Жұмабек Әсілұлы: «Режиссер болу үш ұйықтасам да түсіме кірмепті»

Oinet.kz 22-11-2017 1110

Screenshot_4.jpg

Жұмабек Әсілұлы, Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театырының қоюшы режиссері

- Жігітке жеті өнер де аз. Көпшілік сізді режиссер ретінде таниды. Кәсіби суретшілігіңіз тағы бар.  Жалпы, суретші бола тұра режиссура өнеріне қалай келдіңіз?

- Бала күнімде мен ағаштың суретін салып, анама көрсеттім. Суретті көрген анам менің туындыма оң бағасын берді.  Анам маған: «Балам сенің сурет салуға деген талантың бар. Бұл өнеріңді одан әрі шыңдап жетілдір»,-  деп ақылын айтты. Анамның сөздері жан дүниеме қатты әсер етті.  Сол кезде  мен суретші боламын деген  шешім қабылдадым.  Суретші боламын деген арманым  1981 жылы даңқты қылқалам шебері Әбілхан Қастеев атындағы оқу орнына жетелеп әкелді.

Ал өзімді режиссура саласында жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Алайда, өмірдің саған қандай сый әзірлеп қойғанын білмейді екенсің. Оқу орнын тәмамдап болған соң әскерге аттандым. Әскерден келгеннен кейін   театрға жұмысқа тұрдым. Ең алғашқы кезде дыбыс операторы қызметін атқарып жүрдім. Яғни, мен режиссураға бірден келген жоқпын. Бір күні Асанәлі Әшімов ағамыз театрға қойылымды тамашалауға келді.  Мен ол уақытта дыбыс операторы болып жұмыс істеймін.  Маған: «Сен музыканы көркемдеп қояды екенсің. Сен осы суретші емессің бе?», - деп жұмысыма жоғары баға берді. 

Театрға сіңісуіме түрткі болған әйгілі сахна саңлағы Райымбек Сейітметов ағамыз нағыз патриот  жандардың бірі еді. Ол «елiмiз егемендiк алды, Түркiстан қайта түлейтiн болады»,-  деп  жастайынан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройға ие болған өнер ордасын тастап, туған жеріне  оралды. Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде режиссура факультетін ашып,  мені сол жерге оқуға шақырды. Мен ұзақ ойландым. Қолымды бір сілтеп, жоғарғы оқу орнына түсе салайын ба деп те ойландым. Бір жағынан театрды, жұмысымды қимадым. Сөйтіп жүріп Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы өнер институтына режиссура мамандығына оқуға түстім. 

- Қойылымның жақсы, не жаман шығуы неге байланысты?

- Қойылымның жақсы шығуы үшін бірнеше нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Көкейкесті мақсатың айқындалып, белгілі бір жүйеге келе бастауы, қойылымның қай жанрда шешім табатындығына тікелей байланысты. Ендігі жерде рөл бөлу кезеңі басталады. Бұл кезеңнің  жауапкершілігі  мол, себебі актерлардың  дарыны мен дәрменсіздігі, мүмкіндігі мен қабілеті таразыға түседі. Режиссердің ойы актер арқылы асатындықтан, оған сенуі керек. Жұмыс барысында бірде тарихи деректерді зерттеуге көп уақытты жұмсап архив ақтарамын. Енді бірде этюдтік-импровизациялық  тәсілдермен дайындыққа кірісемін. Режиссердің жұмысы- ол ұжымдық жұмыс. Сондықтан қойған қойылымың ұжыммен тіл табысуыңа  тікелей байланысты.

- Қойылым сәтті шықса актерді мақтайды. Сынға ұшыраса режиссердің жұмысына мін тағады. Сыни  пікірлерді қалай қабылдайсыз?

- Өмір болғаннан кейін проблемалар да болады. Кейде сыни пікірлерді естіген кезде режиссер ретінде көз жұма қарай алмаймын. Көп жағдайда өзіме көңілім толмайды.Мынау жерін дұрыстау  істеп жаңаша нәрсе қолданған да жақсы болар ма еді деген ойлар келеді. Жалпы, еңбек сыналған кезде ғана қателіктермен жұмыс жасалады. Мен сыни пікірлерді естіген кезде, қойылымды одан әрі жақсы етіп шығаруға барынша тырысамын. Сондықтан сыни пікірлер менің жігерімді өлтірмейді, керісінше мені жігерлендіреді. Маған бағыт бағдар береді деп айтар едім. 90-жылдары театрда жұмыс істеген уақытта елміздің экономикалық ахуалы нашар болатын. Жарық жоқ, айлық айлап берілмеген кезеңдерді өткердік. Сонда да театрды тастап кетпедік. 

- Қандай жетістіктерге жеттіңіз?

- Елбасының «Құрметті грамотасы» бар. Оған қоса, көптеген марапаттарым жетерлік. Мен үшін көрермендердің мақтауы, залда отырып керемет әсер алғаны үлкен жетістік. 

Әңгімелескен Дана Сүлейменова

Махмуд Сабырхан: «Мен жеңіске жеткенде анам көз жасын тия алмады»
Ғани Бектайұлы: «Бірлесіп жұмыс істемей, ешқандай мәселе шешілмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу