Жақсы келін атану үшін...
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» - дейді халқымыз. Иә, расында барған үйдің берекесін кіргізіп, сол елдің жақсы келіні деген атқа ие болу әрбір қыздың өз қолында. Ал жақсы келін қандай болады? Келесі кеңестерімізге құлақ түріңіздер:
1. Сіздің анаңыз енді енеңіз болмақ. Сондықтан кез-келген жағдайда енеңізден ақыл сұрап, кеңесіңіз. Ол да сіздей келін болған, білмегеніңізді үйретуден қашпайды.
2. Ешқашан «өзім білемге» салынбаңыз.
3. Жарыңызды қалай жақсы көрсеңіз, оның ата-анасын да, жақындарын да солай жақсы көріңіз.
4. Үлкендерді сыйлап, оларға ешқашан қарсы сөйлемеңіз.
5. Мінсіз адам болмайды. Сондықтан әрдайым кешірімшіл болыңыз.
6. Келін өзі ене атанғанынша «практикада» жүреді. Ал оның ұстазы – енесі.
7. Өзгелердің көзінше күйеуіңізге дауыс көтеріп, ара-қатынасыңызды талқылауға салмаңыз.
8. Қит етсе «кетем» деп байбалам салып, ашуға берілмеңіз
9. Үйіңіз әрқашан тап-тұйнақтай таза, кіріңіз жуулы, тамағыңыз дайын тұратын болсын. Қазақ келіндері барлығын да үлгеруі тиіс.
Келін болу, әрине, оңай шаруа емес. Күнделікті тірлік өз алдына, күйеуіңнің, қайын жұртыңның көңілінен шығу, әрқайсысының қабағын бағу мол күш қуат пен қажыр қайратты, шыдамдылықты талап етеді.
Балаларды бірінен соң бірін өмірге әкеліп, отын да жағып, сиырын да сауып, самауырын да қайнатып, етін де асып, ерінің де, ата-енесінің де жылы жұмсағын дайындап үлгере білген, бүкіл әулеттің көңілінен шыға білген апа- әжелеріміз неткен көреген десеңізші! Ал қазір жаныңа керектің бәрі бар, барлық тірлікті техника істейді. Сондықтан үлгере алмадым, қолым тимеді деу, әсте, ұят болар.