Қуандық Шамахайұлы: «Жұбайымды іссапардан «олжалап» қайтқанмын»

Oinet.kz 29-01-2014 830

Screenshot_1.jpg

Қуандық Шамахайұлы, әдебиеттаншы ғалым,журналист   

Айша екеуіміз алғаш 1994 жылдың 5-қаңтарында қақаған, аязды күні танысқан едік. Бірақ, көңіліміздің ыстығы қырық градустық аяздың бетін қайтарардай, ақ қар, көк мұзды  жібітерліктей шынайы әрі сәулелі болғанын ерекше айтып өтейін.   

Мен Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде тілші едім. Журналистік іссапармен жолға шыққан бетім. Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударып келгеніме небәрі төрт ай болған. Жаңа қоныс, танымайтын-білмейтін жер. Баруға тиіс ауылым Байқоңыр деген өлкенің ең қиыр шетіндегі совхоз. Алдымен аудан орталығы Жезді кентіне келдім. Аудандық әкімдікте болып, мән-жаймен танысқан соң газет редакциясын іздедім. Ондағы мақсат редакциядағы әріптестермен танысып, ел мен жердің жайын білу ғой. Аудандық «Жезді өңірі» газетінің бас редакторы Бақыт Сейітжановпен әңгіме дүкен құрып отыр едік, редакцияда істейтін жігіттердің бәрі сонда жиналып қалды. Ескі таныстарша қауқылдасып отырмыз. Жалпы, адам жатырқамайтын, жұртпен лезде тіл табысып кететін әдетім бар. 

Сөйтіп отырғанда, мен баратын ауылда туып, өскен бір журналист қыздың осы редакцияда істейтінін және ол таяуда ғана сонда барып келгенін бас редактор айтып қалды. Сол-ақ екен, орынбасары «қане, жүр, мен таныстырайын» деді. 

Кабинетте бітім-болмысы аса сымбатты, өзі сәнді киінген, қою қара шашы мен қасы және тұп-тұнық қос жанары алдымен менмұндалап көзге түсетін аққұба қыз отыр екен. Екеуімізді таныстырған соң әлгі орынбасар шығып кетті де оңаша қалдық. Таң қаларлығы, бір бірімізді еш жатырқаған жоқпыз. Айшаның өзін ұстауы, байыптылығы, сөйлеудегі дауыс ырғақтылығының әуезділігі, қарым-қатынастағы жоғары мәдениеті бірден ұнады. Жүріс-тұрысынан аңғарғаным, бойы сұңғақ бола тұра нәзік, аппақ жүзінде сұлулықпен қатар болмашы тәкәпарлықтың ба, әлде, тектіліктің бе, белгісіз бір құпия нышаны бар...  Қысқасы, бір көргеннен-ақ, құлай сүйіп ғашық болдым. Ол да мені қатты ұнатқан секілді... Сол жолғы іс сапардан не жазып, не қойғаным есімде жоқ. Ең үлкен олжам – қазіргі жарым Айша Құрманғалиқызы Тұрмағанбетова болды.   

Айша өте адал жан. Сондай-ақ, қанағатшыл, барды бағалай біледі, үнемшіл болғанымен сараңдығы жоқ, имандылық құндылықтарды барынша қастерлейді. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған шаңырақпыз. Ұлдың тұңғышы Берік университет бітіріп, инженер-технолог мамандығы бойынша еңбекке араласа бастады. Екінші ұлымыз Еламан колледжде білім алып жатыр. Ал, кенжеміз Айбибі үшінші сыныпта оқиды. Оқу үлгерімі өте жақсы, көркем әдебиетке құмар. «Балдырған» журналының тұрақты оқырманы әрі өзі жазған әңгімесін де жариялатып жүр. 

Нұрлан Өнербаев: «Биатлоннан жүлдегер атандым»
Мәдина Ермаханбетова: «Аурухана мен емхананы біріктіру көп кедергіні жойды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу