«Анасы бас тартқан сәбилерді 200 мың теңгеге сатқан»
Осыдан біраз уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа туылған сәбилерді сатқан екі мейірбикенің, ауылдық фельдшерлік пунктінде істейтін ақ халаттының қылмысы әшкереленіп, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып еді. Енді бала сатты деген айыппен Шымкенттегі перинаталдық орталықтың екі бірдей дәрігері қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
- 2012-2013 жылдары ұйымдасқан топпен жалған құжат жасау және оны пайдалану арқылы кәмелетке толмағандарды сатудың 10-нан астам дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында, бұл деректерге облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатысы бары анықталды. Қазіргі таңда аталған іс бойынша күдікті, облыстық перинаталдық орталықтың 2 дәрігеріне қатысты 2 ай мерзімде күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдану Еңбекші аудандық сотымен санкцияланды.
Аталған дәрігерлер мен қылмыстық процесстің басқа да кейіпкерлері туралы мәліметтер тергеудің құпиялығына байланысты хабарланбайды. Күдіктілерден басқа кәмелетке толмағандарды сату деректеріне басқа да адамдардың қатыстығы анықталуда және оларға қатысты процессуалдық шешімдер қабылданатын болады,--дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының таратқан мәліметінде.
Кейбір деректерге қарағанда дәрігерлер анасы бас тартқан сәбилерді 200 мың теңгеге сатқан. Ұсталғандардың бірі 30 жылға жуық еңбек өтілі бар неонатолог азаматша көрінеді.
Прокуратураның таратқан мәліметінде сәбилерді сатудың 10-нан астам дерегі тіркелгені айтылыпты. Нақтысының қанша екенін прокурорлардың өздері де білмеуі мүмкін. Медициналық мекемелерден тыс өзара келісіммен саудаланып жатқан періштелер қаншама?
Мұрағаттан, 2015 ж