Ғани Бектайұлы: «Бірлесіп жұмыс істемей, ешқандай мәселе шешілмейді»
Ғани Бектайұлы, «Edtech-kz» халықаралық білім орталығының директоры. ЮНЕСКО клубының жетекшісі
- Биылғы ҰБТ-ның жаңа форматы, сондай-ақ білім министрінің қабылданбаған заң нормасын өзгеріс ретінде жария етуі салдарынан елу мыңға жуық бала әбігерге түсті. ҰБТ-ның тарихында ең алғаш рет «грант» тізімі екі рет бекітілді. Осы жөнінде пікіріңізді білдірсеңіз?
-Жалпы бұл мәселе күтілген болатын. Бұл бағытта мен өзімнің бірнеше сұхбаттарымда ҰБТ-ның жаңа форматындағы күтілетін қателіктер турасында айтқанмын. Негізі білім саласы басшыларының бір-ақ мақсаты болуы керек: ол біздің шәкірттердің болашағын ойлау. Кез-келген реформаның, білім жүйесіндегі өзгерістердің жастарға пайдасы болмаса, онда ол реформаның қажеті жоқ. Білім жүйесіндегі өзгеріс кім үшін жасалады? Оқушылардың ата-анасы немесе Білім министрлігі үшін жасалмайды. Ең бірінші жастарға арналады. Қазіргі жастар болашақ дәрігерлер немесе сол білім басқармасының басшылары, облыс әкімдері, яғни мемлекет қызметкерлерін тәрбиелеп жатқанымызды ұмытуға болмайды.
Кез-келген мемлекеттің өсіп - өркендеуі, дамуында ең бірінші «адами капиталға» мән беру қажеттігін Елбасы Н.Назарбаев та Жолдауларында жиі айтады. Адами капитал қай жерде қалыптасады? Балабақшада, керек десеңіз отбасында, мектепте, жоғары оқу орнында адами капитал қалыптасып жатыр. Егер сізге, маған біздің балаларымызға жағдай жасалынбаса, оның өсіп өркендеуіне мүмкіндік туғызылмаса, онда барлық реформаларға күдікпен қарауға негіз бар.
Біріншіден, Білім министірлігінің үлкен қателігінің бірі - бейімдік пәндерге берілетін шектеу ұпай санын «15» емес орташа ең құрғанда «10-ға» жеткізуге болатын еді. Басында бұл мәселе кеңінен айтылды. Бірақ білім министрлігі бұл райынан қайтқан жоқ. Түптеп келгенде 15 баллдан 5 балға азайтылды. Қатты шегіну байқалады. Міндетті түрде халық шулағаннан кейін өзгерту керек пе еді деген ой пайда болады. Бұл білім министрлігінің жіберуге болмайтын ең үлкен қателігі. Сол өзгертулер орын алмас бұрын кәсіби мамандармен немесе біз сияқты қоғамдық ұйымдармен арнайы жиын өткізіп, таразыға салып жұмыс жасағанда қазіргі проблемалармен бетпе-бет келмейтін едік. Білім министрлігі қалай шешім қабылдады солай кетті. Міне енді сол шешімнің салдарын көріп отырған жайымыз бар. 21 ғасырда қоғам, мемлекет те, тіпті билік те «адаптированный» яғни өзгерістерге бейім болмаса онда қоғам да, реформа да, заң жүйесі де күйзеліске ұшырайды. Жалпы еліміздегі реформалар халықтың ыңғайына, сұранысына сай жасалынуы тиіс. Ал бізде билік басындағылардың бір қателігі бір шешім қабылданса соны дұрыс деп тану, артқа шегінбеу. Өзінікін дұрыс санау, өзгенің пікіріне құлақ аспау, түсіністікпен ортақ шешімге келуге тырыспау –бұл үлкен қателік. Тек қана айқай- шудан кейін ғана артқа шегінуді байқауға болады. Осындай келеңсіз дүниелер халықтың билікке деген көзқарасын өзгертеді. Сол арқылы біздің кейбір министрлеріміз наразылық тудыратын адамдардың санын көбейтіп жатыр. Ол жақсы тенденция емес.
Екінші, ҰБТ-ны екіге бөлгеннен кейін, білім министрлігі «Алтын белгі» иегерлері басқа талапкерлермен біркелкі болатынын білгендіктен, алдын ала сол білім заңына өзгерісті 2016 жылдың сәуір айында енгізу керек еді. «Алтын белгі» иегері мен басқа оқушының балы бірдей болған жағдайда ғана, грант "Алтын белгі" алған балаға беріледі " деп айтылған болатын. Бұл сөзді кейін Білім министрі Ерлан Сағадиевтің өзі де талай рет қайталаған еді. Бірақ, көрдіңіздер, олай болған жоқ. Өте жоғары балл жинаған түлектердің грантын алғашқы тізімде "Алтын белгі" иегерлері алып кетті. Бұл да дер кезінде мән бермегендіктен болып жатыр. Бұл кімнің қателігі екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, биылғы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Ең өкініштісі орта ұпайды жинамағандар «Алтын белгі» иегерлері болып шықты. Бұл дегеніміз мектеп директорлары «Алтын белгіні» оқушыларға заңсыз берді деген күдік ұялатады. Яғни, жемқорлық фактілерін байқауға болады. Бұл үрдіс келер жылы қайталанатын болса онда орта білім жүйесіндегі жемқорлықтың көбеюіне әкеліп соғады. Егер білім министрлігі қазіргі таңда дұрыс шешім қабылдамаса жемқорлықпен күресуге тура келеді.
Біз сатып алынған дүниенің берекесі бар деп ойлаймыз. Сатып алынған дүниенің ғұмырыұзақ болмайды. Біз баланы еңбекке үйретуіміз керек. Кейбір ата-аналар терең ойланбайды. Баласына «Алтын белгі» «әпереді». ЖОО-на түсіп оны да ақшамен бітіреді. Ал ертеңгі күні ол баладан қандай маман шығады? Біз білімді инженерді, дәрігерді, мұғалімдерді қайдан табамыз. Ақылды, парасатты адамдар ешуақытта баласына білімді сатып әпермейді. Мәселе «Алтын белгі» деген статуста емес. Баланың білім сапасына басты назар аударуға тиіспіз. Мемлекет ойламаса қарапайым халық ойлану керек емес пе? Кез-келген дүниені ақшаға сатып алу әділетсіздікке әкеледі. Сондықтан мен ата-аналарды парасаттылыққа шақырамын. Ақша беріп оқытуды қоятын кез-келді. Неге барлығын мемлекетке жаба беруге болады. Болашақ ұрпағыңыздың қайда барып тоқтайтынын сіз де ойлау керексіз. Осы орайда мынадай тәмсіл еске түсіп отыр. Рокфеллерге: «Сіз жыл сайын ұлыңыздың білім алуына 200 мың доллар жұмсайсыз. Алайда ұлыңыздың күнделікті жұмсайтын қаржысына бір доллар да бермейсіз. Неліктен олай істейсіз?»,- деген сұрақ қойыпты. Сонда ол былай жауап беріпті: «Баламның білімді, тәрбиелі азамат болуы ол менің әкелік парызым. Ал оның күнделікті қаржысын беру менің міндеттеріме кірмейді. Өзіне керек болса өзі табады.»,- деп жауап қайтарған екен. Кез-келген елде білімнің құны биік тұрады.
- Еліміздегі білім беру жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алып жатыр. Солардың бірі үш тілді оқыту саясаты. Бірақ бұл жүйе арқылы оқушылар сапалы білім ала-алатынына көпшілік күмәнмен қарайды. Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?
- Үш тілділік керек. Бір тілді жетік білу мәдениеттілік, ал бірнеше тіл білу «жоғары мәдениеттілікке» жатады. Әлемде күн сайын табылып жатқан керемет жаңалықтардың 70 пайызы ағылшын тілінде шығады. Осы факторлардың өзі үш тілділік саясаттың дұрыс екенін аңғартады. Алайда, біз тіл білумен «салиқалы» білім беруді шатастырмауымыз қажет. Бірінші бала негізгі пәндерден қажетті білімді алуы керек. Химияны меңгерту үшін өзіне түсінікті тілмен үйренуі тиіс. Мұғалімдердің өздері кезінде қазақ тілде үйренген саласын оқушыға «ағылшын» тілінде сапалы үйретеді деседі. Қанша жылдан бері қазақ тілінде үйретіп жүрген мұғалімнің бірнеше арнайы курстарға барғаннан кейін ағылышын тілінде халықаралық стандарттарға сай білім беретіні көңілге сенімсіздік ұялатады. Мен түбегейлі үш тілділікке қарсы емеспін. Алайда, саясаты дұрыс болғанымен оны енгізу механизмінде үлкен кемшіліктер байқалады. Біз оның ара жігін ажырата алмай отырмыз.
Менің ойымша мектептерде арнайы ағылшын клубтарын ашып үздік оқушыларды ғана сол жерде оқыту керек. Өздеріне керек, әрі қызықты биология сынды пәндерді үйренетін болады. Кейін басқа да оқушылар үздіктердің қатарына қосылу үшін білімге бет бұра бастайды. Өкінішке қарай, билік басындағылар ең оңай жолды таңдауға құмар. Соның салдарынан ертеңгі ұрпақты белгілі бір пәндерден сауатыз болуға алып келеді бұл процесс. Ағылшын тілін үйренеміз деп жүріп химия, математика, жаратылыстану сынды пәндерінен мүлдем кеш қалып кетеміз бе деп қорқамын. Жалаң ағылшын тілімен одан кейін қайда барамыз? Осыған терең мән берілуі тиіс. Бұл Білім министрлігі құлақ аспай отырған мәселелердің тағы бірі болып тұр. Үкімет басшылары халықтың пікірімен санасуы қажет. Сол кезде бүгінгідей келеңсіз оқиғалар орын алмайтын болады.
- Биыл ҰБТ-ның жаңа форматы арқасында көптеген оқушылар бекітілгенгрант тізімін екі рет көруіне тура келді. Тіпті талапкерлердің арасында адам құқықтары жөнінде Омбудсменге шағым түсіргендерде кездесті. Жалпы білім саласының маманы ретінде қандай ұсыныс айтатын едіңіз?
- Білім жүйесінде шешуі көрінбейтін көптеген проблемаларды шешуге үш негізгі фактор әсер етеді. Олар: Біріншіден, білім министрлігі тек заңнамалық дүниемен айналысуы керек. Қазіргі таңда бұл министрлік ғылыммен де, методикамен де барлығымен айналысып жатыр. Қазіргі атқарылып жатқан дүниелер білім министрлігінің айналысатын функциясына жатпайды. Тағы да өзі қоғамдық пікір білдірмекші ол дұрыс емес. Екіншіден, Білім Академиясы жоғарғы деңгейдегі мықты ғалымдарды топтастырып, жұмыс істеу керек. Бүгінгі уақытта Білім Академиясы өзінің толыққанды потенциялын білдіре алмай келеді. Үшіншіден, Елбасы айтқандай мықты жаңа қоғамдық институт құрылу керек. Бұл ұйымды «білім палатасы» деп атауға да болады. Ол жерге қоғамдағы үкіметтік органда істемейтін мамандар, сала-сала бойынша бірігуі қажет. Содан кейін ғана білім министрлігі, білім академиясы, қоғамдық кеңес бірігіп бір-бірімен келісіп, жасаған дүниені министрлік тек заңдастырып отыру тиіс. Сол жағдайда ғана еліміздегі білім жүйесінде оң өзгерістер орын алатын болады. Ал бүгінгі күні білім министірлігі барлық жүкті өз мойнына артып алған, барлық мәселелерді өзі шешуге ұмтылады. Қоғамдық ұйымдармен кеңесуге шамасы жетпейді. Уақыты да мүмкін жетпейтін болар. Сондықтан да көптеген асығыс шешімдер қабылданып тұтастай білім саласына әсер етіп жатыр. Білім жүйесін ретке келтірудің осы ғана жолы бар. Басқа ешқандай жолы жоқ. Осы үш институт бірлесіп жұмыс істемей ешқандай нәрсе шешілмейді. Ол үшін Білім Академиясы Үкіметтің жанынан құрылуы керек. Әрине, бұл ұсынысқа Үкімет басшылары құлақ асатын болса нұр үстіне нұр болатын еді.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова