Нұрлан Өнербаев: «Биатлоннан жүлдегер атандым»
Нұрлан Өнербаев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым таудың бөктерінде, табиғат аясында өтті. Биыл мектепті бітіргеніме 40 жыл толыпты. Уақыт деген бір орында тұрмайды, алайда бала күнімдегі достарыммен әлі де сол кездегі арман қуған балалар сияқты араласып келеміз.Таңертең ерте тұрып ойын қуып үйден кетіп, кеш бата ойыннан шаршап келіп ес білмей ұйықтайтынбыз. Бірге доп теуіп, бірге төбелесіп, қайтадан татуласып жүретінбіз. Менің балалық шағым есте қаларлықтай тамаша сәттерге толы болды.Қазір түсініп отырмын балалық шақ - бір рет ғана келетін, қайта оралмайтын, сағына еске алатын ғажайып әлем іспеттес екен.
Ауданымызда Сәкен Сейфуллин атындағы колхоз болатын. Онда үш ірі ауыл бірігіп жұмыс істеді. Сол үш ауылдың ұл-қыздары бір мектепте білім алдық. Мектебіміз өзеннің арғы бетінде орналасқан болатын. Сол өзеннің көпірінен өтіп баратынбыз. Біз үшін қызықтың бəрі қыста басталатын. Ерте күзде əкелеріміз керзі етік алып беріп қоятын… Қысқа дейін ол етік киіле-киіле, шаңғы сияқты сырғанайтындай болады. Содан қыс түседі, қар жауады. Мектепке барар жолда өзеннің сайына түсіп, сырғанаймыз.Кейде сабаққа кешігіп қаламыз. Сабақ арасындағы бес минуттық үзілісте де сырғанаққа шығамыз. Үйге қайтарда да сырғанақтың қызығына батамыз. Етігіміз қатқан мұздан басы қайқиып, аяғымыздан шешілмей қалады. Сонда əжеміз жарықтық аяғымызды созғызып, пештің жанына отырғызып қоятын. Етік əбден жылып, мұзы ериді. Ал суға шыланып, ақжем боп кеткен аяғымызды майлап, орап, əжеміз əлек болатын. Негізі мен әжемнің баласы болып өстім. Әжем- Сейдінкүл ауылда абыройлы, елге сыйлы жандардың бірі еді. Тіпті, бірде-бір жиын әжем келмей басталмайтын. Мен үшін әжемнің орны ерекше. Отбасымызда он ағайынды едік. Барлығымыз сегіз ұл, екі қыз әжеміздің тәрбиесін алып өстік.
Балалық шақ десе маған бірден мектеп кезім есіме түседі. Әлі есімде біздің мектеп Алғашқы әскери дайындық пәнінен республикалық олимпиададан бірінші орын алды. Сонда біз Алматы қаласына барып, арнайы форма тіктіріп 28-гвардияшыл-панфиловшылар саябағын қорғау мәртебесін абыроймен атқарып шықтық.Өз басым жастайымнан спортқа бейім болып өстім. Соның ішінде жеңіл атлетикаға. Спортқа бейім болуым бапкерім Камалдың арқасы. Камал ағай бізді биатлоннан жарысқа қатыстыратын, жүлделі орындарды иемденіп келген күндер де болды. Күнде егістікті айналып жүгіріп жаттығатынбыз. Спорттан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене қатыстық. Мектепте іс-шаралар болып жатса міндетті түрде ән салатынмын. Сол уақыттан бастап ән салып көзге көріне бастадым. Ән сабағынан білікті ұстаздарымыз бар еді. Қазір олар ардагер ұстаздар қатарында. Адам қанша жыл өмір сүрсе де, ең ұмытылмайтын сәттер болып мектепте өткізген уақыт деп ойлаймын. Әрине ол ұстаздардың арқасында. Сондықтан да бізге білім берген мұғалімдерге ризашалығымды білдіремін.