Интернет-магазин FR Group ждет
04-01-2023
Зәуре Бекембайқызы, «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі
Әжібекова Зәуре Бекембайқызы – Педагогика ғылымдарының кандидаты, «Мәдениет қайраткері», оңтүстіктің мақтанышына айналған «Қазына» би ансамбльінің көркемдік жетекшісі. Өнердің ең нәзік, сыршыл түрі-бидің қыр-сырын жетік меңгерген маманмен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Зәуре Бекембайқызы, айтыңызшы алғашқы би өнеріне қалай келдіңіз?
- Би әлеміне мен тосыннан түскен жоқыпын. Менің ата-анам өнерге жақын адамдар еді. Әкем Әжімбеков Бекенбай кәсіби музыкант. Өз саласында танымал азаматтың бірі. Ресейдің мәдени астанасы саналатын Санкт-Петербург қаласындағы Мәдениет институтын тәмәмдаған. Ал, анам жақсы ән салатын. Сол кісілердің арқасында өнерге бір табан жақын болып өстім. Мені дұрыс тәрбиеледі. Бала күнімнен өнерге не керек екенін білдім. Маған кейде «сіздің би, костюм, музыка таңдауға келгенде талғамыңыз жоғары» деп айтады. Өнердегі жоғары талғам маған генетикадан бұйырды деп жауап беремін.Осылайша мен би өнеріне келдім. 1987 жылы Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының хореография мамандығына оқуға түсіп, 1993 жылы үздік аяқтадым. 2003 жылға дейін мен Мәдениет институтында хореографиядан сабақ беріп келдім.
- «Қазына би» ансамблінің құрылу тарихын айтып берсеңіз. Жетістіктеріне де тоқталсақ.
- Фольклорлық-этнографиялық сазды аспапты ансамбль 1986 жылы құрылды. Ең алғашқы көркемдік жетекшісі Мұса Жаркынбекұлы болды. Бірінші құрамда тек қана қыздар өнер көрсетті. 2003 жылы мен «Қазына» би ансамбьлінің көркемдік жетекшісі қызметіне шақырту алдым. Мұса Жарқынбекұлының шақыртуынан бас тарта алмадым. Бүгінде «Қазына» би ұжымымен 14 жылдан бері қызмет етіп келемін. Отыз жыл ішінде «Аламан аймақтары», «Бұран бел», «Шабыт» сияқты республикалық додалардың жеңімпазы атандық. Елімізде біз жеңбеген байқаулар қалмаған шығар. Енді міне, біздің ұжым халықаралық байқауларда биіктен көрініп жүр.Біз үшін осы жыл жемісті жыл болды. Ең қуанышты жаңалықтарымыздың бірі біздің ұжым тұңғыш рет Президент қоры сыйлығын иемденді. Ұжымның әрбір мүшесі сыйлық алды. Президент қоры сыйлығы бізді жігерлендіріп алдағы жарыстарда жеңіске жетуімізге себепші болды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен халықаралық «Ресей раушаны-2017» өнер фестивалінде «Қазына» би ансамблінің солистері «Жеке орындаушы» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Бірі білсе, бірі білмес Екатеринбургта халықтық-фольклорлық би және заманауи би өнері жоғарғы деңгейде дамыған. Бұл жарыста біреуді таңқалдыру оңай болған жоқ. Бірақ біздің «қазыналықтар» қиындыққа төтеп беріп қана қоймай. Гран-при жүлдесін жеңіп алдық. Бұл жеңіс бүкіл қазақ елінің жеңісі болды.
Тағы бір айтулы жеңістердің бірі--Түркия елінде өткен «Алтын Қарагөз» халықаралық би байқауына “Қазына” би ұжымы екі рет қатысты. Алғашында тек үздік ондықтың қатарынан көріндік, кейін қайта күш жинап, жаңа бағдарламалар дайындап, бағымызды сынап көрдік. Талмай еңбектену мен ізденістің нәтижесінде әлемнің 22 елі қатысқан сында талай азулы бишілерді артқа тастап, бас жүлдені еншіледік. Сондай-ақ, Австрияда 73-ші рет ұйымдастырылған халықаралық фестивальде «Қазына» ұлттық өнерді паш етті.
- Түркия елінде өткен «Алтын Қарагөз» додасында жеңіске жеттік деп айтып отырсыз. Жалпы, би байқауына дайындық қалай болды?
- Түркия төрінде жыл сайын өтетін халықаралық би байқауына ең алғаш мәрте 2011жылы өзіміздің қаржымызға барып жарысты тамашаладық. Байқауды өз көзіммен көргеннен кейін жеңіске жету үшін не керек екенін түсіндім: Біріншіден, халықтық-фольклорлық би болуы шарт. Екіншіден, бидің музыкасы барлығына түсінікті болуы керек. Яғни, басқа ұлт өкілдеріне де біздің ұсынып отырған биіміз бен музыкамыз түсінікті болғанда ғана біз жеңіске жететінімізді ұқтым. Би арқылы қазақтар қандай екенін, біздің ұлттық дәстүрімізді паш ету біз үшін бірінші кезекте тұрды.Осыған орай «Қазына» би тобы «Аққу» биін биледі.
Сізге бір аңызды айтып берейін: «Қалша Қадыр елсіз, сусыз жапан түзде жалғыз қалады. Өлім халінде жанталасып жатқан кезде аспаннан бір ақ қаз (аққу) ұшып келіп аузына су тамызып, оны шөлден құтқарып алады да, айдын шалқар көл жағасына бастап барады. Бұл қаз, аққу болып құбылып келген перизат – ақ қыз екен, үстіндегі аққу терісін сыпырып тастап, ару қызға айналып, Қалша Қадырдың жарасын емдеп жазады. Қалша Қадыр осы ақ қызға үйленеді, бұдан туған ұл «қазақ» атанады. Қазақтан: Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс деген үш ұл туады. Ақарыстан ұлы жүз, Бекарыстан орта жүз, Жанарыстан кіші жүз тайпалары тарайды. Қазақтар ақ қазды, аққуды киелі құс есептеп, оны атуға тыйым салады. Бұлардың бәрі аққу мен қазға сиынатын ертедегі ұғымның сарқыншақтары». Мұны неге айтып отырмын? «Аққу» биі арқылы қазақтың салт-дәстүрін көрсетуге тырыстық.Би қимылдарын ғана емес, бишілердің әрбір қадамын қадағалаған қазылардың талабы жоғары болды. Байқау кезінде қатысушылар 3 шақырымдық шеру кезінде билеп, ұпай жинаған. Сондықтан тек кәсібилер ғана бақ сынаған сайысқа қиын әрі ерекше би қойылымын дайындадық. Бұл ретте белгілі режиссер Нәсіпханым Камалқызы бізге көмектесті. Нәтижесінде қазақтың күмбірлеген күйіне қойылған билерімен өзгелерді таң-тамаша қалдырған ұжымымыз “Алтын қарагөз” атағына лайық деп танылды.
- Елімізде би саласына қаншалықты қолдау көрсетіледі?
- Алысқа көз жүгіртпей-ақ, өзіміздің тобымызды мысалға алатын болсақ. Түркия еліне іссапарға баратын кезде бізде қаржылық проблемалар кездесті. Бірақ біздің проблемамыз кімге қызықты? Тек қана барып-қайтатын ұшақ билеттерін қамтамасыз етті. Ал костюм, медициналық сақтандыру сияқты мәселелердің шешімін өзіміз таптық. Кейде той-томалақтардан түскен қаржыға костюм тіктіреміз. Біздің ұжым шетелге көп шығады. Салыстырып қарайтын болсақ, біз мемлекеттік қолдау тұрғысынан шетелдік әріптестерімізден әлі де болса қалып келеміз...Өкінішті, бірақ бұл ащы да болса, шындық...
- Би өнері дегеніміз не? Несімен ерекшеленеді?
- Би өнері дегеніміз – өнерлердің ішіндегі бар өнер түрлерін бойына топтастырған жас өнер. Анығырақ айтсам, бидің ішінде театр өнері, актерлік өнер, музыка өнері, сурет өнері, дизайнерлік өнер де бар. Би сөзсіз, тек бишінің дене қимылымен, бет-әлпетімен әңгімелейді. Бидегі ырғақтықты сезіну қимылдың бір уақытта бірдей қайталануы, үзіліс пен екпін түсіруі әрі алмасуы нәтижесінде жетеді. Бидегі музыкалық, ырғақтық үзілістер би үзілістерінің эмоциялық-динамикалық қалпына сәйкес келеді. Би билеу орындаушыға мамыражай, жан жадыратар рахат бір күй әкеледі. Би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу деп білемін.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова