Сәуле Жанпейісова: «Кездесуге келемін деп «ұры» атанып қайтты»
Анам екі жастан асқан шағымда өмірден өтті. Артында қалған үш қыз, бір ұл әжеміздің тәрбиесінде өстік. Ауыл ішінде «қарақасқыр» атанып кеткен әжеміз өте қатал, адуынды адам еді. Дегенмен бізден қамқорлығын аяған емес. Ауылдың шетінде үлкен бау болатын. Онда алма, алмұрт, жүзім, қауын-қарбыз, қияр, қызанақ бәрі-бәрі өсетін. «Тәті ата» дейтін қария сол бақты жалғыз өзі өсіріп, баптайтын. Ауылдың адамдары қариядан жеміс-жидек сұрауға құмар еді. Жарықтықтың қолы ашық болатын. Ешкімнің көңілін қалдырмай, жемістерін тегін таратып жүретін. Ал ауылдың тентек балаларына баққа ұрлыққа түскен қызығырақ қой. Ондайда Тәтті ата мылтығына тұз салып «ұрыларды» шетінен ататын. Әпкелерім алма жегісі келдіп, інім екеумізді бірде баққа жіберді. Жайқалған ағаштардың ортасына кіріп алып екеуміз қорқып тұрмыз. Бір кезде қожайын бізді байқап қалып, мылтығын ала жүгіріп «Кетіңдер, әйтпесе атам» деді. Екеуміз дірілдеп бір-біріміздің арқамызға тығылып жатырмыз. Арғы жақтан шалдың кемпірі жүгіріп шығып «Қой, кішкентай балалардың зәресін ұшыра берме, сұрағандарын бер» деді. Атамыз орнынан қозғалмай тағы да бізге қарап «Атам!» деді. Сол кезде оның қалжыңдап тұрғанын біліп қойдым. Ол қарқылдап күліп алды да, дорбаға толтырып алма және қолымызға екі қауын ұстатып жіберді. Үйге мен бақтың арасы кәдімгідей алыс. Жолда інім екеуміз шаршап, жылағанымыз есімде.
Жетінші сыныпта сыныптас баланың үйіне күндіз «вечер» ұйымдастырдық. Түнде жасауға ешкім рұқсат бермейді ғой. Бәріміз билеп, ойнап көңілді қайттық. Ертесіне мектеп директорының орынбасары Абай ағай қайдан естіп қойғанын білмеймін, әйтеуір, сабақ үстінде «Кеше «вечерге» барған оқушылардың барлығы тақтаға шықсын» деді. Бес алты оқушыдан басқамыздың барлығымыз сүмірейіп, ұрыс естуге шықтық. Отырғандар бізде қарап жымың-жымың етіп қояды. «Ал кеше не істедіңдер?» деді ағай. Сыныптың старостасы болған соң мен «Биледік» деп жауап бердім. «Қандай би биледіңдер?» деп тағы шүйлікті. «Твист» дедім. «Тағы қандай?». «Современный» деген едім, Абай ағай мырс етіп күлді де, «Жарайды, отырыңдар. Бірақ, сендерге мұндай кештерді жасауға әлі ерте» деп ескерту жасады. Қоңырауда сыныптастарымның бәрі «Жаңа не дедің? деп мені қоршап алды. Сөйтсем «современный» деген сөзді ағай екеумізден басқа ешкім түсінбепті ғой.
Бәрінен де алғашқы махабаттың машақаты қызық емес пе?! Маятас ауылындағы мектеп сегіз жылдық болатын. Тоғызыншы, оныншы сыныпты ауылдың орталығындағы Жайылма ауылына барып оқыдық. Сыныптағы сол ауылдың Қуан деген жігіті маған қырындап жүріп, бір күні кешке үйге келіпті. Аулада тұрып ысқырып қоймайды. Мен үйде үлкендер көріп қоймасын деп қолыма шелекті алдым да сыртқа шығып «Кет, неге келдің?» деп қайтаруға тырыстым. Бір кезде ауылдың бүкіл жігіттері біздің жанымызға жиналып қалды. Өздерінше бөтен ауылдың жігітіне қыр көрсетейін деген түрлері ғой. Қуанға қарап ішіндегі біреуі «Ей, сен, бері кел» деді. Менің зәрем ұшты. «Барма, олар сені өлтіреді» дегеніме қарамастан, Қуан сонда қарай жүріп кетті. Ал мен үйге кіріп кеттім. Ертесіне біздің үйдің тауықтары ұрланды. Милиция қызметкері келіп, бүкіл ауылдың адамдарын сұрақтың астына алды. Кешегі топырлап жүрген жігіттер кешкісін біздің үйге Қуанның келгенін айтыпты. Қуан ешқандай тауықтарды ұрламағанын, маған келегенін айтып әрең түсіндірді. Сөйтсек тауықтарды ұрлаған ауылдың жігіттері екен. Олар бөтен ауылдың баласын ұрып-соғуымен қоймай ұрлықты соған жауып жебермек болған екен. Сөйтіп Қуан мені көремін деп, таяқ жеп, әрі «ұры» атанып қайтты.