Биыл Жұмат Шанин мен Нәзір Төреқұлов жан-жақты дәріптелмек
Өңірлік коммуникациялар орталығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков журналистерді 2017 жылға жоспарланған идеялық-ақпараттық жүмыстардың басымдықтарымен таныстырып өтті.
-2017 жылдың басты оқиғасы -10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында халықаралық мамандандырылған «ЭСКПО-2017» көрмесінің өткізілуі болмақ. Бұл іс-шараның жалпыұлттық жобаға айналғанын атап өтуіміз қажет,- деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Биыл сондай-ақ, сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтеді. Мамырда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы кең көлемде тойланады. Маусымда елорданың Алматыдан Астанаға көшуінің 20 жылдығы, Қазақстанның таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылуының 25 жылдығы аталып өтіледі. Биыл сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр.
2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шара былтырға белгіленіп, «ЭКСПО» көрмесіне дайындық шараларына байланысты биылға шегерілген болатын. Құрылтай Астана қаласына шақырылып отыр. Оған алыс және жақын шетелдердегі 500-ге жуық қазақ қатысады. Биылғы құрылтайды ұйымдастырушылар өзгеше форматта өткіземіз деп отыр. Құрылтайға шақырылушылардың денін жастар құрайды.
Биыл сонымен бірге қазақтың кәсіби театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің 125 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың алғашқы елшілерінің бірі Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығы аталып өтіледі.
Мұрағаттан, 2017 ж