Құралай Қалиева: «Бақытты болу өз қолыңызда!»

Oinet.kz 22-11-2017 1318

Screenshot_7.jpg

Кез-келген адамзат баласы  үшін рухани құндылық та, материалдық мәселе де маңызды. Біріншісі бар болса, екіншісі кем болып тұрады. Кейде керісінше. Құндылықтарды  ұмытып, тек материалдық мәселеге бас қатыратын кездер де аз емес. Пенделікпен отбасымызға,  жақындарымызға сүйіспеншілігімізді, махаббатымызды беруді ұмыт қалдыратынымыз да жасырын емес.

Мынау жалған дүниеде  дәл қазір қаншама адам қиындықпен бетпе-бет келіп, күресіп жүр. Олар да ет пен сүйектен жаралған. «Сабыр түбі сары алтын» деген тәмсіл еріксіз есіңе түседі бұл жағдайда.Сізден ешкім арманыңызды, біліміңізді, ойлау қабілетіңізді, мақсатыңызды тартып ала алмайды. Өзіңізді сүйіп, өзіңізге ғашық болсаңыз, айналаңызға шуақ шашып жүресіз. Күліп жүрген адамға қабақты түйіп қарау қиындау. "Таспен атқанды аспен атып", кешірімшіл болуға талпыныңыз. Күн сәулесі бәріне бірдей түседі, оны пайдалану-пайдаланбау – сіздің құзырыңызда. Дегенмен біз оқырмандарымызды бақытқа бір табан  жақын қылу үшін 15 жылдық тәжірибесі бар Отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі тұлғалық даму саласы бойынша  сарапшы маман, «Кайдзен»  академиясының президенті , Отбасы «ККС» психологиялық кеңес беру орталығының  директоры Құралай Қалиевамен арнайы сұхбатты ұсынып отырмыз.

-  Құралай Сатықызы, «Бақыттың кілті әйелде» немесе «Бақытты болудың  8 құпиясы» атты семинар тренингіңізге қатысқан нәзік жандылар қандай мүмкіндік алады?

- «Бақыттың кілті әйелде» семинары бірінші кезекте әйел адамның өмірге деген сенімділігін қалыптастырады. Сенімділік болмаған жерде адамның өмірі толыққанды өтпейді. Өз-өзіне сенбейтін, қоршаған ортадан қорқатын, өмірімізде болып жатқан проблемаларға қорқынышпен қарайтын, алдына мақсат қоя алмайтын,  өмірде бақытты болуға лайық екеніне сенбейтін әйелдер, әрине бақытты бола алмайды. «Бақыттың кілті әйелде» семинары жоғарыда аталып өткен мәселелерге, «бақыт дегеніміз не ?» деген сұраққа жауап береді. Бізге келген нәзік жандылардың көзқарасы өзгеріп, өмірге деген құлшынысы оянады. Жаңа өмір бастауына себепші боламыз, деп анық айта аламын. Екіншіден, ер азаматтардың психологиясын зерттейміз. Ер адамдардың психологиясы мүлдем басқа және оларды түсінуді үйретеміз. Біздің семинарда мотивацияңыз пайда болады. Энергиямен жұмыс жасау, денедегі «7 чакраны»  ашу жолдарын көрсетеміз.  «Шығыс биі» әйел энергиясын арттырудың негізгі құралы болып табылады. Өкінішке қарай, біздің нәзік жандыларымыз мұны біле бермейді. 

- «Табысты әйелдің он айла-тәсілі» атты кітабыңыз қалай жазылды? Кітапты жазуға не түрткі болды?

- Мені кітап жазуға итермелеген себептердің бірі – ол әйелдердің негізгі миссиясы ұмытылып  бара жатқандығы. Қазіргі уақытта әйелдер ауыр жұмыс істейтін, ерлері үйінде отыратын отбасыларды жиі кездестіруге болады. Психолог ретінде айтатын болсам, бұл үдерістің соңы жақсылыққа апармайды. Ақшаның артында жүремін деп көптеген қыз-келіншектер бақытсыз күн кешуде. Менің «Табысты болудың он айла-тәсілі» кітабым жеке өміріңізде табысты болудың жолдарын ұсынады. 

Әйелдің ең бірінші жетістігі - ол отбасындағы берекеде, ол отбасындағы ынтымақта жатыр. Табыс десе тек ақшаны ойлау дұрыс емес. Табыс дегеніміз - отбасы мүшелерінің бақытты күн кешуі. Осыны түсіндіру мақсатында мен кітапты әйелдер қауымына арнадым. Кез-келген қыз-келіншек іздеген сұрағына нақты жауап алады деген ойдамын. «Табыстың әйелдің он айла-тәсілі» кітабын kuralay.kz сайтынан  тегін жүктеп алуыңызға болады.

- Қазақ әйелдеріне өз ошағын бақытты қылу үшін не жетіспейді?

- Қазақ әйелдеріне ең бірінші ошағын сақтап, бақытты ету үшін 50-де 50 саясатын ұмытқаны жөн. Әйел адам еркекпен тең құқылы деген қате пікірден арылу керек. Мүмкін Еуропа елдерінде ол саясат әйел адамды бақытты қылатын шығар. Алайда, қазақ қоғамына бұл саясат жат дүние. Әйел өте  нәзік еріне бағынатын болып жаратылған.  Сол себепті әйел адам еркектен бір саты төмен тұруы керек. Сонда ғана ер азамат өзін еркек сезінетін болады. Ер адам өзін әйелден мықты екенін сезінген жағдайда отбасының нағыз қамқоршысына айналады. 

- Құралай, сіздің кеңестеріңіз бірнеше бөліктерге бөлінеді екен.  Соның ішінде «өтпелі кезеңмен» күресіп жүрген жасөспірімдерге қандай ақыл айтар едіңіз?

- Тәрбиелеу және өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндігі жағынан алғанда жасөспірімдік кезеңнің біршама өзгешелігі, ерекшелігі бар.  Мұны өзгермелі, өтпелі кезең деп есептейді. Өйткені осы кезең ішінде балаларда психикалық және физикалық процестердің, іс-әрекетінің, жеке басының түбірлі өзгерістері байқалады. Сондықтан да қарым-қатынас формаларын, іс-әрекетін ұйымдастыруды, әлеуметтік педагог пен оның төңірегіндегі ересек адамдар тарапынан басшылық етуді өзгертуге тура келеді. Кеше ғана сыпайы жүрген жасөспірім мінезінде аяқ астынан дөрекілік, әдепсіздік, қиқарлық, тәртіпсіздік байқалады, ересек адамдардың айтқанын талғампаздықпен, сын тұрғысында қабылдайды, олардан дәлелді, қисынды пікірді талап етеді. Осының бәрі тәжірибесіз мұғалімнің, тәрбиешінің жасөспірім оқушылармен ортақ тіл таба алмауына соқтыруы мүмкін.

- Ер адам мен әйел затының психологиясындағы айырмашылықтарды түсініп, ер адамға әсер ету жолдарын үйретеді екенсіз. Осы орайда бірнеше әдістеріңізді айтып өтсеңіз?

- Еріңіз үйге келгенде күліп күтіп алу - ол ең бірінші қағида. Яғни,  табалдырықтан кірген бойда жақсы энергиямен қарсы алу. Үй - ол әйел адамның территориясы. Сондықтан әйел адам күлімсіреп қарсы алса, ер азаматтың есінде сол бейне 24 сағат бойы қалып қалады екен. Кез-келген отбасында жанжал болып тұрады. Дегенмен сол ситуациялардан қалай шығуды ұсынамыз. Әйел - үйдің берекесі. Сіздің көңіл күйіңіз отбасы мүшелеріне әсер етеді. Жаман энергияны бойдан алып тастаған жөн. Әйел ер адамға  «сен мықтысың, сенің қолыңнан барлығы келеді» деп айтуы керек, ол оның парызы.  Бұл жағдай отбасының бақытты ғұмыр кешетініне оң септігін тигізеді.

Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова

Ғани Бектайұлы: «Бірлесіп жұмыс істемей, ешқандай мәселе шешілмейді»
Ермек Дәрменов: «Таланттарды ауылдардан іздеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу