Бауыржан Бөріқұлов: «Шәкірттеріміз күткен нәтижеден де жоғары өнер көрсетті»

Oinet.kz 20-06-2017 1078

7822015f4684472d06d10d38242ee60f.jpg

Жақында Шымкент қаласында орталық су спорты кешенінде Халықаралық балалар күніне орай бірінші жас дәрежесіндегі ұлдар мен қыздар арасында жүзуден Қазақстан біріншілігі өтті. Жылдағыдай бұл біріншілікке еліміздегі барша өңірден кілең мықтылар келді. Аталған біріншілік өз жерінде өтіп жатқасын, Оңтүстік құрамасы барынша тырысып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Жарысқа тек физикалық тұрғыда емес, моральды-психологиялық тұрғыда сақадай-сай дайын болған күнгей қырандары үш күнге созылған додада тек Астана құрамасына жол беріп қойып, жалпы ұпай саны бойынша кестеде екінші орынға жайғасты. Үштікті көршілес киелі Тараз қаласынан келген спортшы балалар қорытындылады. Дегенмен, кестеде көш бастауға ұмтылған Оңтүстік құрамасы бұған аса қуана қоймады. Ал, жанкүйерлерінің қуанышында шек болмады. Себебі, 30-ға жуық құраманың арасында жүлделі орыннан көрінген тамаша жетістік. Егер Оңтүстік құрамасының өткен жылы үштіктен көрінгенін ескерсек, биыл құрама ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Олар осы ырғақтан жаңылмаса, келесі жылы бірінші орынды жеңіп алары кәміл.

Сонымен, Оңтүстік құрамасының сапында негізінен іскер басшы Бауыржан Бөріқұлов тізгін ұстаған «Орталық су спорты» кешенінің және қалалық спорт мектебінің шәкірттері бақ сынады. Алғашқы күні 200 метрге жүзден қалалық спорт мектебінің шәкірті  Матвей Бунак қарсыластарына дес бермеді. Жүзуден 4х50 бойынша өткен эстафетада «Орталық су спорты» кешенінің бір топ қыздары – Рухия Уәлихан, Дарья Аристова, Диана Нұрланқызы және Диана Аманжоловаларға кішкене ғана бақ жетіспеді десе болады. Оларға Астана құрамасынан жеңісті жұлып алуға зор мүмкіндік болды. Жанкүйлерлер осы сәтте өкініштен сан соқты. Жалпы, бірінші күн күнгейліктер үшін жемісті бола қоймады. Жас спортшылар көбіне төртінші және бесінші орындардан көрініп жатты. Осы қателіктеріне сараптама жасап, нақты нәтиже шығарған оңтүстіктің құрамасы  екінші күні қарсыластарын шаң қаптырды. Матвей Бунак бірінші күнгі жетістігін тағы қайталады. Бұл жолы ол 100 метрге жүзуден өзіне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеді. 4х100м. в/с эстафетасында Матвей «Орталық су-спорт кешеніндегі» серіктері - Атем Шевшенко, Кирилл Колесников, Райымбек Айдарәлілермен бірлесе отырып, бірінші орынды ешкімді бермеді. Бірінші күні екінші орын алған қыздар келесі күні тағы сол жетістіктерін қайталады. Бірінші орынға шығудың сәті түспеді. Үшінші, яғни соңғы күні 400 метрге жүзген Дастан Әлзайыр жеңіс тұғырынан көрініп, Оңтүстік өңірінің мерейін тасытты. Дегенмен, осы күні Дастаннан өзге ешкім бірінші орыннан көріне алмады. Көпшілігі екінші орынмен шектелді. Бұл жарыста оңтүстіктің балаң спортшыларына Астана қаласының спортшылары азулы қарсылық таныта алды. Әрине, елордалықтар жеңіске оңайлықпен жете қоймады. Жекелеген жарыста зор шеберлік танытқан күнгейліктер командалық ойындарда бір-бірімен жеткілікті деңгейде түсінісі алмай қалып жатты. Ең бастысы, бұл біріншілік балаларға зор стимул сыйлады. Жан-жақтан келген жас жүзгіштер Оңтүстікте достықтарын нығайтып, өзара тәжірибе алмасты десек те жарасады. Бұл біріншілік олар үшін трамплин іспеттес болды. Осында көзге түскен жүзгіштер енді шеберліктерін арттырып, халықаралық турнирлерде бақ сынап көруге тырысады.   

Орталық су спорты кешенінің директоры Бауыржан Бөріқұлов шәкірттеріне көңілі толатынын айтты. Олар өзі ойлағаннан жоғары деңгейде жарыс көрігін қыздырды. 

Биыл ашылғанына 5 жыл толған кешенде жүзу спортымен 114 бала шұғылданады. Олимпиада ізбасраларын даярлайтын облыстық спорт мектебінің,  мүгедектер спорт мектебінің спортшылары да  осында оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Барлығы 600-ге жуық спортшы тек жаз айларында ғана емес, сонымен қатар қыста да жүйелі түрде жаттығады. 

- Жалпы, біздің мекеме мемлекеттік қазыналық-коммуналдық кәсіпорын болғасын, халыққа ақылы да қызмет ұсынады. Мұнда жаттығу үшін 18 жасқа дейінгі балалар бір айға 4000 теңге, ал одан ересектер 7000 теңге төлейді. Бұрын баға бұдан төмен болатын. Дегенмен коммуналды қызмет ақысы кешен ашылған күннен бастап бүгінге дейін 300 пайызға өсіп кетті. Сосын бағаны көтеруге мәжбүр болдық. Бұдан түскен қаржыға нұсқаушыларға айлық төленіп, мекемедегі басқа да қажеттіліктерге жұмсалады. Кешен сағат 7.00-22.00 аралығында жұмыс істейді. Өз қалтасынан қаржы төлейтін халық таңғы 7-ден 9-ға, түскі 1-ден 3-ке, кешкі 7-ден 10-ға дейін шомылса, қалған уақытта спортшылар жаттығады. Биыл біздің кешенде 45 мыңға жуық адам шомылыпты. Келушілер саны жылдан-жылға көбейе түсуде. Себебі, Қазақстанда ең арзан қызмет көрсететін біздің кешен. Өзге қалалардан келген жүзуге құмар жандар біздің бағаға таңданыстарын білдіріп, разы болып жатады. Өйткені, басқа жақта баға біздікімен салыстырғанда әлдеқайда қымбат, - дейді кешеннің директоры Бауыржан Бөріқұлов. 

Жаз басталып та кетті. Жазбен бірге күн ыси бастады. Енді жаппай жүзу маусымы ашылады. Осы кешенге өзіңіз немесе балаңызды ертіп келіп, жүзу спортымен айналыссаңыз болады.   

Кәусар Ыбырайқызы: «Арманым - Олимпиада жеңімпазы болу»
Ақерке Наурызбаева: «Боксты таңдауыма – Бекзат Саттарханов себеп болды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу