Бала анаға қарап бой түзейді
Ресми мәлімет бойынша елімізде әрбір үшінші неке ажырасып кетеді. Себебі – сан алуан. Мамандардың айтуынша, жастардың дәм-тұзының жараспауына көбіне әлеуметтік жетіспеушілік кінәлі. Мұндай олқылықтар ел демографиясының құлдырауына әкеліп соғады.
Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғыны, өнегелі өрендер өсіріп отырған «Алтын алқа» иегері Айман Әжібекова: «Қазіргі таңда, баланы өмірге әкелуден қорқатын аналар көбейіп барады. Олардың уайымы – баланы өсіріп-жетілдіру, тамақтандыру, киіндіру, оқыту сынды материалдық проблемалар. Қазақта «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Бұрынғы аналарымыз ойланбастан оннан астам баланы өмірге әкелген. Қазір заман мүлде басқа. Мүмкіндік көп, жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы бар, ай сайынғы әлеуметтік көмек бар. Үкімет аналарды қорғап, қолдап келеді. Біз, әйелдер, ұлттың ұйытқысы ретінде баланы өмірге әкеліп қана қоймай, олардың тәрбиесін, білімін қадағалап отыруымыз қажет. Ер адам – түздің адамы. Бала анаға қарап бой түзейді. Сондықтан, ұлтымыздың болашағы, еліміздің келешегі болатын балаларды тәрбиелеуде аналардың рөлі орасан. Халқымыздың санын көбейтіп, ұл-қыздарына тағылымды тәрбие беріп отырған әрбір ана – отбасының бақытын, ана, әйел бақытын сезіне алады. Отбасы құндылығы, бақыты әлбетте, әйелдің қолында. Күйеуі қалт кетсе ажырасуға асықпай, керісінше отбасыны сақтап қалуға, бала санын көбейтуге, оларға дұрыс тәрбие беруге талпыну керек. Әйелдің міндеті осындай қарапайым нәрселерден тұрады» дейді.
Расында да, ел демографиясын құлдыратпай, халық санын көбейтуге ат салысып жүрген аналарды Үкімет те қолдап, қорғап келеді. Бастысы, өмірге бала әкеліп, оларға дұрыс тәрбие мен білім беремін деген ниет болса болғаны.