Уәли Қыдыр: «Ұлым да журналистиканы таңдады»

Oinet.kz 09-07-2016 1386

Screenshot_9.jpg

Уәли Қыдыр, «Қазақстан» РТРК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры:

- Елбасы саясатын жүргізетін бүгінде еліміздегі көшбасшы басылым—«Егемен Қазақстан» газетінің бірінші басшысы саналатын ағаңыз Еркін Қыдырдың журналистика саласында өзіндік орны бар. Оның бұл салаға қалай келгеніне, қызметтегі қиын да сәтті кезеңдеріне куә болып өскен шығарсыз?

- Еркіннің қызмет жолын Оңтүстік өңірінен бастап, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» басшылық қызметке келуі  оңай болған жоқ. Ағам журналистиканың қиын кезеңінде карьерасын қалыптастырды. Сол жылдары қолында журналистиканың дипломы бола тұра газетке, телеарна, радиоға жұмысқа орналасу қиынның қиыны еді. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректор болу үшін қызмет жолын зауытта қарапайым жұмысшыдан бастағандар  да болды. Ал қазіргі журналистика факультетінің түлектеріне таңдау көп. Себебі бүгінде мемлекеттік, тәуелсіз БАҚ-тар өте көп. Бұл қазақ журналистикасының ілгері дамығандығының айғағы. Ағамның төменгі баспалдақтан бастап бүгінгі дәрежеге еңбек пен ізденістің арқасында жеткені, әрине көз алдымда.

- «Ағаға қарап іні өсер» дегендей, сіздің де журналистика саласына бет бұруыңызға ағаңыздың әсері болған шығар...

- Әсері болды. Қазақ отбасында ағаның  артынан ерген іні-қарындастарына үлгі етіп көрсететін керемет дәстүр, тәрбие бар. Мен де бала күнімнен «ағаң секілді бол» деген сөздерді жиі естіп өстім. Оның үстіне әкеміз Сағындық мамандығы  энергетик болғанымен жазуға, кітап оқуға құмар кісі. Мүмкін шығармашылық бағытқа бейім болуымызға әкеміздің және  елге белгілі ақын, нағашы атам  Ғафу Қайырбековтің қасиеттерінің бойымызға даруы себеп болған шығар. Аға буынның тәрбиесін көргесін бесінші, алтыншы сыныптан бастап алдыма журналист боламын деген мақсат қойдым. Ең алғашқы туындыларым «Қазақстан пионері», «Ұлан» журналдарында жарық көрді. Міне, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистиканың жолында еңбектеніп жүргеніме жиырма жылдай уақыт болыпты.

- Отбасыңызда екеуіңізден басқа осы саланы таңдағандар бар ма?

- Ұлым биыл мектеп бітірді. Ол IT-технолог мамандығын таңда деген ұсынысымды қабыл алмай журналистиканы таңдады. Басында «бір үйге бір журналист жетеді» деп таңдауын өзгертуге тырысып едім, түк шықпады. Талабы бар болғасын қыстамай, ақ жол тіледім. Қазір құжаттарын тапсырып қойды. 

Өзбекстан ауызашарға тыйым салса, шешен елі...
«Тойанаңызға» салық салынуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу