Бекайдар Тойлыбаев: «Мені «өшіремін» дегендер «өсіріп» жібергендерін білмей қалды»
Бекайдар Тойлыбаев, ҚР ІІМ Б. Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі
- Ұлы Абай өзінің қара сөзінде «күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп алуға» үндейді емес пе? Осы орайда, ең алдымен екі беске толуыңызбен құттықтай отыра, өткен күндерге есеп бергенде түйген ой-пікіріңізді білсек деп едік. Сізді көпшілік жұрт ұстаз-ғалым ретінде таниды. Өмірде білген- түйгеніңізді саралап, педагог ретінде артыңыздан еріп келе жатқан жастарға не айтар едіңіз?
- Рахмет, ердің жасы елуден асыппыз. Дегенмен, бүгінгі мінез, бүгінгі болмыс бала күнімде қалыптасқан сияқты. Өзгермеген, бала күнгі қалпымда қалған секілдімін. Әрине, әрбір жылдың адам бойында қалдырар өзіндік бір белгісі болатын шығар. Десем де мінезім, арманым, өмірге деген көзқарасым көп өзгере қойған жоқ. Иә, дана Абай айтқандай өткен жылдарға есеп беретін болсам, елу беске келгеніммен түк бітірмеген сияқтымын. Әрине, пенделік тұрғыдан алсақ, көп шаруаны атқарып тастаған секілдімін. Үй, отбасы, ұл-қыз, материалдық жағдай бар дегендей. Алайда ішкі бір сезім дейміз бе, әлде көңіл толмаушылық дейміз бе, әйтеуір кейде өзіме «мынау жалғанда не бітірдім?» деген сұрақ қоямын. Жауап іздеймін. Иә, мен үшін туылған күн-ол өзіме есеп беретін күндердің бірі. Дүркіретіп той тойлау маған жат нәрсе. Табиғат аясында өткен күндерді ой елегінен өткізіп, елге, халыққ істеген қызметімді, әке-шешемнің үміт-сенімін қаншалықты ақтағанымды, алдағы уақытта не істеу керектігін саралаймын. Мен 1962 жылы 16 қазанда Төлеби ауданы Ақайдар ауылында Бадам өзенінің жағасында дүниеге келдім. Сол туып - өскен ауылымда 200 орындық бала бақша ашқан болатынмын. Оған анамның есімін бергенбіз. Туылған күнімде 200 түп орман ағаштарын алып келіп, балабақшаның маңайына отырғыздық. Сол жиынға ауыл әкімі, жастар, тұрғындар, менің достарым қатысты. Барлығымыз бірге ағаш ектік. Кейінгі ұрпақ сол саялы бақшада ойнап өсетін болады. Мен үшін сол маңызды. Дүркіретіп той жасағаннан мың есе артық. Өмірлік құндылықтар осындай игі істерде деп білемін.
Өмірдің өзі көп нәрсені үйретеді, қиындық, адамдар арасындағы құбылмалы қатынас сынды сынақтар арқылы да. Жоғары оқу орнына түсу мен үшін қиын болды. Мектепті бітірген жылы Шымкенттегі педагогикалық институтқа түсе алмай қалдым. Келесі жылы тағы Жамбыл қаласындағы технологиялық университетінде емтиханнан сүріндім. Үшінші жылы қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы университетке тапсырып, түсе алмадым. Төртінші жылы педагогикалық институтқа әупірімдеп жүріп түстім. Сол кезде менің бойымда қайтпайтын қайсар мінез қалыптасты. Жалпы, менің түйгенім адам баласына барлығы бірден беріле салған болмайды екен. Оңайлықпен келген дүниенің қадірі жоқ. Қазіргі уақытта ғалымдар, генералдар, лауазымды тұлғалар мемуарлық кітап жазуды модаға айналдырған. Сол жазылған дүниелерге көңілім толмайды. Мен де, доктормын, профессормын, ғалыммын менің де кейінгі буынға өмірден түйгенімді, қателіктерім мен жетістіктерімді жазып кеткім келеді. Дегенмен сапалы, қоғамға қажет дүние жазғың келеді. Атымды таныту немесе көзбояушылық үшін жазып, абыройымды түсіргім жоқ. Өмірімде маған жамандық істеген адамды кездестірмедім. Сол себепті «Жақсы адаммен жетесің мұратқа» деген тақырыпта қалам тартқым келіп жүр. Тіпті, маған жамандық істеген адамдарға керісінше жолымды ашып беріп, жаңа мүмкіндіктер бергені үшін алғыс айтамын. Педагогикалық институтта оқып жүргенде педагогикалық ғылым докторы, профессор Оңалбай Аяшев менің ұстазым болды. Мен студент кезімде сол кісіге ұқсағым келіп, еліктейтінмін. Қазір де ол кісіні өте сыйлаймын. Менің оқуға қабылдануыма, жұмысқа орналасуыма септігін тигізді. Сөйтіп аспирантураға түскім келген кезде Аяшев менімен тетелес жігіттерді Мәскеуге оқуға жіберді. Ал мені аспирантураға түсірмей қалдырып кетті. Қазір ойлап отырсам Оңалбай аға керісінше маған мотивация беріп, жақсылық жасапты. Алматыға аспирантураға түсіп, қатарластарымнан бірінші қорғап шығып, доктор атандым. Медальдің екі жағы болатынын сол кезде ұқтым. Қостанайда заң академиясында 11 жыл жұмыс істедім. Күнделікті бос уақытымда спорттық жаттығуға барып, кітап оқитынмын. Бауыржан Момышұлының кітаптарын көп оқыдым. Тіпті, менің лақап атым Бауыржан еді. Мені өзгелер солай атайтын. Өп оқудың, ізденістің нәтижесінде барлығы менің білімімді мойындады. Академияда заң ғылымдарының докторы, генерал Дулат Шоқмаитов деген болатын . Кейде генерал басшы ретінде екінші орынға шығып қалатын. Содан «Чимкентский»деп маған қысым көрсете бастады. Жұмысымды тиянақты істеп, тіке сөйлейтінмін, жағымпаздану дегенді білмейтінмін. Мүмкін сол қассиеттерім ұнамаған болар. Сөйтіп рапорт жазып, Алматыға ауысып кетуіме тура келді. Бірақ мен Дулат Шоқмаитовқа алғысымды айтамын. Үйреніп қалған жерден ауысып, Алматыда басқа ортаға түстім. Сол жылдары Президенттік сайлау жоғары деңгейде өткені үшін маған полковник шені берілді. Бұл жәйттерді еске ала отыра айтқым келгені - өмірдің өзі ұстаз. Мені «өшіремін» дегендер өсіріп жібергендерін өздері де білмей қалды. Сондықтан мен адамдардың тек жақсы қасиеттерін ғана көремін. Бұл жай ғана бір екі мысал...
Алматыда білім алып жүргенде академик Григорий Умаров деген ұстазым бар еді. Өзі сияқты академиктермен бірге отырып әңгімелесетін едік. Сондай кішіпейіл, адамгершілігі мол рухани бай тұлғалармен әңгімелесу арқылы көп ой түйетінмін. Ағаштың жемісі көп болған сайын иілгіш келеді емес пе. Сол ағаш сияқты адам баласы қанша биікте тұрса да иілгіш болуы керек.Осы кезге дейін ҚР ІІМ қарасты Қостанай заң академиясында, Алматы заң Академиясында, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-да проректор, ХҚТУ университетінде, ҚР ЭҚСЖҚК Агенттігі Қаржы полициясы Академиясында түрлі қызметтер атқардым. Өмірде қанша сынақтарды басымнан өткердім.Сыйластық, адами фактор ең бірінші тұруы керек. Осы қағидаларды берік ұстанып келемін.
- Маман даярлауда Шымкенттегі оқу орталығының мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?
- Оқу орталығының бастығы болып жұмыс істеп жатқаныма қазан айында төрт жыл толды. Салыстырмалы түрде қарасам, Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы атындағы оқу орталығының материалдық базасы толығымен жоғары білімді маман дайындауға сай келеді. Оған Елбасының Шымкентті еліміздегі үшінші мегаполис етуге қатысты берген тапсырмаларының септігі тигені анық. Қаладағы мәдени, білім ошақтары үшінші мегаполиске сай болуы тиіс. Бұл орайда, құқықтық мәдениет пен патриоттық тәрбие қалыптастыруда ІІМ қарасты оқу орнының алатын орны ерекше. Жалпы ІІМ қарасты Б.Момышұлы мектебінің жоғары оқу орны болып құрылуы құқықтық мемлекеттің қалыптасуына өз септігін тигізетініне азамат ретінде, ғалым ретінде және педагогикалық тәжірибелі ұстаз ретінде сенімдімін. Себебі оқу орнында сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Заманауи аудиториялар, тыңдаушылар тұратын 600 орынды жатақхана мен асхана, жуынатын жайлар талапқа сай салынған. Орта Азия және Қазақстанға кіші басшы маман дайындауға арналып арнайы салынған полигондары, лабораториясы, криминалистика кабинеттері, уақытша ұстау, тергеу бөлмелері, колония және тирмен жабдықталған.
Оқу орнының тарихы тереңде. Бұл оқу орнын үш генерал басқарған олар; милиция генерал-майоры Қ. Қалменов, генерал Ж. Сұлтанов, генерал Т. Қабденов бұның өзі көп жәйтті аңғартады. Еліне адал қызмет істеп жүрген түлектеріміз көп. Бұл – ең басты жетістік. Біздің негізгі міндетіміз - азаматтарды құқыққа бағынуға емес, құқықсыз өмір сүрмеуге тәрбиелеу. Ол үшін құқық қорғау қызметкері тек анықтаушы- анықтап заңды шара қолданып қана қоймай, халықты алдын ала заңды бұзбауға, өз құқығын қорғай білуге бағыттаушы болуы тисті. Ол педагог- заңгердің құзырында.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова