Қайрат Сарымсақов: «Анамның ақылымен таэквондоны таңдадым»

Oinet.kz 22-07-2017 899

Screenshot_3.jpg

Қайрат Сарымсақов, таэквондодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері

Жақында Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында таэквондодан әлем біріншілігі өтті. Біріншілікке 176 елден мыңнан аса спортшы қатысты. Осы жарыста Қазақстан үшін «ақ түйенің қарны жарылды»десе болады. Себебі, Қазақстан таэквондошылары соңғы 8 жылда ірі додаларда мүлдем орын ала алмай жүрген болатын. Бұл ет жеп, қымыз ішіп өскен қазақ жігіттері үшін зор мін еді. Мінекей, Оңтүстік Кореяда Қайрат Сарымсақов намысты қолдан бермей, көптен бері кетіп жүрген есені қайтарып, қазақ жігіттерінің абыройын асқақтатты. Әрине, бірінші орын ала алмаса да, асқан жігерлілікпен қолаға қол жеткізіп, қазақ таэквондосы ешбір елдікінен кем еместігін, әлі де болса болашағы бар екендігін дәлелдеді.    

Айта кетсек, Қайрат Сарымсақов – Қазақстан біріншілігінің 10 дүркін жеңімпазы. Азия ойындары және Азия біріншілігінің жүлдегері. Жақында әлем біріншілігінің жүлдегері атанып, ел ықыласына бөленіп жүрген Қайратпен  біз аз-кем тілдескен едік.

- Қайрат, жүлде құтты болсын! Қазақстан халқы 8 жылдан бері сарыла күткен жүлдені қанжығаға байладың. Көңіл-күйің қалай?

- Рахмет! Көңіл-күйім тамаша! Жарыс біткесін Қазақстанға тіке тарттық. Бізді Маңғыстауда әуежайдан жерлестеріміз зор қошеметпен қарсы алды. Шынымды айсам, жанкүйерлерімнен дәл мұндай ыстық ықыласты күтпеп едім. Олар жүрекжарды лебіздерін арнағанда көңілім босап кетті. Түсінгенім, ел ықыласына бөленгеннен артық бақыт жоқ екен. 

- Жарыс қалай өтті?  

-Меніңше жарыс ойдағыдай өтті. Әрине, бірінші орын алу үшін барымды салдым. Дегенмен, бұйырмады. Жарыста Нигерия, Португалия, Латвия және Тайвань елдерінің таэквондошыларын жеңдім. Ал, өкінішке қарай, жартылай финалда Өзбекстан таэквондошысына жол беріп қойдым. Әйтсе де, осыған бола көңілімді түсірмедім. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні бәріне белгілі. Менің ең басты мақсатым – Токио олимпиадасында топ жару. 

- Таэквондоны таңдауыңызға не себеп болды? 

- Бірде анам Ақтаудан Алматыға жұмыс бабымен іссапарға пойызбен шығыпты. Сонда вагондарда ақ форма  киінген сымбатты жігіттер ары-бері жүріпті. Бәрі тәртіпті. Сөздері де, істері де орнықты. Анам жанындағылардан сұрамай ма, бұлар кімдер деп. Сөйтсе, олар таэквондошылар екен. Маңғыстау облысының намысын қорғау үшін Алматыға бара жатқан беттері екен. Бұл анама ерекше әсер етіпті. Себебі, сол тұста мемлекет экономикалық қиындықтарды бастап кешіп жатты. Ел ішінде жұмыссыздар, маскүнемдер көбейген еді.

Не керек, анам Алматыдан орала сала, мені бірден таэквондо залына ертіп барды. Ол менің адам болғанымды қалады. Анамды ұятқа қалдырмас үшін мен барымды салдым. Арада 3 ай өткенде Түркістан қаласында өткен жарыста екінші орын алдым. Бұл менің ең алғашқы жетістігім еді. Осыған мен де, анам да ғажап қуанды. 

2010 жылы Парижде бір ірі жарыс өткен. 2 жекпе-жекте екі ел спортшысын ұттым. 3-ші жекпе-жегімді күтіп ринг маңында отырмын. Бір кезде дауыс күшейіткіштен: «Қайрат Сарымсақов, тезірек нөмірі төртінші рингке келіңіз. Сізге 1 минут уақыт беріледі. Кешіксеніз жарыстан шеттетілесіз» деген дауыс естілді. Ал, мен нөмірі екінші ринг жақтамын. Әлгі рингке барамын дегенше 1 минуттан асып кетті. Сонда да қайтпаймын. Рингке жетіп келіп, төрешімен жанжалдасып жүрмін. «Мен жекпе-жекке екінші рингте шығып жүрдім. Неге үшінші жекпе-жегімді төртінші рингте өткізетінімді алдын-ала ескертпедіңіз» деп қайталай беремін. Бірақ, мұнымнан бәрібір ештеңе шықпады. Жарыстан шеттетіліп қалдым. Бұл жерде кінә жаттықтырушымнан болған ғой. Ол менің қай уақытта, қай рингке шығатынымды қағазға жазып алып, төрешіге көрсету керек еді. Сол кезде ашуланғаным есімде. Қазір бұны күліп еске аламын. Жалпы, спортта мұндай қызықтар мен шыжықтарды бастан көп өткердім.

- Өзіңізді рухани тұрғыда қалай сезінесіз?

- Иә, тек спортпен айналыса беремін деп рухани жағынан тоқырап қалатын кездерім болады. Сондайда мен фильмдер көргенді ұнатамын. Әрине, спорттық фильмдерге баса назар аударамын. Айтар ойы бар дүниелерді көргенде жеңілдеп қаламын. Әсіреке, Джеки Чан түскен фильмдерді қалдырмай көремін. Оның киноларында міндетті түрде жамандықты жақсылық жеңіп, әділет салтанат құрады. Міне, қазіргі балаларға осындай жан дүниені сергітетін мейірімді дүниелер көрсетіп, саналарына сіңіре беру керек. Жас кезде бала санасын лас дүниелермен кірлетпегені абзал.

Спортшы болғысы келетін інілеріме айтарым, ойы таза болу керек. Спортшы өзін лас нәрселерден аулақ ұстаса ғана жетістікке жете алады.  

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Гауһар Әлімбекова, әнші: «Бала күнімде бір өліп, тірілгенмін»
Ұлжалғас Тәшібекқызы: «Мүмкін, маған бір қуыршақтың рухы қонған шығар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу