатқан іні-қарындастарыңыз туралы, жалпы бүгінгі журналистиканың жай-күйін ойлағанда, Сіз неден қорқасыз, нендей ой түйесіз?
- Рахмет. Журнлистиканың бүгінгі жай-күйін, әріптестерімнің беталысын ойласам, мені де толғандыратын мәселе көп. Біз екі дәуірді көрген адамбыз. Әр заманның өз талабы бар. Кеңес өкіметі кезінде жастардың кітап оқуға деген ықыласы жоғары еді. Көп оқыған адам әдебиетке, шығармашылыққа жақын болып өседі. Сол себепті ол кезде жазушылардың, қаламгерлердің шоғыры көбейді. Бір-бірімен жарыса жазып, кітаптарын шығарып жататын. Ал қазір олай емес. Бүгінгі жастар кітаптың бетін ашпайды. Көркем дүниеге деген қызығушылықтары төмен. Ал журналистканың іргетасы осы көркем дүниеге деген қызуғшылықпен қаланады емес пе? Сөйте тұра, қазір екінің бірі журналист болып алды. Газет те, журнал да көп. Алайда байқайсыз ба, сол басылым, телеарналарда қызмет істеп жүргендердің көпшілігі журналист мамандығында білім алмаған. Біздің кезімізде журналистерді дайындайтын бір ғана оқу орны болды. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті еді. Осы қарашаңырақты бітірген, бір топта оқыған үш қызметкер-- мен, Шойбек Орынбай, Асхан Майлыбаева «Оңтүстікте» істеп жатырмыз. Ал, облыста «Казгу»-дың журналистика факультетін бітірген жас мамандар мүлдем жоқ деуге болады. Неге? Неге отандық БАҚ-тарда өзге мамандық иелері жүреді? Себебі журналистика факультетін бітіргендердің арасында мамандық таңдауда адасып, бұл салаға кездейсоқ келіп қалғандар көбейді. Тілшілік қызметке тістері бастпайтынын білген соң, олар өзге салаға ауысып кетеді. Екіншіден, кадр даярлаудың сапасы да нашарлап кетті.
Жасыратыны жоқ, бүгінде журналистердің де қадірі қашып тұр. Біреуді қорқытып немесе мақтап жазып, ақша табатындар көбейді. Шынымды айтайын, мен осы кездері іс-сапарға шығуға да қорқамын. «Осы ақша сұрап келе жатыр ма?» деп, барғанымды дұрыс түсінбей қалады ма деп күдіктеніп тұрамын. Осындай жаман түсінікті журналистикаға көлденең келген көкаттылар қалыптастырды. Бұдан кейін қадіріміз түспегенде қайтсін?!
- Сіздің ойыңызша, журналистке қандай мінез жарасады?
- Қарапайымдылық. Өйткені журналистте министрмен де, қойшымен де, еден жуушымен де бір деңгейде сөйлесе алатын қасиет болу керек. Көкірек керіп, мінез көрсетіп, қырып-жойып жіберемін деуден аулақ болған жөн. «Шауып аламын» деп, мінез көрсету оның беделін түсірмесе, асырмайды. Журналистің басты қаруы-білімі. Журналист қай мамандық иесімен сөйлессе де, оның саласынан хабардар, көзі ашық болуы тиіс.
- Жасыратыны жоқ, бірақ бүгінде «журналист қасқыр болуы тиіс» деген түсініктің үстемдік құрып тұрғаны рас...
- Иә, онымен келісуге болады. Дені дұрыс бір мақала жазбай-ақ атақ-марапатты қырып алатындардың дәурені жүріп тұр. Журналисттік еңбек жолымда он редакцияда, республикалық басылымдарда меншікті тілші болып 20 жыл істедім. Мақтанғаным емес, ешқашан біреуден жұмыс сұраған емеспін. Университетті бітірген соң өзім студенттік іс-тәжірибеден өткен Қостанай облысындағы «Коммунизм таңы» газеті мені жұмысқа шақыртып алды. «Лениншіл жас» газетіне меншікті тілші болуға да редакцияның өзі қолқа салды. «Алматы ақшамы», «Халық кеңесі» газеттеріне арнайы шақыртумен бардым. «Шымкент келбеті», «Ақиқат-Истина» газеттерінде басшылық қызметтерді істедім. Жиырма жыл еңбек етіп жүріп, осы Шымкенттен шығатын тәуелсіз газеттерде қарапайым тілші болып еңбек еттім. «Мынау менің тақияма тар келеді» дегенім жоқ. Журналист бәрін көру тиіс дедім. Біреудің алдына түсу, біреумен таласу-тартысу менің табиғатымда жоқ. Мансап, атақты да ешкімнен сұраған емеспін. Шын жүректен берілген марапатты қабыл алып, бермегеніне қолымды созбаймын.
-Кеңес дәуірі мен бүгінгі журналисттердің әлеуметтік жағдайы туралы не айтасыз?
- Кеңес өкіметі кезіндегі журналистердің әлеуметтік жағдайы қазіргіге қарағанда әлдеқайда жақсы болатын. Мемлекеттің қамқорлығын көп сезінетін едік. Әсіресе, жолдамамен жұмысқа орналасқандарға көп жағдай жасалатын. Қостанай облысына жұмысқа жолдамамен орналасқаннан кейін алты айдан соң маған екі бөлмелі пәтер берді. Әлі үйленбеген кезім. Қазір ондай мүмкіндік бар ма? Ол кезде қаламақымыз да қомақты болатын. Шипажайларға жолдама беріп тұратын. Бұрын осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің барлық қызметкерлері арнайы емханада есепте тұрып, тегін емделетін. Бүгінде ол да өткен дәуірдің еншісінде қалды. Нарық заманы қолына қалам ұстағандарға оңай соғып тұрған жоқ.
- Жиырма жыл меншікті тілші болдым дедіңіз. Меншікті тілшіліктің жай-күйін сізден артық білетін адам жоқ шығар. Бүгінгі «собкорлардың» жұмысы қаншалықты өзгерді?
-Өзгеріс өте көп. Ол кезде меншікті тілшілер оқиғанының басы-қасына барып, мәселені кең көлемде зерттейтін. Жанды материалдар көптеп жазылатын. Біздің кезімізде тіпті диктофон да болмайтын. Жазған мақаламызды редакцияға жіберудің машақаты көп еді. Алматыдағы редакцияда стенографист деген маман болатын. Біз жазған мақаламызды телефонмен әлгі маманға оқып тұрамыз. Ол машинкамен теріп отырады. Компьютер, электронды хат алмасу дегенді естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ. Көрмей де кететін шығармыз деп ойлайтынбыз. Жоқ, соңғы жылдары ақпарат саласы өте жылдам дамып кетті. Қазіргі меншікті тілшілердің ақпарат алмасуы тез. Ғаламтордан кез-келген мәліметті ала алады.
- Журналистика саласындағы қырық жылдық еңбегіңізде өзіңізге терең із қалдырған ұстазым деп кімді атаған болар едіңіз?
- «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловты айтар едім. Ол кісі мықты редактор болды. Газеттің технологиясын жақсы білетін. Сосын тақырып қоюдың шебері еді. «Тақырып деген жарты мақала» дейтін бізге. Қарапайым мақаланың өзіне тақырыпты сәтті таңдап, дизайнін құлпыртып жіберетін. Сейдағаңнан көп нәрсе үйрендім.
- Ашық-жарқын сұхбатыңызға рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!