Алмат Қожахмет: «Адам арманды жоспар деп есептегені жөн»

Oinet.kz 28-11-2017 1167

Screenshot_5.jpg

Алмат Қожахмет, таэквондодан Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері

Қазақ жастары жекпе-жек түріндегі спорттарға бейім. Бұл енді ежелден жаужүрек халыққа тән қасиет. Қандай қиын жағдай болмасын, түбінде өзіне, өз күшіне сенетін, алапат соғыстарды болдырмай, жекпе-жекпен шешіп үйренген қазақты қалайша стратег деп айтпайсыз?

Бүгінде ұланғайыр жерді жағадан алған жаудан, етектен тартқан бөріден сақтап қалған батыр бабаларының ізін басқандар аз емес. Олар спортта қарасаңыз көз жетпес биіктерді бағындырып жүр. Мысалы, қайтпас қайсарлықты талап ететін боксты алайық. Қазақстан бұл спорт түрі бойынша дүние жүзі халқының таңдайын қақтырған былғары қолғап шеберлерінен кенде деп айта алмайсыз. Әрбір Олимпиада сайын боксшылардан алтын жүлде күту, кәсіпқой бокста шаршы алаңның шаңын шығарып жүргендерден жеңіс күту – осының айқын дәлелі.

Соңғы жылдары елімізде жекпе-жекке жататын тағы бір спорт түрі – таэквондодан жас спортшылар шоғыры қалыптасып келеді. Солардың бірі - Оңтүстік өңірінің намысын қорғап жүрген Алмат Қожахмет келешігінен үлкен үміт күттірген таэквондошы.   

Алмат  2012 жылы АҚШ-та өткен «US Open» халықаралық турнирде 3 орын, 2014 жылы Түркияда байрағын желбіреткен халықаралық додада 45 келі салмақ дәрежесінде 3 орын, 2015 жылы Алматыда ұйымдастырылған «Kazakhstan Open» халықаралық жарысында 48 келіде 2 орын, жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде 3 орын, Біріккен Араб Әмірлігінде болған «Fujairah Open» турнирінде 2 орын, 2016 жылы «Fujairah Open» турнирінде 1 орын алып, өткен жылы кеткен есесін қайтарды. Биыл елордада өткен ересектер арасындағы біріншілікте 54 келіде 3 орынға ие болды. 

– Алмат, таэквондоны таңдауыңа не себеп болды? 

– Қазақстан ғасырлар тоғысында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпепті. Түркиядан атажұртына оралған қара белбеуден 6 дан иегері Мұстафа Өзтүрік бұл олқылықты реттеу үшін таэквондо мектебін ашып, артынша Федерация негізін қалап, шәкірт тәрбиеледі. Осы жәйттерді саралай отырып, таэквондоға қызыққан әкем өзгелер шықпаған заңғар биікке біздің шыққанымызды қалады. Содан ағам Нұрқанат екеумізді таэквондо үйірмесіне жіберді. Ол біздің таэквондомен шындап айналысуымызды сұрады. Әйтпесе, сол тұста үйірмеге ермекке баратындар көп еді. Не керек, ағам екеуміз қатарластарымыздан оқ бойы озық тұруға барынша тырыстық. Күні-түні жаттықтық. Нәтижесінде ірілі-ұсақты түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрдік. Жақында ғана ағам Тайбэйде өткен Азия біріншілігінде қола жүлдеге ие болды. Бұл ағама да, менің өзіме де стимул болды. Алда енді деңгейі бұдан да жоғары біріншіліктерге топ жару керек.  

– Таэквондошыға қажет ең басты қасиет?   

– Шапшаң болмасаңыз және ең бастысы бір секундқа жетер-жетпес мезетте шешім қабылдай алмайтын болсаңыз, онда бұл спортпен айналысу қажет емес. Сонымен қатар, өзгені жеңу үшін өз нәпсіңді жеңе білген жөн. Өз нәпсісін жеңген адамнан ғана жеңімпаз шығады. Бұл туралы алғашқы жаттықтырушым – Бауыржан Темірәлиев пен қазіргі бапкерім – Давранбек Ризаев жиі айтады. 

Біз ағзаны зақымдап, еңсені езетін шылым, ішімдікке мүлдем жоламадық. Жалпы, түнгі клуб секілді адамды аздыратын ортадан өзімді аулақ ұстадым. «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сол үшін бәрін көру керек» деген қасаң қағидамен өмір сүретіндерден қашық жүрдім. Иә, адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Әрбір адам өзіне артылған сенімді ақтап, парызды орындап, игі істерімен ел есінде қалғаны абзал. Себебі, адам өлсе де, оның аты өлмейді. 

Спортшы тек спортпен шектеліп қалмау керек. Белгілі бір салада білім алғаны жөн. Бүгінде мен жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде заң факультетінде оқып жатырмын. Мен мәңгі таэквондошы болмаймын ғой. Спорттық мансабымды аяқтағасын, өзімді заңгер ретінде көремін. 

Алдағы жоспарым – қараша айында ересектер арасында Қазақстан біріншілігі өтеді. Өткен жылы 3 орын алып едім, енді биыл 58 келі салмақта 1 орыннан көрінгім келеді. Келесі жылы Азия ойындары болады. Міне, дәл қазір мен осы жарыстарға қызу дайындық үстіндемін. Түсінгенім, адам армандай білуі тиіс. Әрі сол арманына жоспар ретінде қарағаны маңызды. Себебі, жоспар – орындалады. Адам ойын осылай өзгерткенде, кодтағанда ғана нақты нәтиже болады.    

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Бекайдар Тойлыбаев: «Мені «өшіремін» дегендер «өсіріп» жібергендерін білмей қалды»
Нұрлан Өнербаев: «Биатлоннан жүлдегер атандым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу