Мақсат Айтжанов: «Ата-анамнан жылу көрген емеспін»

Oinet.kz 22-07-2017 1591

Screenshot_4.jpg

Мақсат Айтжанов, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі, қоюшы-режиссер, әнші

- Сіз секілді бойында дарыны бар өнер иелері әдетте сол ерекшеліктің қайдан және қалай келгенін зерделеп айтып жатады.  Бұл орайда сіз не айтар едіңіз? Жалпы өскен орта, ата-анаңыз туралы айта отырсаңыз?

- Жылдар жылжып өтсе де, күндер ұзап елес болып кетсе де, жастық шағымыз артта қалса да өзімді тәрбиелеп өсірген ата-анам, туған жерім мәңгілік жүрегімде. Мені жарық дүниеге әкелген ата-анамнан жылу көрген емеспін. Бұл ащы да болса  ақиқат. Әке-шешем деп мені тәрбиелеген ата-әжемді айтар едім. Әкемнен 6 жасымда айырылдым. Анам менен 56 жас үлкен болса, әкем 68 жас үлкен еді. Яғни, ата-анамның жастары ұлғайған шағында дүниеге келдім. Маған тәрбие беріп, мені жетедеген  ата-анам өмірдің тауқыметін көп көрген жандар.  Апам марқұм 18 құрсақ көтерген. 18 перзенттің 16-сын анамның өзі жерлеген. Қаншама қиыншылық көрсе де, қиындықты еңсеріп мен үшін өмір сүрді. Кәрі шешемнің жалғыз үміті мен болдым.  Марқұм анам айтатын:  «Балаларым  бірінен соң бірі дүниеден озды. Енді осы баламның ғұмыры ұзақ болсын. Елінің елеулі, халқының қалаулы азаматы болсын», - деп айтқан сөздері әлі есімде. 

Арыстағы Дермене ауылында үш бөлмелі үйде тұрдық. Сөздің шыны керек  жастайымнан жоқшылықтың не екенін көріп өстім. Қиын сәтте, менің кәсіби маман болуыма үлкен септігін тигізген сол кездегі Арыс қаласының әкімі Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев болды.  Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне түсуіме Әлімжан аға қолдау көрсетті. 

Студент бола тұра, 1999 жылы Сейдулла Бәйтереков атындағы  эстрада әншілерінің халықаралық жарысында жеңіске жеттім.Ән байқауында  комиссия төрайымы Роза Рымбаева болды. Сол кезде қазақ эстрадасының примадоннасы  менің өнеріме жоғары баға берген болатын.  Бұл жеңіс мені одан әрі жігерлендіре түсті. Лауреат атанғанымды анам жарықтық көрді. Осы қуаныштан кейін,  2 айдан соң  дүние салды. Ең өкініштісі өмірінің соңында жанында отырып, аузына  су тамызатын адамның болмағаны. Мен ол уақытта Түркістанда білім алып жүрдім. Осы сәт есіме түсіп кетсе қатты қынжыламын. Әттең анам қазіргі кезімді көрсе ғой деп іштей армандаймын...

Өткенге көз жүгіртсем. Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, қалаға келгенде алғаш көмектескен жандардың бірі Марта Шенгелбайқызы еді. Марта апайға алғысым шексіз. Кім білер мүмкін қалаға келмегенде қазіргідей  жағдайға жетпес пе едім!? Кейін Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияда  әнші болып 6 жыл жұмыс істедім. Тағдырдың қалауымен Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрына жұмысқа тұрып,  бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келемін. 

- Бүгінде өнесүйер қауым өзіңізді іздейді. Кейінгі кезде сахнадан не себепті көрінбей кеттіңіз?

- Әлемдегі ең қымбат, бағалы  нәрсе ол ақша емес. Біздің өміріміздегі  ең қымбат нәрсе –ол уақыт. Қазір байқап қарасаңыз адамдардың бәрі асығыс. Көп  нәрсеге үлгеру өте қиын. Концерттерде аздау көрінуімнің себебі де уақыттың тапшылығы, қызметіме байланысты болар… Бірақ, әрдайым шақырылған концерттерден қалмауға тырысамын. Негізі менің мамандығым «Эстрадалық ән орындаушы, драма актеры». Қалай болғанда да мен халықты өнермен сусындату үшін  тер төгіп жүрмін деп ойлаймын. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, мен бірнеше өнерді қатар алып жүрмін. Бүгінде шәкірттерге сабақ беремін. Кейде өлең жазып тұратын жақсы әдетім бар. Театрдағы қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдаймын. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі, қоюшы-режиссер қызметін атқарып келемін.  

- Қоюшы-режиссер ретінде туындыларыңызға тоқталып өтсеңіз?

- Режиссурада өзіндік қолтаңбамды айқын қалдыруға тырысамын. Жалпы, театр мамандары соңғы кездері ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрының қойылымдарындағы режиссерлік шешімдердің тосындығына, жаңашылдығына көбірек тоқталып жүр. Мәселен, қырғыз драматургі Қадырбай Мәмбетқұловтың «Боз бойдақ» музыкалық комедиясы, өзбек драматургі Нәби Кадировтың «Кәрілігімді сағындым», Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялары, Уәлибек Әбдірайымовтың «Ұстазым менің» әзіл-қалжыңы аралас сазды қойылымы осындай режиссуралық шешімдерінің сонылығымен ерекшеленетін дүниелер. 

- Кез-келген адамда кемшілік болады, мінсіз адам жоқ. Сіздің ең басты кемшілігіңіз қандай?

- Бұл кемшілік пе, әлде жақсы қассиет пе білмедім. Мен аянбай жұмыс істеймін. Барлық күш-жігерімді жұмысыма жұмсаймын.  Тіпті денсаулығыма да көңіл бөлуге уақыт жоқ. Режиссура адамның жүйкесін тоздыратын ауыр жұмыстардың бірі. Кейде бұл жұмыстың маған не керегі бар деп те ойланамын. Алайда, режиссура менің көп армандарымның бірі болатын. Қарап тұрсаңыз мен арманыма қол жеткіздім. Сол себепті мен айтар едім:  режиссура қызығы мен шыжығы қатар жүретін өнердің бір саласы. 

- Бүгінде елімізде сатира театрлары жетерлік. Сол көп театрлардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының ерекшелігі неде деп ойлайсыз? Алдағы жоспарларыңыз жөнінде айта кетсеңіз?

- 10 жылдық тарихы бар театр республикадағы мемлекеттік мәртебеге ие жалғыз сатиралық театр. Мемлекеттік сатиралық театрдың Астанада, Алматыда емес, дәл Шымкенттен бойы көтеруінің өзі мақтаныш. Себебі, түсінген жанға ұлтты көптеген өнер туындыларымен қатар, өткір әзіл де тәрбиелейді. Біреулер мініңді қасып айтады, біреулер басып айтады, ал, ОҚО әзіл-сықақ  және сатира театрының өнерпаздары жаны ашып айтады. Сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамға ой салса немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Халыққа күлкі сыйлағанға, күлдіре отырып, ойландырғанға не жетсін? 

Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Оңтүстік  Қазақстан облысының Астана қаласындағы мәдениет күндеріне театырымыз бірнеше қойылымдарды апаруды жоспарлап отыр. Көрменің ең алғашқы күні  «Оңтүстік  әзілдері» атты қойылым көпшілікке ұсынылады.Аталған қойылымда «Шымкент шоу», «Шаншар», «Алдараспан» секілді әзіл-сықақ  театрлары өнер көрсетеді. Оған қоса  Алтынай Жорабаева, Заттыбек Көпбосынұлы, Сейфуллин Жолбарыс сынды жезтаңдай әншілер ән шырқайды. Қойылымның шымылдығын «ЭКСПО- 2017 Жаһанның жаңалығы» атты ән ашады, әннің сөзін жазған өзім. Ал, кештің жабылуында  «Оңтүстіктің шашуы Астанамызға» әні шырқалады деп отырмыз. 

Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова

Айтжан Әшірхан: «Көршілерім әкемді төбелеріне көтерсе екен дедім»
Махмуд Сабырхан: «Мен жеңіске жеткенде анам көз жасын тия алмады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу