Анаға пана болған орталық

Oinet.kz 30-08-2023 1067

Елордамыз Астана қаласында ана мен бала құқығын қорғайтын, қамқор қызмет көрсететіп, пана болатын арнайы «Аналар үйі» орталығы бар. Қазіргі таңда орталықта сегіз әйел балаларымен бірге тұрып жатыр. Оларға моральдық және материалдық көмек көрсетіліп, әрі қарай өмірге бейімделуіне жағдай жасалынуда.

 Screenshot_12.jpg

«Біз орталығымызға жалғыз басты, қиын жағдайға тап болған әйелдерді бір жарым жасқа толмаған баласымен бірге қабылдаймыз. Құжаттарды рәсімдеуге, жоғалтқан құжаттарын қайта жасап беруге көмектесеміз. Арнайы заңгерлер бар. Орталықтың көмегіне көбінесе жігіттерге алданып қалған немесе әке-шешелері баласымен бірге қабылдамаған келіншектер жүгінеді», -  дейді «Аналар үйі» қорының аймақтық маманы Гүлнар Шакирова. 

Маманның айтуынша, әйелдердің әрқайсысы жарты жылға дейін орталық мамандарының қамқорлығында болады. Ол кезде ас-ауқат, киім-кешек пен дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Осы аралықта аналардың жұмыс істеп, ақша жинап алуына мүмкіндігі бар. 

Орталықта қызмет алушы, Астана қаласының тұрғыны А. есімді азаматша: «Ұлымды босанғаннан кейін тұратын жерім болмады. Бала жылап мазасызданады деп, ешкім қабылдамады. Солай біраз уақыт баспана таба алмай қиналдым. Жұмысымның жанынан бір үй тауып едім, келіскен кісі алдап кетті. Соңында осында келіп орналастым. Қазір түске дейін аспаз болып жұмыс істеймін. Орталық қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін» дейді. 

Олардың жақындарымен сөйлесіп, қарым-қатынас орнату да – орталық мамандарының міндеті. Соның нәтижесінде көптеген ана мен бала үйіне қайта оралған. Аналар үйінің негізгі мақсаты да – осы. Кейінгі екі жылда сәбилер үйіне түсетін балалар саны он мыңнан бес мыңға дейін азайған. Яғни, қаншама бөбек анасының қасында қалды. Қазір еліміз бойынша осындай 18 орталық жұмыс істейді. 

Бала анаға қарап бой түзейді
Ана мен балаға қамқорлық жасау – маңызды міндетіміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу