Кәусар Ыбырайқызы: «Арманым - Олимпиада жеңімпазы болу»

Oinet.kz 20-06-2017 1072

Кәусар Ыбырайқызы.jpg

Жақында 9 жасар шымкенттік Кәусар Ыбырайқызы мәнерлеп сырғанаудан Ресейде өткен халықаралық турнирде 1-орын алып, көк байрақты желбіретіп қайтты. Біз Мәскеу төрінде қазақ елінің абыройын асқақтатқан мәнерлеп сырғанаушының анасы Жанбота Атабековаға жарыстан соң хабарласып, сөйлескен едік.

- Кәусар неліктен мәнерлеп сырғанауды таңдады? Бұған не себеп болды?

- Кәусар ес білген шақтан бастап спортқа қызықты десем болады. Балалар көбіне теледидардан мультфильм көргенді ұнатады ғой. Ал, Кәусар керісінше, спорттық іс-шараларды, жарыстарды қызығып тамашалайтын. Әсіресе, ол Сочиде өткен қысқы Олимпиадада ел қоржынына жалғыз жүлдені салған Денис Тенді теледидардан көрсе қуанып қалатын. Осылайша, біз оның мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылығын байқап, №8 қысқы спорт мектебіне бердік. Кәусарды тәжірибелі жаттықтырушы Марина Шевчук қанатының астына алды. Кәусар жаттықтырушысымен тез тіл табысып кетті. Оның берген кеңестерін тыңдап, айтқандарын екі етпей орындап жүрді. Жауапкершілігі зор Кәусар табандылығының арқасында елімізде өткен біріншіліктерде жүлделі орындардан көріне бастады. Нәтижесінде биыл халықаралық жарысқа қатысу бақытына ие болды.  

«Қызыңыз Ресейге барады» деген сүйінші хабарды алғаш естігенде не деп жауап қайырарымды білмей қалдым. Сол күні  №8 қысқы спорт мектебінің директоры балалары Ресейге жарысқа баратынын ата-аналарды жинап, ақылын айтты. «Балаларды «міндетті түрде орын ал»  деп қыстамауды, жарыста барынша өздерін еркін сезінуге жағдай жасау керектігін жеткізді. Мектеп директорының айтуынша, егер балаға алдын-ала қатаң міндет жүктеп қойса, ол қобалжып, алаңда ойындағы іс-әрекеттерді жасай алмай, жігері құм болатын көрінеді. Сондықтан да, біз Кәусарға ештеңе демедік. Ал, ол болса ештеңеге алаңдайтын емес. Әлі бала ғой. Оған Мәскеу деген мына тұрған көрші ауыл секілді. Керісінше, біз жарысқа өзіміз қатысатындай алаңдап жүрміз. 

Көп өтпей біз Мәскеуге аттандық. Ресейде спортқа қатты көңіл бөлінетіні анық аңғарылды. Мәскеуде бізге жоғары сапалы қызмет көрсетілді. Әлемдік стандартқа сай спорт кешенін көріп, таң-тамаша болдық. Шынымды айтсам, дүниенің түкпір-түкпірінен келген спортшыларға қарап, жарыста Кәусарға қиын болатын шығар деп топшыладым. Қызым бесінші, алтыншы орын алса да жаман емес деп ойладым. 

Сонымен, жарыс басталды. Қыздар мұз айдынында бірінен соң бірі өнерлерін көрсете бастады. Ешқайсысы осал емес. Барлығы тек жеңіске жету үшін келгендей. 

Бір кезде кезек Кәусарға келіп жетті. Жүргізуші мүз айдынына енді Қазақстан елінің қызы шығатынын хабарлағанда тақымымды қыстым. Уайым жеп барады. Дегенмен, қуанышқа орай, Кәусар айдында өзін еркін ұстап, секундтар өткен сайын менің күдігімді сейілтіп, сенімімді нығайта берді. Мың бұрала би билеп, көрермендерді тәнті етті. 

Көптен күткен маңызды сәт келіп жетті. Жарыс аяқталғанда төрешілер ұпайларды хабарлай бастады. Ең жоғары ұпайды Кәусар жинапты. Осылайша ол турнир жеңімпазы атанды. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жазады. Мен елден шыққанда мұндай болады мүлдем ойламадым. Үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Енді, мінекей. Көрмейсіздер ме?  

- Кәусар бос уақытында немен айналысады?

- Оның мәнерлеп сырғанаушы болуына биге құмарлығы себеп болды. Біз оны қаладағы өнер мектебіндегі би үйірмесіне жібердік. Оған ұнаған болуы керек, үйірмеге әрқашан асығып тұратын болды. Кәусар 1-мамырда бейбітшілік күніне орай облыс орталығында өткен шеруге қатысты. Меніңше, оның жеңіске жетуіне үйірмеде үйренгендері өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Мен оның жаттықтырушысы Марина Щевчукке және оқушыларға жағдай жасап отырған спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековке алғыс айтқым келеді.  

Біз оқумен қатар спортқа да, би үйірмесіне де баруға уақыт тауып жүрген Кәусармен тілдескен едік.

- Басында менде жеңіске жетемін деп ойламадым, - дейді жеңімпаз қыз. - Дегенмен, мұз айдынында өнер көрсеткен қарсыластарыма қарап, «менен асып бара жатқан ештеңесі жоқ екен ғой» деп ойладым. Содан кейін өз-өзіме деген сенімділік пайда болып ойымдағыны жүзеге асыра алдым. 

Арманым – Денис Тен секілді қысқы Олимпиада жүлдегері немесе жеңімпазы болғым келеді, - дейді Кәусар.

Біз арманы асқақ, туған жері Қазақстанды әлемге танытқысы келетін жігерлі қызға сәттілік тіледік. 

Қуандық Шәкіржанұлы, актер: «Ұрғашы есекке мінемін деп «өле» жаздағанмын»
Бауыржан Бөріқұлов: «Шәкірттеріміз күткен нәтижеден де жоғары өнер көрсетті»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу