Балаларға шуақ сыйлайтын орталық

Oinet.kz 05-04-2023 416

сайт22 фото.jpg

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Салтанатты жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры М.Ембергенова, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Ғ.Ауғанов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, «Қамқорлық» КҚ директоры А.Еркінова қатысты.

«Қалалық №2 оңалту орталығының негізгі қызметі балалар денсаулығын жақсарту, реабилитациялық шаралармен айналысу болып табылады. Аталған орталықтың ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай құрылған «Қазақстан халқына» қорының демеуімен мегаполисте ерте араласу бөлімшесі ашылып отыр. Орталықтың ашылуына «Samruk-Kazyna Trust» қоры да жәрдемін көрсетті. Ендеше осынау орталықтың ашылуына қолдау білдірген еліміздегі барша Қорға өзім мен ата-аналар атынан алғыс білдіреміз» деді Шымкент қаласының әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Ерте араласу орталығы «Қазақстан халқына» қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп қоры іске асыратын «Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» қайырымдылық жобасы аясында ашылды. Шымкент қаласындағы ерте араласу орталығы – Қазақстан бойынша жоспарланған 13 орталықтың алғашқысы. Жобаның бюджеті – 1,6 млрд теңге. Бағдарлама мақсаты – дамуында ауытқулары бар және олардың пайда болу қаупі бар балалардың дамуының алғашқы кезеңдерінен бастап табысты дамуы үшін жағдай жасау.

Жыл сайын дамуында кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар 600 жас бала осы орталықта абилитациялық және оңалту көмегін алады, сондай-ақ диагностикалық аудиологиялық тексеруден және соңғы жабдықта мидың ЭЭГ-нен өте алады. Балалармен реабилитолог-дәрігерлерден, неврологтардан, емдік дене шынықтыру нұсқаушыларынан, кәсіптік терапевттерден, логопедтерден және дефектологтардан тұратын мамандардың көпсалалы тобы жұмыс істейтін болады.


Спортшылар жетістігі көңіл қуантады
«Қамқорлық» орталығының қамқорлығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу