Арман Оспанов, самбодан әлем чемпионы: «Қажымұқанға жетер мықты жоқ»

Oinet.kz 05-12-2013 809

Бұған дейін оңтүстікқазақстандық Арман Оспановтың  Санк-Петербург қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында топ жарған еді. Бұл облыс спортының тарихындағы тұңғыштардың тізіміне тіркелетін тамаша факт.  Арман тек самбо емес спорттың бірнеше түрін меңгерген нағыз сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Ол  әскери самбодан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және Әлем кубогының күміс жүлдегері, Панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегері,  ережесіз жекпе-жектен Халықаралық жарыстың чемпионы, Джиу-джитсудан Азия чемпионы атанған. «Алаш Прайд» кәсіпқой клубының мүшесі, спорт сүйер қауымға «Сұңқар» атты лақап атымен танымал. Ресейден олжалы оралған Арманмен тілдесудің сәті түсіп еді.

photo_171227.jpg

- Арман, Әлем чемпионы болуыңмен құттықтаймыз. Самбодан басқа спорттың бірнеше түрін серік етіпсің...

- Туып өскен жерім Төле би ауданында төртінші сынып оқып жүргенімде қазақ күресімен  шұғылдана бастадым. Білікті бапкер Жанпейіс Жабаев ағамыздың қолында жаттығып, дзюдо, самбомен де айналыстым. Спорт шебері нормативін орындадым. Алтын ұямен қоштасқан соң жоғары оқу орнына түсіп, сол арада үйленіп, отбасылы болдым. Екі жылдай күн көрістің қамымен спорттан қол үзіп қалдым. Кейіннен тұрмыс-тіршілік түзеліп, боз кілемдегі белдесуге қайта оралдым. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда жаттығып, жекпе-жек түрлерімен, оның ішінде  джиу-джитсу және қоян-қолтық айқаспен де  айналыстым. Қазақ елінің атынан бірталай жарыстарға қатысып, жеңіс  тұғырынан көріндім. Ал ережесіз жекпе-жекке ден қоюыма   «Алаш-прайд» клубының басшылары  себепші болды. Қабілетімді байқаған олар ұсыныс жасады. Мен келісімімді беріп, жаттығумен үздіксіз айналыса бердім. Алғашқы сайыстарда жеңіліс тапқаныммен төрт кездесуде жақсы нәтижеге қол жеткіздім.  Алматыда өткен жарыста молдовалық Михаил Цырбо мен шешенстандық Руслан Худаевты нокаутқа түсірсем, әзірбайжандық Вугар Мамадзадеден ұпай санымен басым түстім. Сочидегі жарыста да қарсыласымды айқын басымдылықпен ұттым.

- Көпшілікке таңсық болып тұрған джиу-джитсудың ерекшелігі неде?

- Бұл спорттың түрі біздің облысымызда пайда болғанына небәрі екі жылдай уақыт  болды. Джиу-джитсу жапондардың қарусыз өзі-өзі қорғану өнері. Әскери самбомен ұқсастықтары көп. Ереже бойынша жекпе-жек барысында қылқындыру, ұру, лақтыру әдістерін қоладана аласың. Қазір  джиу-джитсумен шұғылдануға ниет еткен жастардың қатары көбейіп келеді.  Елімізде Қазақстан джиу-джитсу ұлттық   федерациясы да бар.  Санаулы  уақыт ішінде осы спорт түрінен біраз чемпиондар шықты. 

- Әлем чемпионатында қарсыласың Руслан Гасанхановтың боз кілемнен жекпе-жекті тастап кеткені саған қалай әсер етті?

- Жарыстың алдында Ресейдің палуаны жайлы біраз ақпараттарды жинадым. Оның ұру, қорғану тәсілдерін біліп, одан қалай қорғану керектігін, айламды асыру үшін біраз жаттықтым. Сайыста оны айқын басымдықпен ұтып келе жаттым. 7:3 есебіне жетіп, жекпе-жектің аяқталуына 23 секунд қалғанда ол боз кілемді тастап кетті. Жеңілісін мойындағысы келмеген болу керек, қазылар алқасының қойған бағаларына наразылығын білдірді. Бірақ төрешілер әділ шешім қабылдап, жеңісті маған берді. Гасанхановтың әрекеті маған ешқандай кері әсерін тигізген  жоқ. Ол өзінің тәкаппарлық мінезімен осындай қылық көрсетті деп ойлаймын. Ал чемпионатқа Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың арнайы қатысқаны біздің спортшыларға қуат бергендей болды. Үлкен жауапкершілікті сезініп, қазақ елінің көк байрағын желбіретуге барымызды салдық.    

- Әр адамның үлгі тұтатын, еліктейтін тұлғасы болады. Сен кімді үлгі тұтасың?

- Жас кезімде  Брюс Лидің фильмдерін көріп, сол секілді мықты болуды армандадым. Ер жеткен соң кәсіпқой палуандар, аралас жекпе-жектің шеберлері Андерсон Силва, Рэнди Кутюрге еліктедім. Әлемде талай мықтылар болса да қазақтың күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовқа ешкім тең келмейді деп ойлаймын. Менің өмірдегі үлгі тұтатын тұлғам  осы Қажымұқан атамыз.

- Спорттан басқа немен әуестенесің?

- Шынымды айтсам қазір жаттығулардан қолым тие бермейді. Бос уақытымның барлығын жарым Жансая,  Ақнұр және Көркем есімді қыздарыммен өткізуге тырысамын. 

- Жас болсаң  да спорттың біраз белестерін бағындырып үлгердің. Енді алдағы уақытқа не жоспарлап отырсың?   

- «Генерал болуды армандамайтын солдат болмайтыны» секілді чемпион болуды армандамайтын спортшы жоқ шығар. Алдағы уақытта  бұған дейінгі  жеңістерге  тоқмейілсімей, қазақ ұлтының мықты екенін жер-жаһанға мойындатқызып,  ел   мерейін өсіру жолында аянбай күш-жігерімді жұмсауды жалғастыра берсем деймін. 

- Ендеше тілегің періштенің құлағына шалынсын дейміз. 

Манчестер университетінің студенті: «Ағылшындар Қазақстанды мұнайлы мемлекет ретінде таниды»
Дана Молжігіт: «Германияда студент ұстазымен жанашыр досындай сырласады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу