Арман Қани: «Мендегі медальдар отаршыл империяныкі емес, егемен елдікі»
– Баспасөзден, Сізді жақсы танитын азаматтардан білгеніміз, Жаяу Мұса арғы нағашыларыңыз екен. Қарқаралыдан шыққан атақты ақын Мәдимен де жақындығыңыз бар көрінеді. Әңгімені осыдан бастасаңыз. Бүгінгі ұрпақ осындай тұлғаларды қаншалықты бағалап, қаншалықты ескеріп жүр?
– Менің әжем Кәсіп – «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы», ал атам Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен аталас ағайын. Сондықтан біздің отбасымызда үлкендер осы екі бабамның рухты әндері: «Ақ сиса» мен «Қаракесекті» әуелете шырқап, солардың ерліктері жайында аңыз-әңгімелерді ақтарыла айтып отыратын. Ес жиып, етек жаба бастаған кезден халықтық педагогикаға негізделген отбасылық тәрбие көруім менің болмысымда қазақы мінез бен ұлтшылдық сезімнің қалыптаса бастауына ықпал еткен сияқты.
Ал қазіргі кезеңде ата-аналар айтқан әңгімелерге қарағанда телевизия мен интернет өнімдері: негізінен шетелдік көркем туындылардың, түрлі ойындардың балалардың санасына қатты ықпал ететінін ескерсек, олардың өз ата-бабаларының өмірбаяндарынан хабары тым аз болып өсуіне алғышарт жасалған деген ойдамын. Бір үміт күтерлік жайт, кейінгі кезде «Балапан» бағдарламасында ұлт қаһармандарының, тарихи тұлғалардың өнегелі тағдыр-талайы жөнінде мултьфильмдер көрсетілуде. Осы бағдарламарға мемлекеттік деңгейдегі үгіт-насихат әрі тәлім-тәрбие жұмыстары ретінде қарап, оның ауқымын мүмкіндігінше ұлғайтуға қол жеткізілуі керек. Нәтижесінде отбасыларда, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде туған ел тарихын, мәдениетін танып құрметтейтін ұлтжанды, мемлекетшіл ұрпақты қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалар еді деген үміттемін.
Ал үлкендердің Жаяу Мұса мен Мәди тәрізді тұлғаларды бағалауына келсек, олардың өр рухты әндері мен ән мәтіндерінің жазылу тарихын, ақын-композиторлардың өмірбаяны мен солардың кезіндегі қоғам болмысын байланыстыра қараған мамандар ғана тұлғалардың қадыр-қасиетін бағамдай алады. Ондай бесаспап жандар көп емес.
– Білуімізше, сіз де кешегі Қызыл империяның тұсында ұлтшылдығыңыз үшін комсомолдан шығарылып, біраз қуғын-сүргін көрдіңіз...
– Ертістің Кереку өңірі Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқандықтан, өзге өңірлерге қарағанда Ресей империясының басқыншылығына ертерек ұшырады. Кеңес үкіметі кезеңінде Тың өлкесі құрамына енгізіліп, байырғы тұрғындар орыстандыру саясатының зардабын да өзгелерден гөрі көбірек тартты. Тың игеру басталған 1954 жылдары туған біз – жергілікті қазақ балалары және тың игерушілердің балалары өсе келе ұлттық белгіміз ғана емес, ұлттық мүддеміз бойынша да үлкен айырмашылығымыз бар екенін түйсіндік. Кеңестік қоғамның «өркендеген социализм кезеңінде» қазақтардың құқын шектеп, орыстілділердің өмірін барынша көркейту саясаты табандылықпен жүзеге асырылды. Ұлттық теңсіздік білім мен тәрбие саласында, тіл, мәдениет, ономастика, көші-қон саясаттарында айқын байқалды. Нәтижесінде орыстілділердің саны күрт өсті де, біз өз жерімізде азшылыққа айналдық. Есейе келе орыстілді ортада ұлттық кемсітушілікке ұшырадық. Коммунистік режим жағдайында ұлттық мүддені ашық айтуға жол берілмейтін.
«Енді не істеу керек?» Осы ой ақыры Мәскеудегі қазақ студенттері құрған «Жас тұлпар» ұйымы сияқты саяси ұйым құрып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек деген байлам жасатқызды. Біз сөйтіп, 1969 жылы Павлодар қаласында, өзіміз оқитын №3 мектеп-интернатта «Жас ұлан» атты жасырын ұйым құрдық. Оның іс-әрекеттері көрнекті журналист Жанболат Аупбаевтың «Sos» белгісі» атты зерттеу мақаласында жан-жақты баяндалғандықтан, бұған тоқталмай-ақ қояйын.
«Жас ұланды» 1970 жылы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әшкереледі де, ұйымның жетекші құрамы түрлі жазалау шараларына ұшырады. Мысалы, ұйым жетекшісі болған маған «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел саяси қателіктері үшін» деген айып тағылып, комсомол қатарынан шығарылдым, оқу-үлгерім табеліме тәртібі «3» деген белгі соғылып, «өз еркіммен» мектептен қуылдым. Сындарлы кезде мектеп-интернаттың жалпы жиналысында, комсомолдар жиналысында, ата-аналар жиналысында, педагогтар кеңесінде, қалалық комсомол комитеті бюросында біздің сағымызды сындырып, жігерімізді мұқалту мақсатында айтылған жеке басымызды қорлау, табалау сөздерін есту оңай емес еді. Бір мұғалім тіпті: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып өз қолыммен ататын едім!!!» – деп айбат шекті! Сынып жетекшіміз Ғазиза Рамазанқызы Әбжанова мен тәрбиешіміз Зұлқия Смайылқызы Көшімбаеваны да моральдық-психологиялық соққының астына алды.
Жергілікті партия ұйымы бізден кейінгі оқушылардың мысын басып отыру мақсатында №3 мектеп-интернаттың дәл алдына №35 орыс мектебін салдырды. Сөйтіп, жер-жерден интернатқа жиылған қаракөздердің жергілікті орыс балаларынан күн сайын теперіш көріп жүруіне қасақана жол берді! Бірақ осы оқу орны бертін, егемендік кезеңінде қазақ мектебіне айналды!
Жазалау шарасы саяси қысымшылыққа ұласқаны біртіндеп байқалды: білім алу құқым шектелді, жариялану құқыма да қол сұғылды, «КГБ-нің қара тізімінде тұрған саяси сенімсіз адамның өлеңдерін газетке жариялау – саяси қателік» деген «уәж» айтылды. Осы себепті орта мектеп пен жоғары оқу орнын өз құрбы-құрдастарымнан көп кейін сырттай оқып бітірдім. Ақыры, үйреншікті қара жұмыспен қимай қоштасып, журналистика саласына келдім.
Дегенмен жазалаудан да, қудалаудан да сағым сынған жоқ, 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардаң талап-тілегіне Керекуде бір топ серігіммен үн қосуға әрекеттендім, 1989-1990 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымдарының іргетасын қаласып, іс-әрекеттерін жүзеге асыруға атсалыстым. Әлі де өңірдің саяси, мәдени, қоғамдық өміріне белсене араласудамын.
– Жазушылар Одағының Павлодар облыстық филиалын басқарасыз. Кешегі кеңестік одақ пен бүгінгі одақтың арасындағы айырмашылық қаншалықты?
– Айырмашылық көп. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан Жазушылар одағы Коммунистік идеологияның көрнекті саяси орталығы тәрізді еді. Қазақ жазушыларының мойнына «социалистік реализм» әдісімен «түрі ұлттық, мазмұны социалистік әдебиет» жасау міндеті жүктелді. Осы үдеден шығып, әдебиеттегі коммунист идеологтарға айналған жазушылар құрмет-қошеметке бөленіп, материалдық-рухани құндылықтардың игілігін көрді. Ал «қызыл шеңберге» сыймағандары темір тордың ар жағына тоғытылды немесе әдебиеттен аластатылды. Дегенмен, кейбір жазушылар туындыларын түрлі әдіс-айла арқылы цензура тосқауылынан өткізіп оқырмандардың назарына ұсына алды.
Жасөспірім кезімізде Жұмекен мен Шәмші ағаларымыздың «Менің Қазақстанымын» әнұрандай шырқадық, шынында да, бұл ән бертін мемлекеттік гимнге айналды. Ілияс Есенберлиннің Кенесары ханның көтерілісі жайындағы «Қаһар» романы, Олжас Сүлейменовтың ұлттық өрнекпен жазған өлеңдері жастардың ұлттық намысының оянуына күшті ықпал етті. Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» романы кеңестік идеологияға үндес жазылса да, одан Мұстафа Шоқайдың мұрат-мүддесін танып біліп, тарихтың ақ таңдақтарындағы күрделі тарихи оқиғалардың сұлбасын аңғардық. Олжастың «Аз и Я»-сы кеңестік қоғамда қазақтардың ғана емес, жалпы түркі халықтарының ұлттық рухын көтерді десем, артық айтқандық емес.
Сондай қиын кезеңде ұлт үшін пайдалы туындылар тудыра алған қаламгерлердің толағай талантына,терең біліміне, қайсар мінезіне тәнтімін.
Рас, қазіргі Жазушылар одағы кеңестік кезеңдегідей жазушылардың материалдық-қаржылық қажеттіліктерін толық өтей алмайды. Дегенмен қаламгерлерді жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету, кітаптарын шығару, қаламақыларын төлеу, денсаулықтарын сауықтыру, еңбектерін құрметтеу тәрізді мәселелер біртіндеп шешілуде. Солай бола тұра, одақ жетекші партияға, өзге де саяси құрылымдарға тәуелді емес. Цензура жоқ, жазушыларға толық еркіндік берілген. Қандай тақырыптарға жазу, қалай жазу, кімдерді мадақтау, кімдерді сынау – әркімнің жеке ісі, тек заң шеңберінен шықпауы керек. Сондықтан шығар, халық та, билік те одаққа оң көзқараста.
Тіпті біздің облыс басшылығы тарапынан да өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының жаңадан ашылған облыстық филиалының тоғыз мүшесіне бірдей құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің стипендиясы табыс етілді, барлығының дерлік кітаптары шығарылды.
– Өзіңізге белгілі, жуырда Одақтың төрағасы Нұрлан Оразалин Сенатқа депутат болып кетті. Енді оның төрағалығы туралы әркім әрқилы пікір білдіріп жатыр. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
– Қатардағы жазушыдан гөрі төрағаның депутат болғаны дұрысырақ деген ойдамын. Өйткені төраға депутатқа артылар жауапкершілік ауыр, қойылар талап та күшті болмақ. Әрине, парламентте Жазушылар одағының басшысы сол одақтың жағдайын жақсартып, жазушылардың мәртебесін жоғарылату мақсатын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтініне сенемін.
– Жазушының бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы сұрасам, бұл тым жалпылама болып кететін шығар. Дегенмен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдірсеңіз. Жазушы ретінде өзіңізді не толғандырады?
– Бұхар, Үмбетей тектес жорықшы жыраулар, Махамбет, Нысанбай тәрізді көтерілісші ақындар, Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан секілді Алаш қайраткерлері аңсаған азаттыққа біздің буын қол жеткізіп, еліміз тәуелсіздікке ие болды. Қазіргі қаламгерлер егемендікті көздің қарашығындай сақтауға, мемлекеттің іргетасын бекемдей түсуге, ұлттық, мемлекеттік идеологияны жүргізуге барлық дарын қуатын сарқа жұмсауға тиісті. Егемендіктен айрылсақ – жерден, тілден, діннен, ділден, дәстүрден – барлығынан айрыламыз!
Жаһандану заманындағы мемлекетіміздің тағдыры, мемлекетқұраушы ұлтымыздың тағдыр-талайы мені де толғандырып, өзге мемлекетшіл, ұлтшыл жазушылардың да көңілін алаңдатады.
– Қазір «Ертіс дидары» газетінде редактор, «Найзағай» журналында жауапты хатшы қызметін атқарады екенсіз. Жалпы қазақтардың үлесі 40 пайызды ғана құрайтын (сол 40 пайыздың қаншасы таза қазақ екенін білмедік) Кереку өңірінде қазақ баспасөзінің халі нешік?
– Жергілікті қазақ баспасөзі өнімдері кеңестік кезеңмен салыстырғанда таралым жағынан да, сапа жағынан да айтарлықтай өсті. Мәселен, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің таралымы кеңестік кезеңде «Қызыл ту» деген атпен шығып тұрғанда 2500 дана ғана болса, қазір бір нөмірі 17 мың данамен таралуда, апталық таралымы 47 мың данадан асады. Бұған қоса облыс орталығынан «Найзатас» журналы, «Шаһар», «Ертіс дидары», «Регион.кз» газеттері шығады, сондай-ақ қалалық, аудандық газеттер мен әрбір жоғары оқу орнының өз басылымдары бар.Бұл қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейе түскендігін көрсетеді.
– Өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың арасында Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткішіне қатысты түсінбестік туындағанын баспасөзден біліп отырмыз. Бірақ бұл мәселе оң шешімін тауыпты. Биыл Шәкен Аймановтың 100 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығы облыста кең көлемде тойланатын болып отыр. Жалпы жаңадан әкім болып келген Қанат Бозымбаев ұлтжанды азамат ретінде танылған. Десек те, зиялы қауым өкілі ретінде облыс басшысына ұлттық мәселеге қатысты қандай аманат арқалатқан болар едіңіз.
– Шетел саясаткерлері мен өзіміздің ұлт патриоттары, қоғам белсенділері біздің жоғары билікті отарсыздандыру саясатын жүргізбеді, соның салдарынан мемлекетқұраушы ұлт өзін әлі де бодан халық сияқты сезінуде, – деп сынауда. Бұл сын отаршылдық езгіні көбірек тартқан Ертістің Кереку өңірі сияқты аймақтарға байланысты айтылған сияқты. Тұрғындарының 90 пайызы қазақтар болып табылатын Сыр бойына немесе Маңқыстауға қарағанда біздің өңірде шешілмеген ұлттық мәселе көп. Дегенмен облыста атаман Ермак мүсінінің құлатылуы,Ермак қаласының атауы өзгертілуі, Павлодарда Куйбышев, Калинин, Дзержинский сияқты қызыл комиссарлар атындағы көшелерге қазақ зиялыларының есімдерінің берілуі, Ленин ескерткішінің алынып тасталып, Сұлтанмахмұтқа, Сәтбаевқа, ашаршылық құрбандарына, саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіштер орнатылуы, орталықта тұғыр үстіне қойылған кеңес танкісінің ашық мұражайға апарылуы, қазақ балабақшалары мен мектептерінің, мешіттер мен медреселердің салынуы, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің ашылуы, қазақ басылымдары мен қазақ тілін қолданушылар санының артуы тәрізді мәдениет, тіл, ономастика, білім беру саясаттарындағы игі істер жүзеге асырылды. Мән-мағынасы жағынан отарсыздандыру саясатымен орайлас келетін, мемлекеттілігіміздің іргетасын бекемдей түсетінін мұндай саяси, мәдени шаралардың қайсысы қандай әкімнің тұсында жүзеге асқаны жұртшылықтың жадында сайрап тұр. Бұл іс жүйелі жалғасын табуы керек. Жаңа әкім осы мәселеге назар аударса деймін.
– Сіздің Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты жазған өлеңіңізді оқып, қатты тебіренген едік. Жалпы, өлеңдеріңізде өр рух бар. Мына билікке, саясатқа жақпай қалатын тұстары да көп. Мұны айтып отырған себебім, билік тарапынан қаншалықты бағаланып жүрсіз? Алматыда, Астанада емес облыста жүрген ақынға лайықты құрмет көрсетіліп жатыр деп есептейсіз бе?
– Кеңестік кезеңде мен өзім дүниеге келген өңірде қоғамның өгей ұлы тәрізді күн кештім. Бейресми дерек көздеріне қарағанда, 1970 жылы Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Буров Иван Михайлович «Жас ұлан» ұйымына жетекшілік еткен мені және бірнеше үзеңгілес серігімді бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаевқа ұсыныс жасапты, бірақ ол кісі келісімін бермей, біздің өмірімізді сақтап қалған көрінеді.
Жігіттік шағымда өзімнен жасы үлкен, мансабы жоғары шығармашыл жерлестерімнің арасында оқырмандарға менің қаламгер ретінде танылуымды қаламайтындары байқалды. Өмірбаянында «озат оқушы – үздік студент – білімді маман – білікті басшы» деген кілең әдемі сөздер ғана жазылып, алғыстары мен марапаттары көрсетілген «құнды» кадрлар сол кездің өзінде жез кернейдің өңешінен өтіп үлгерген, қызмет, атақ дегендерді қаперіне алмай, бойындағы қажыр-қуатын қара жұмыспен қатар қоғамдық істер мен шығармашылыққа арнаған маған үрке қарады. Бірақ, бақытыма орай, менің өлеңдерім қазақтың көрнекті ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаевтың назарына ілініп, жолым ашылды.
Егемендік кезеңінде облыс басшылығынан жамандық көргенім жоқ, әкімдердің қайсысы болса да маған азды-көпті қолдау көрсетті. Нәтижесінде, жайлы пәтерге ие болдым, жыр жинақтарым жарық көрді, облыс әкімінің «Әдебиетші» номинациясы бойынша грантын, степендиясын алдым, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталдым. Жуырда өткен 60 жылдық мерейтойыма облыс әкімі Қанат Бозымбаев арнайы қатысып, құттықтады. Маған берілген белгілер мен медальдар отаршыл империяныкі емес, егемен елдікі, сондықтан қымбат!
Солай бола тұра, шығармашылық адамдарының арасында бұрын мен жөнінде «Бұл ұлт араздығын қоздырушы», «оппозиционер» деп қауесет таратқандар енді «Бұл билікке сатылған, халықтан теріс айналған адам» деген сыпсың сөздер таратуда. Бірақ мен тұрмыс тауқыметін тартып жұмыссыз жүргенімде әлгілердің бірде-бірі келіп қол ұшын созған жоқ еді. Короленко көшесіндегі базарда жеміс-жидек, көкөніс сатушы саудагерлерге жүкші болып жалданып, күндік несібемді тауып жүрген кезімде олар жұртшылыққа «танымал ақын» атанып, редакциялар, университеттер, мемлекеттік мекемелердің кабинеттерінде отырды. Олардың ешқайсы балаларының: «Әке, үйде нан бар ма?» – деген сөзін ешқашан естіген емес. Дарынсыздығын лауазымдарымен бүркемелеген сол «халтурщиктердің» ныспыларын енді атаудың қажеті жоқ, өйткені әдеби қауым оларды жадында сақтамағандықтан, бәрібір еске түсіре алмайды.
Осы тұста реті келген соң айта кетейін, қазіргі кезде тапшылықтан құтылғаныммен, тоқшылық деңгейіне қолым жеткен жоқ, әйтеуір кредитімді ай сайын дер уақытында жауып отыруға жағдайым бар, соған тәубе деймін. Есесіне, белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері маған ілтипатпен қарайды. Олар менің әкім-қаралардың көңіліне қарамай ойымдағыны ашық айтатынымды білетіндіктен, «Қалай, қудалау көріп жүрген жоқсың ба?» – деп сұрайды хабарласқан шақтарында. «Заман да, қоғам да біздікі, ендеше мен неге қудалауға ұшыраймын?!» – деп жауап беремін.
Өз басым тәуелсіз мемлекетіміздің билігін жау санаған емеспін. Егемен елдіктің, мемлекеттілігіміздің баяндылығын билік пен халық бірлесіп қамтамасыз етуге тиіс деген ойдамын. Онсызда арамызда қой терісін жамылған қасқырлар жүр. Патшалық-кеңестік империя дәуірін көксейтіндердің айтқанына бас шұлғысақ, өз еркімізбен егемендіктен бас тартып, солтүстіктегі көрші мелекеттің құрамына кіруіміз керек...
Біздің өңірде шовинистік пиғылдағы топтардың ұлттық идеологияның, тіл саясатының жүргізілуіне орыстілді тәуелсіз БАҚ арқылы, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы кесе-көлденең тұрғысы келетіні жасырын емес. Облыс басшылығы солардың ықпалында түсіп кетпесе екен деп тілеймін. Бойында қазақ қаны бар немесе қазақстандық патриотизмді әспеттейтін әрбір азамат Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға шама-шарқынша атсалысуы керек деп білемін.