Махмуд Сабырхан: «Мен жеңіске жеткенде анам көз жасын тия алмады»
Махмуд Сабырхан, Азия біріншілігінің жеңімпазы
Жақында Филиппинде өткен Азия біріншілігінде қазақстандықтар ерлеп, жалпыкомандалық есепте алдыңғы орыннан көрінді. Біздің құрама сапындағы бірнеше боксшы жанкештілік танытып, көк туды желбіретті. Әсіресе, финалда жапон боксшысына қарсы өткен жекпе-жекте 48 келі салмақта жас боксшы Махмуд Сабырхан қайтпас қайсарлығымен көзге түсе отырып, жанкүйерлер көзайымына айналды. Біз жарыстан соң Махмудпен тілдескен едік.
– Махмуд, біз сені Азия біріншілігінің жеңімпазы болғаныңмен шын жүректен құттықтаймыз! Білуімізше, бұл сенің ең ірі жетістігің. Бұған дейін қандай белестерді бағындырып үлгердің?
– Рақмет! Иә, бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы мақтануға тұрарлық жетістігім. Әрине, Азия біріншілігінде жеңіске жеттім деп асқақтап кетуге болмас. Алда әлі Әлем біріншілігі бар. Енді жатпай-тұрмай сол жарысқа дайындалу керек. Және Токио олимпиадасы да келе жатыр. Міне, дәл қазір менің ең басты мақсатым – сол Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алу. Бұйыртса, Жапонияға барып жатсам, Бекзат Саттарханов секілді жас жеңімпаз болғым келеді. Әрине, айтқанға оңай. Өзім 6 жыл бокста жүргесін, жас боксшыға Олимпиада шыңын бағындару әсте мүмкін емес екенін сеземін. Себебі, онда сенімен небір тісқаққан, аса тәжірибелі көкжалдар жұдырықтасады. Мұндай физикалық һәм психологиялық қарсылыққа төтеп беру өте қиын. Сондықтан да мен Бекзат Саттархановты кумирім деп есептеймін. Ол тым жас болса да өз жолында атағынан ат үркетін кесектей-кесектей боксшыларды жолынан сырып тастап, Афины төрінде көк туды желбіретіп, Әнұранды шырқатты. Бұл мыңның бірі қайталай алмайтын нағыз ерлік!
Мен өзім жастайымнан спортқа қызығып өстім. 3-сыныпты бітіргесін не күрес, не бокс екеуінің біреуін таңдау керек болды. Әкем ойлана келе мені боксқа жіберді. Ол менің нағыз жігіт болып өскенімді қалады. Нағыз жігіт кез-келген сәтте өзін және өзгелерді қорғай алатын адам. Нағыз жігіт өз күшін тек игі істерге сарп еткені абзал. «Боксшымын» деп көше кезіп, өзінен әлсіздерге әлімжеттік жасау – спортшыға тән қасиет емес. Әкем солай үйретті. Сондықтан да әкемді жерге қаратпас үшін және боксшы деген атыма кір келтірмес үшін мұндай төмен деңгейлі іс-әрекеттерден өзімді аулақ ұстаймын. Адамды досына қарап, кім екенін білуге болады ғой. Сол себепті, неғұрлым дұрыс ортада жүрген жөн.
Жалпы, мен Төлеби ауданы Маятас ауылында дүниеге келдім. Спорттағы мансабым осында басталды. Алғашқы жылдары өз жасым, өз салмағымда Төлеби ауданының жеңімпазы болдым. Одан кейін уақыт өте келе 2015 жылы Қазақстан біріншілігінде топ жардым. Бұдан өзге көптеген турнирлерде бірінші орыннан көрініп жүрдім. Барған жерімде мейлінше Оңтүстік Қазақстан облысының абыройын асқақтауға тырысатын едім.
– Филиппинде Азия біріншілігі қалай өтті? Жарыс барысында қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Әрине, сырт елге шыққан соң, уайым болады. Тек менде ғана емес, бәрімізде қорқыныш болды. Ұшақта бір-бірімізге қошемет сөздер айтып отырдық. Осылайша біз біріншілікке бір-бірімізді психологиялық тұрғыда дайындап бардық. Көз қорқақ, қол батыр дейді ғой. Бапкер бізге барынша Қазақстанда жүргендей сезім сыйлауға, атмосфера қалыптастыруға тырысты. Жарыста бір-бірімізден ұялмас үшін және бапкер сенімін ақтау үшін бойымыздағы бар күшті жұмсадық. Финалға дейін қиналмай жеттім. Дегенмен, ақтық сында жапон боксшысы әжептеуір қарсылық танытты. Соққылары жойқын. Жеңіске деген жігерін де айтпай кету мүмкін емес. Мен де қарап қалмадым. Жекпе-жек әдеттегіден ұзаққа созылып, ұпай айырмасымен бірінші орыннан көріндім. Айқын басымдықпен тізерлетіп жеңбегесін бе, анау айтқандай шын қуана қоймадым. Әйтсе де, менің бұл жеңісіме ең бірінші бапкерім, ата-анам және достарым қатты қуанды. Әсіресе, анам ерекше қуаныпты. Бұл туралы үйге барғанда білдім. Спорт кешенінде өзіміздің көк байрақ желбіреп, мен Әнұранды қосыла шырқап тұрған кезде анам көз жасын тия алмапты. Негізі, анам менің жекпе-жектерімді көрмейді. Көрсе жүрегі ауырады. Енді, аналар қауымы «шөңге баламның табанын жырғанша, менің маңдайыма кірсін» деген қағидамен өмір сүреді ғой. Бұл мені жігерлендірді. Менің де көңілім босады. Алда бұдан да асқар асулардан өтіп, әкем мен анамды қуанта бергім келеді.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай