Ұлжалғас Тәшібекқызы: «Мүмкін, маған бір қуыршақтың рухы қонған шығар»

Oinet.kz 22-07-2017 1031

Screenshot_2.jpg

Ұлжалғас Тәшібекқызы, Оңтүстік Қазақстан облыстық  қуыршақ театрының әртісі

Бүкіл жан дүниесіндегі сезімі арқылы  қолындағы қуыршаққа жан бітіріп, жансыз қуыршақты жанды бейнеге айналдырғанда   қойылымдағы образдардың мазмұнын тереңдете аша түседі.. Осы шеберлігінің арқасында өзінің қолындағы көркемдік аспабы-қуыршағының бейнесіне қарап, оның қандай кейіпкер екенін дөп басып бірден тани білетін, қуыршақ өнерінің қыры мен сырын әбден жетік меңгерген өнер иесі, Оңтүстік Қазақстан облыстық  қуыршақ театрының әртісі Ұлжалғас Тәшібекқызымен әңгімелескен едік.

- «Адамның таланты туған жеріне тартады» деген тәмсіл бар. Туған жер- адам өмірінде ерекше орын алады. Әңгімемізді сіздің туып өскен жеріңізден бастасақ?

- Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек елді мекенінде 1959 жылы дүниеге келдім. Табиғаты тамаша мекенде балалық шағым өтті. Менің ойымша адам кез-келген нәрсені ұмытуы мүмкін. Алайда, балалық шақ адамның жүрегінің түбінде қалып қоятын тамаша естеліктердің бірі. Менің ата-анам соғысқа қатысып, өмірде жақсылықпен қатар қиыншылықты да көп көрген жандар еді.Өмірде көргені көп ата-ананың тәрбиесін алып жаман болмадық. Отбасында сегіз қыз болып, бір-бірімізді жетелеп жүріп өстік. Тоқшылық та, тапшылық та болды. Екеуінің де сынынан сүрінбедік. Бірінші Алла, одан кейін әке-шешем мен үшін пір тұтатын тұлғалар. Екеуі бір шаңырақ астында 42 жыл отандасты. Қазір анамды есіме түсірсем көңілім босайды. Маған үнемі: «қызым сенің қолыңнан барлығы келеді, сен мықтысың, сен ақылдысың» деп айтатын. Ешуақытта дауыс көтеріп ұрысқан емес. Міне, анам бізді қалай тәрбиелесе, мен де балаларыма сол берген ұлағаттылықты бойларына сіңдіріп өсірдім. 

- Қуыршақ театрында жұмыс істейтін мамандық  таңдауыңызға  не түрткі болды?

- Қазір ойлап қарасам... Мен қуыршақ театрын  бала күнімде-ақ  таңдап қойған екенмін.  Бала кезімде көп қуыршақ ойнап өстім. Ол кезде қазіргідей сан түрлі қуыршақтар жоқ еді. Кейде үйде маталардан өзіме қуыршақ тігіп алып ойнаған кездерім әлі есімде. Мектепте 5-6 сынып оқып жүргенде ауылға  Алматы қуыршақ театры келіп «Шайтанның шапалағы» атты спектакль қойды. Мен сол кезде қатты  таңырқадым. Керменің артында тұрып қалай ойнап жатыр деген ой маза бермеді. Сол жолы мен шайтанды көріп шошынып, қатты ауырып қалған едім. Қазақшылыққа сенетін болсақ, мүмкін маған бір қуыршақтың рухы қонған шығар деп кейде ойлаймын. 

1977 жылы Леңгірде  аудандық мәдениет бөлімінде бір жыл жұмыс істедім.  Сол жылы «Алло, мы ищем таланты» конкурсы арқылы Алматы қаласындағы Республикалық эстрада-цирк студиясының қуыршақ бөліміне оқуға түстім. Оқу орнын бітіргеннен кейін Алматыдағы  Республикалық қуыршақ театрына актриса болып қабылданып,  өнердегі еңбек жолым сол жерден бастау алды. 1984 жылдары  Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры ашылғаннан бастап , осы күнге дейін   театрда еңбек етіп келемін.  

1990 жылы театрда жұмыс атқара жүріп, Ленинградтың Мемлекеттік театр музыка және кинематография институтын бітірдім. Содан бері театр қойылымдарында жүзден аса рөлдерді сомдап келемін. 

- Өнерді қызығы мен қиындығы қатар жүретін жол деп жатады... Театрдағы ең қызықты сәтіңіз және қиын болған кезіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Өнер жолы қиын деп тек жалқаулар айтатын сияқты. Өнер де тек қана еңбек ету керек, өнердің еш қиындығы жоқ. Бірақ қанша жерден талантың болып тұрып еңбек етпей жалқаулық танытатын болсаң сенен түк шықпайды.  Еңбектің арқасында ғана жетістікке жетуге болады. Талант 80 пайыз, еңбек 20 пайыз деп айтады ғой өнер әлемінде. Мен ол пікірмен келіспеймін. Көп еңбектің арқасында «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атануға» болады. Ал театрдағы қиын кезеңдерге келетін болсақ...сахнаға жаңа образды алып шығу көп ізденіспен, еңбекпен келетін дүние. Жансыз қуыршаққа жан бітіріп, берілген образды жан дүниеңмен шығармасаң, сенен нағыз кейіпкер шықпайды. Сондықтан да мен айтар едім, ең қиын сәт – қойылымды тамашалаған балаларды сендіру үшін жасалған іс-әрекеттің барлығы да оңай емес. Театрдың арқасында тамаша адамдармен тығыз байланыста жұмыс істедім. Бірқатар белгілі  драматургтер  Дулат Исабеков, Мархабат Байғұт, Мұрат Ахманов, Әдібай Табылды, Әлібек  Файзуллаұлы қойылымдарындағы рөлдерді ойнадым. Театрдың режиссерлары Тастан Өтебаев, Әскер Құлданов,Бекболат Парманов сынды  өнер иелерімен   тізе қосып жұмыс істеудің арқасында өнерім шыңдала түсті.

- Қазіргі жастар кинематография, театр салаларында жұмыс істегенді жөн санайды. Қуыршақ театырында жұмыс істеймін деп құлышынып тұрғандар аз . Жалпы, сіздерде кадр тапшылығы сезіледі ме?

- Өкінішке қарай сезіледі. Кадрдың жетіспейтіні өте аянышты. Жастардың не себепті қуыршақ театырына келмейтінін  білемін. Қуыршақ театры көбіне  еленбей қалатын кездер жиі кездеседі. Бұл қуыршақ театрына жасалған қастандық деп білемін. Өмірінің жартысын қуыршақ театырына арнаған әртістердің еңбегі бізде онша бағаланбайды. Егер еңбек өз дәрежесінде бағаланатын болса, онда жастарға да мотивация болатын еді. Мен де ұстаздарым сияқты еңбек етсем осындай дәрежеге жетемін деп алдына мақсат қоятын болады. Билік тізгінін ұстағандар осыны елеп-ескерсе жақсы болатын еді. Себебі жаһандану заманында ұлттық құндылық пен мәдениет ең асыл қазына. Ол келешек ұрпақтың кемелді болашағының қоры. Ал, қуыршақтар балаларға әсер етеді. Алғашқыда  қуыршақтар жастайынан балаларға емес, қоғамға ой салу үшін діни, филоссофиялық мазмұнда жасалса, бүгінде ол – тәрбиелеуші рөлінде.

- Қуыршақ театырының болашағы қандай?

Кино да, телевидение де театрдың орнын ауыстыра алмайды. Театр деген өзінше бөлек әлем. Әрине, инновациялық технологиялар спектакльде қолданылуы мүмкін, бірақ оның жөні басқа. Театрдағы көрермен мен актердің арасында өзара қарым-қатынас қалыптасады, бір-бірінің эмоциялық көңіл күйлерін сезінуінің өзі қандай, оны тілмен айтып жеткізу қиын. Қазір қуыршақ театрларының кәсіби деңгейі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Қуыршақ театрына деген сұраныс төмендеп көрген емес, оның көрермендерінің жасы да әртүрлі, балабақша жасындағы, мектеп жасындағы, одан ересектері бар, олардың өзіне лайық қойылымдар көрсетіп келеміз. Әрине қуыршақ театырның болашағы жарқын деп ойлаймын. 

Соңғы жылдары әлемде жаңа қуыршақ театрлары көбейіп келеді. Бұл құбылыс қуыршақтар әлеміне көп өзгеріс әкелді. Біз бүгінде олардың театрдағы орны жайында көп ойлаймыз. Соңғы кездері республикалық және халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінің өткізіле бастауы бұған жарқын дәлел. Өзгеше қуыршақ түрлері  де пайда бола бастады. Театрлар классикалық туындылармен жұмыс істеуге бет алды. Қуыршақ театрларының репертуарларына Шекспир, Брехт, Гоголь, Ануй, Шукшин, Айтматов шығармалары ене бастады. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан бүгінгі күнгі драматургияның   ойландыратын   мәселесі болып көрінеді. Болашақта жаңа драмалық шығармалармен қатар қуыршақ театрының репертуарына лайықты шығармалар да жазылатын шығар деп үміттенеміз. “Ер Тарғын”, “Қалқаман – Мамыр”,  “Батыр Баян”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс”, “Қозы  Көрпеш – Баян сұлу”  және “Қорқыт” сынды халық  ертегілері   мен эпостық жырларымыз назардан тыс қалып  бара жатыр. Бүгінде қуыршақ театры балалар үшін жұмыс істейтіндіктен, біз оларды мұндай тамаша туындылар арқылы ұлттық сезімге, еліне, жеріне сүйіспеншілікпен қарауға  тәрбиелейміз.

Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова

Қайрат Сарымсақов: «Анамның ақылымен таэквондоны таңдадым»
Зәуре Бекембайқызы: «Тойдан тапқан қаржыға костюм тіктіреміз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу