Наурыз неге ала-құла тойланып жүр?

Oinet.kz 01-10-2018 1119

Screenshot_10.jpg Наурыз мейрамы – шығыс халқының жыл басы саналады. 22 наурыз, яғни күн мен түннің теңесетін шағы. Қыстың ызғары кетіп, күн шуағын молынан төгіп, көк шөптің басы қылтиған кезде адамдар айналаны тазартып, мерекені тойлауға кіріскен. Кеңінен жайылған дастарханға бұл күні асылған ет молынан қойылып, бауырсақ, тары, талқан секілді ұлттық тағамдар қонақтарға ұсынылады. Мерекенің басты мәзірі – наурыз көже. Наурыз мерекесінің басты ерекшелігі бір-біріне өкпелі адамдар реніштерін ұмытып,  кешірімшіл, рахымшыл болған. Наурыз- ынтымақ, береке мен шаттықтың мейрамы.   Кеңес үкіметі тұсында «Наурыз - исламның қалдығы» деп ата-бабадан мұра болып келе жатқан Ұлыстың ұлы күнін тойлауға тыйым салынып еді. Бұғаудағы қазақ халқы сонда да ұлттық мерекені атаусыз қалдырмады. Еркіндіктің ақ таңы атқанда  ұлттық мереке күнтізбеде қызылмен жазылып, Наурыз кең көлемде тойлана бастағанда жоғалғанымызды тапқандай қуанып едік. Мереке жақындағаннан әр өңірде киіз үйлер тігіліп, көшелер ұлттық нақышта безендіріліп, спорттық жарыстар мен концертттік бағдарламалар қойылып жүр. Алайда соңғы жылдары Наурыздың ұлттық нақышы жоғалып бара жатқандай. Атаулы датада жыл сайын тігілетін киіз үйлердің алдында көктем мейрамы әйтеуір  жаттанды сцераниймен өтуде. Қазақстанда Наурыз мерекесін атап өтуде бірізділік жоқ. Әр өңір өзінше әр түрлі тойлап жатыр. Мәселен  батыс аймақтарда 22 наурызды бір апта бұрын тойлап, 14 наурыз күні бірін-бірі «бір жасқа толуларымен құттықтаса», Оңтүстікте дәстүр басқаша. Бір кездері Наурызды қарсы алуды  киелі Қазығұрт өңірінен бастау керек деген ұсыныс та айтылып еді.  Бірақ аяқсыз қалды.

Ұлттық мейрамның еліміздің әр өңірінде әртүрлі деңгейде өткізіліп отырғанына әсте көз жұмып қарауға болмас. Жаңарудың бастауы – Наурыз мерекесін еліміздің барлық өңірінде тең дәрежеде тойлауға өзгелер не дейді екен?

Жамбыл Артықбаев, тарихшы-этнолог:

Мерекені   «Көрісуден» бастаған жөн

Көрісу қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, қазір қайта жанданып жатыр.   Біз Наурыз мерекесін Батыс Қазақстанда қалыптасқандай  14 наурызда  осы «Көрісуден» бастап тойлағанымыз жөн. «Көрісу»  22 наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып  Күн мен Түннің теңелген сәтін тосып, бір-бірімізді құттықтап,  мемлекет астанасында, ірі қалаларда от шашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс.  Мәдениет және спорт,  Білім және ғылым министрліктері алдын ала Наурызбен құттықтау шараларын ұйымдастырып жатса қандай тамаша?! Бізде әлі күнге дұрыс құттықтау хаттары да жоқ. Наурыз мейрамын күннің жылыған уақытына  ауыстыру керек деген ұсыныстар да айтылып жүр. Ол ешқандай не ғылыми, не адами  қисынға жатпайды.  

Қазір Наурыз күні көже дайындауды халық үйренген сияқты,  бірақ мерекенің тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі бәйбішелер Наурызға дайындықты бір жыл бұрын бастайды екен. Ең алдымен Наурыздың басты тағамы жент дайындалады. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер «Самарқанның көк тасы жібіген күні біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға алып шығады. Сары май, қазы-қарта Наурыз дастарханының басты белгілері.

Наурыз мейрамы Қазақстанды мекендеген сан түрлі этностардың басын қосатын нағыз халықтық мейрам. Тек қазақ емес, өзге де халықтардың арғы тарихында Наруыз болған. Соны біз, ғалымдар жазуымыз, зерттеуіміз  керек. Мәдениет саласындағы азаматтар бүгінгі күні Наурыз тойына жоғарыда айтылған әдет-ғұрыптарды кіріктіруі керек, яғни бәріміз қосылып Наурызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам есебінде жаңғыртуымыз керек. Наурыз мемлекеттік сәйкестікті (идентичность)  қалыптастыратын ең мықты тетіктердің бірі.

Наурыздың  қазақтың  дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық  тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты.  Наурыз жаңа жылдың басы,  бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды, немесе халықты кіналайын деп отырған жоқпын. Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, өзіндік санасын осындай ауыр деңгейге жеткізген. Ұлттық жаңғыру ауыр жүріп жатыр. Қазақ этнографиясын білетін ғалымдарды Үкіметтің пайдалануы да кем болып тұр. Біз бүгінгі күні Наурыз мейрамының бұрынғы салтын қайта жаңғырта алмай жүрміз.  Кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған -керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында  ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау сияқты тағы басқа дәстүрлерді  неге пайдаланбасқа?! «Маска-шоудың» орнына бәріміз он екі мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб  киіп «Наурыз -шоу» неге өткізбеске?!  Наурыз келгенде он екі жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан бір-бір саты жылжиды.  Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып  он екі жылға ие болған жануарлардың кеб-маскасын  киген адамдардың бәрін сол шығырға отырғызады. Осының бәрі үлкен карнавалға айналады. Әрине, той мереке өзінен өзі басталып, әнші–күйшілер ортаға шығып  жаз бен қыстың айтыстарын  жасайды, бишілер тойды қыздырып  жатады.

Қазіргі күні Наурыз мейрамы заманға бейімделуі керек-ақ. Ол үшін жастарға ұнамды болуы керек, яғни жастар іліп алып кететіндей дүниелерді ұсынуымыз керек. Наурыз  түбінде Қазақстанның ең басты мейрамына айналатыны сөзсіз. 

Өмірзақ Айтбаев, академик:

Наурыздың символы – Қыдыр ата мен Ұмай ана

Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төл мерекелеріміздің ұлығы – Наурыз екені көпшілікке аян. Соңғы кездері баспасөз беттерінде Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Олардың сарқып құяр сағасы – Наурыз мерекесін тойлаудың әлі де ретке түспегендігі. Арнайы тәртібінің жоқтығы. Сонымен бірге Наурыз мерекесін атап өтуге арналған арнайы күн ретінде 21-23 наурыз аралығы ресми түрде мемлекеттік мереке болып белгіленгеніне қарамастан, әрбір мекеме өзі қалаған кез келген күні, тіпті сәуір айының ішінде де үздік-создық өткізіп жатады. Мерекеге мән бермей, мүлдем елеусіз қалдыратындар да бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурызға деген ерекше құлшыныс болса, жыл өткен сайын ол қарқын бәсең тартып, солғындап бара жатқан сыңайлы. Мұның бәрі де ұлтымыздың ең ұлық мерекесі әрі төл мейрамын атап өту тәртібін ретке келтірудің, айрықша назар аударудың қажеттігін көрсетеді. Соңғы кездері Наурыздың жалпыхалықтық мереке сипаты солғындап, ұлттық салт-дәстүрді бейнелейтін тар ауқымды көрме деңгейіне түсіп бара жатқандай әсер қалдырады. Мереке деген алаңда сеңдей соғылысып, шектеулі топтың сахналаған көрінісін қызықтап, концерт тыңдап, сауда жасап, ас ішіп қайту болмаса керек. Сондықтан да мерекені әрбір адам атсалысатындай, бүкіл ел болып тойлайтындай, заман талабына сай өзіндік нышандары мен сипаттары қалыптасқан бүкілхалықтық мереке дәрежесіне көтерген жөн.

Төл мерекеміздің керемет қасиеттерін ұтымды пайдалану және қайта жаңғыртып, түлету мақсатында Үкіметтің қаулысымен мемлекеттік деңгейде белгілі этнограф ғалымдардан, тарихшылардан, мәдениет қайраткерлерінен, әлеуметтанушылардан арнайы жұмыс тобы құрылып, оларға Наурыз туралы жан-жақты зерттеу жүргізу, Наурызды мемлекеттік деңгейде атап өтудің жөн-жосығын, дәстүр-қағидаларын әзірлеп шығу жүктелсе деген тілегіміз бар. Бұл ретте мынадай жайттар қамтылса жөн болар еді деп санаймыз:

1) Наурыз мерекесін тойлауға Қазақстан бойынша ресми дайындықты бір ай бұрын немесе 1 наурыздан бастау (көшелерді, ғимараттарды Наурыз нақыштарымен безендіру, баспасөз беттерінде тұрақты хабарлар беру, электронды ақпарат құралдарында Наурызға арналған сюжеттер, роликтер беру);

2) Наурыздың арнайы символын жасап, орнықтыру (мысалы, Жаңа жылдың символы – шырша, Аяз ата мен ақша қар, жаңа жылдық сыйлықтар болса, Наурыздың символы – Қыдыр ата мен Ұмай ана, наурыз көже, жыл он екі айға ие болған жан-жануарлар бейнесі, т.б.). Осы символ бейнеленген ашық хаттар, конверттер, кәдесыйлар дайындау;

3) Мерекеге орай балаларға және ересектерге “наурыздық” деген сыйлықтар беру (мұны берудің, сыйлықта ненің болуын ойластыру қажет);

4) 22 Наурыздан бір апта алдыңғы жұма күні бүкілхалықтық “наурызақ” – тазалық күнін ұйымдастыру (аулалар, өзен-көлдер тазартылып, ағаштар отырғызу, ағаштардың семген бұтағын отау, діңін әктеу, т.б.);

5) Елбасының қатысуымен шаралар өткізу: 22 Наурыз күні Елбасының сотталғандардың белгілі бір тобына (кездейсоқ қылмысты болғандар, жеңіл-желпі қылмыс жасағандар, тәубесіне келіп, имандылық жолына түскендер, т.б.) рақымшылық жасауы; тұрмысы төмен отбасылары мен жетім балаларға қайырымдылық шараларын өткізу, т.б.;

6) Жалпыұлттық “Наурыз” қорын құрып, оның қаржысын ұлтты ұйыстыратын, дамытатын шараларды қаржыландыруға жұмсау.

Сөзімді түйіндей келе, ұлысымыз оң, ағымыз мол болсын деймін. Лайым, еліміздің алға басқан қадамы қашан да құтты болып, әрбір отбасында ырыздық пен береке нұры шалқысын!

Сауалнаманы жүргізген: Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №10-11, 16 наурыз 2017 жыл

Биыл Жұмат Шанин мен Нәзір Төреқұлов жан-жақты дәріптелмек
Қариялар бас қосты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу