Ермек Дәрменов: «Таланттарды ауылдардан іздеу керек»
Ермек Дәрменов, Оңтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (ОРДМБЖСМ) директоры
Жақында 28 шілде мен 4 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяда футболдан U-12 жасөспірімдер арасында Азия футбол лигасы өтті. Бұл лигада 24 команда бақ сынасты. ОРДМБЖСМ футболшылары ақтық сында Кореяның жеңімпазымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Мұндай жеңіс қазақ тарихында болмаған. Осылайша, шымкенттіктер Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Жақында біз жеңімпаздарды тәрбиелеп жатқан осы спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменовпен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында Ермек Аманжолұлы жас футболшыларды жарысқа қалай дайындағанын айта келіп, қазіргі қазақ футболындағы өзекті мәселелерге тоқтала кетті.
– Еліміздегі әрбір клубтан легионерлерді кездестіруге болады. Әрі легионерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қаншалықты оң үрдіс? Легионерлер өзіміздің футболшыларға зиянын тигізіп жатқан жоқ па?
– Негізі, клуб сапына легионер алу деген әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мысалы, Каталониялық «Барселона» клубын алайық. Команда сапындағы әйгілі Месси – Аргентина, жақында ғана аталған клубтан ПСЖ-ға ауысып кеткен Неймар – Бразилия, Суарес – Уругвай елдерінің ойыншылары. Көріп отырғанымыздай, клуб 100 пайыз каталондықтардан құралмаған. Осыған қарамай, «Барселона» сәтті ойын өрнегін көрсетіп келеді. Байқағанымыздай, клубқа легионер алу деген дұрыс нәрсе.
Мысалы, бір клубта Тұңғышбай деген жігіт ойнайды делік. Оның әлеуеті – 80 пайыз. Клуб басшылығы осыны ескере отырып, командаға әлеуеті 100 пайызды құрайтын легионер алуы керек. Тұңғышбай әлгі легионермен тәжірибе алмаса отырып, келесі жылы соның дәрежесіне жетеді. Одан кейін басшылық әлгі 100 пайыздық легионермен келісім-шартты үзіп, әлеуеті 120 пайыздық басқа бір легионерді қатарға қосқаны абзал. Тағы бір жылдан соң Тұңғышбай оны да қуып жетеді. Осы ырғақпен Тұңғышбай өз-өзін дамыта береді. Легионермен бір сапта иық тірестіре ойнау арқылы оның ой-өрісі өседі. Ол енді бұрынғы Тұңғышбай емес. Дегенмен, біздің кей клубтар легионер алуда қателікке бой алдырып жатады. Басшылық командаға деңгейі өз футболшыларымен шамалас, кейде төмен легионерлерді алады. Бұдан кейін клубта ешқандай өрлеу болмайды. Керісінше, кері кетеді.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын бір топ жас бала Бразилияға кеткен еді. Сол кезде қазақ халқы: «футбол биік деңгейге көтерілетін болды» деп бөріктерін аспанға лақтыра қуанды. Дегенмен, олардан қайран болмады. Меніңше, балаларда мүлдем кінә жоқ. Олар Бразилияның оқу-жаттығу жүйесіне бірден бейімделіп, сабақты игеріп кете алмады. Неге? Мысал келтірсек, 3 сыныпты бітірген оқушыны бірден 6 сыныпқа көшірсеңіз, оған ауыр тиеді. Біздің балалар Бразилияда осы мәселемен бетпе-бет кездесті. Сондықтан да, бізге балаларды шет елдерге жібергеннен гөрі, спорт мамандарын сырттан алдырған тиімді. Сонда ғана нақты нәтижелер болады. Әзірге легионерлер – біздің жас өскіндерді тәрбиелеуде ең ұтқыр нұсқа болып тұр.
– Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында «Астана» «Селтиктен» сырт алаңда 5:0 есебімен жеңілгенде, ережесіз жекпе-жекші Қуат Найман: «Қазақстанда футболды жауып тастау керек. Мемлекет босқа шығындалып жатыр» деген сарында пікір білдіріп еді.
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Шығынға батырды деп футболды жауып тастауға болмайды. Мысалы, мен футболдан бөлек, күресті ұнатамын. Егер «күрес қажет емес» деп оны жауып тастаса, бұл мен үшін өте ауыр соққы болар еді. Ал, футболды қаншама адам тамашалайды. Футболмен өмір сүретіндер бар. Міне, соларды да ойлау керек. Экономикалық ахуалы нашар болғанына қарамастан, Африка елдері де футбол ойнап, белгілі бір деңгейде жетістіктерге жетіп жатыр.
Бүгінде футбол өз жемісін беруді бастап кетті десем болады. Қазір қазақ футболы даму үрдісінде. Мысалы, алаңдар көрермендерге тола бастады. Билеттен түскен ақша белгілі бір деңгейде кішігірім шығындарды жабады. Бұл әзірге бастамасы.
Жақында «Ордабасы» футбол клубы сатуға қойылды. Яғни, жекеменшікке берілмек. Егер «Ордбасыны» осыдан 15 жыл бұрын сатуға қойғанда, онда халық «бізге футбол түк те керек емес» деп, ешкім қызығушылық танытпас еді. Себебі, ол кезде жағдай қиын болатын. Осыдан 5 жыл бұрын қойылса да түсінбестік орын алар еді. Осы жерде мен Елбасы саясатын қос қолдап қолдайтынымды айтқым келеді. Еліміздегі көптеген нысандар асқан көрегенділікпен кезең-кезеңмен сатылымға қойылуда. Бұл заман талабы. Нысандар өмір бойы мемлекетке алақан жаймай, түбінде өз күндерін өздері көре алатын дәрежеге жету керек.
Футболда негізігі табыс көзі – трансфер. Яғни, қос команда бір-біріне ойыншы сатады. Бұрын мемлекет тарапынан көмек алып келген клубтар пәленбай ақшаға сырттан ойыншы сатып алса, енді клуб жекеменшікке берілген жағдайда мұндай шашылу тиылады. Саудаласу басталады. Мысалы шартты түрде айтсақ, ойыншыны 1 миллион теңгеге емес, 500 мың теңгеге алуға барынша тырысады. Ақша желге ұшпайтын болады.
Спорт мамандары аталған салада орын алып жатқан өзгерістерді жан-жақты жіті бақылып, өздеріне тиімді тұстарды іздейді. Ең басты, іздену (селекция) пайда болады. Бізде дәл қазір осы іздену жағы кемшін болып тұр. Әрбір жаттықтырушы ізденуші болу керек. Ауыл-ауылды аралап, жас таланттарды табу керек.
– Жасөспірім кезінде жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген балалар мектеп бітірген соң, жоқ болып кетіп жатады. Бұл неліктен?
– Жақында біз Англиядағы «Астон Вилла» клубына жаттықтырушымызды жібердік. Ол клубтағы шәкірт тәрбиелеу жүйесімен танысты. Сөйтсек, онда 14 лига бар екен. Мұнда оқу процесінен бастап бәрі бүге-шігесіне дейін жоспарланған. Нақты іс-шаралар кестесі бекітілген. Клуб мектебінде жаттығып жүрген балалар белгілі бір мерзім сайын емтихан тапсырып, 13 лигаға, ары қара 12 лигаға қарай көтеріле береді. Клубта желкілдеп өсіп келе жатқан футболшыға зор деңгейде көңіл бөлінеді. Сондықтан да, Англияда нақты жүйе болғасын, футбол күннен-күнге дамуда.
Міне, бізге де осындай жүйе керек секілді. Жасы 16-ға жақындаған балаларға арналған жарыстар жоқ. Бізде, жоғары лигадан бөлек, 2 лига бар. 16 жасар бала жоғары лигаға өте алмайтыны түсінікті. Бірінші лигаға ойын өрнегін көрсетулері қиын. Кей жолы болғандар ғана команда сапына қосылып жатады. Осындай көзге көріне бермейтін кедергілерге тап болған талантты балалар ғайып болып жатады. Сондықтан да бізге тағы қосымша 2 лига керек. Мектеп бітірген балалар осы лигаларда тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін шыңдайды. Содан кейін оларға жоғары лигаға өтуге мүмкіндік туады. Әйтпесе, бізде Қазақстанда 15-18 жас арасындағы балаларға арналған жарыс жоқ. Қазақстан ойындар күнтізбесін ашып қараңыз, жоқ. Бірен-саран жарыс бар. Бірақ, ол жеткіліксіз. Осы себепті, олар шеберліктерін шыңдай алмай, қарайып қалады. Қазақстан Футбол Федерациясы жарыстар санын көбейтсе, ахуал дұрысталады деп сенемін.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай