Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Бішкектен өзге шетел көрмеген қу басым Еуропаға «терезе» ашқандарды жақтыра бермейтін. Әсіресе, ауыздарынан суы ағып, көргенін, жегенін, сезгенін, кигенін, сатып алғандарын тоқтамай мақтайтындарға ішімнен «түк көрмеген байғұс-ай» деп жаным ашып тұратын. Сәті келіп, дәм бұйырып, Чехияға ұшып бара жатқанымда көк аспанда өзіме өзім соншалықты бір аянышпен қарағанымды жасырмаймын. «Құдай-ай, елге оралғанда менде солар секілді өзгенің қызығына сұқтанып, көңілімді босатамын ба?» деп таусылған едім. Бірақ, оным бекер екен. Еуропадағы қоңыр тірлікті Чехиядан көңілім әбден қалды. Екі апта жүріп суынып, жеріндім десем де болады. Сол әсердің лебімен кімге бағытталғанын өзім де түсінбеген осы «жолдауымды» жазып отырмын. Оқимын десеңіз, мархабат.
Сүйелдей көзге бірден көрінгені бұл елдің тұрғындары біріне бірі өте салқын. Тілдерін жұтып қойғандай аялдамада ашылып сөйлеспейді. Жөн сұраспайды. Оның себебін өздері білмейтін де болуы мүмкін. Ал оны мен тауып алдым. Бар пәле – кестеде. Төрт минуттан кейін метро вагоны, 6 минуттан кейін трамвай, 10 минуттан кейін автобус жүреді. Таңертең, түс, кеш болса да, бұл кесте өзгермейді. Және жарықтықтардың бір секундқа кешікпей жүретінін айтсаңшы. Мұндай жағдайда адамдарда қандай эмоция болсын? Бір бірімен қалайша сөйлессін? Жөн сұрауға сылтау жоқ қой. Ал бізде рахат. Көп жағдайда 15 минут автобус күтіп тұрасың. Сосың, қасыңдағыдан «пәленше автобус өтіп кеткен жоқ па?» деп сұрайсың. Ол жарты сағаттан бері дәл соны тосып тұрғанын тұздап тұрып айтады. Ооо, міне, шынайы көңіл! Ары қарай бірге тілдесіп, сөйлесіп кетесің. Автобусың келгенше оның руын, ауылын, туған-туысқанын түк қалдырмай түгендеп, кетер кезде құда-жекжат болып қоштасасың. Қандай керемет аа!? Ойламаған жерде сыр айтатын бір таныс тауып аласың. Содан да болар келесі жолы аялдамаға бір сағат бұрын ерте шығасың. Ал егер автобусың ерте келіп алса, сол күні алтын тапқандай қуанасың. Өз көзіңе өзің сенбей күні бойы шаттықтың құшағында жүресін. Осындай адами сезімге бөлеген айналайын үкімет-ай десеңізші! Еуропа мұны түсінбейді. Әрбірден кейін адам құндылығы дегеніміз түптің түбіне келгенде бірімен бірі жылы шыраймен араласып тұру емес пе! Бізде бұған барлық жағдай жасалған. Ал Прагада бәрі керсінше. Аялдама толған ақпараттық тақта. Соқыр болмаған соң қасыңдағыдан бір жерге қалай бару керектігін сұрауға ұяласың. Еуропа адамының жалғыздығының сыры осында. Ал бізде жақсы, адассаң да елмен сөйлесесің, тіліңді жұтып тұрмайсың.
Ол жақтың меторосына, трамвайына мінсең, кондуктор таппай ит боласың. Кондукторсыз қоғамдық көлік –масқаралық! Кондуктор бар жерде ешкімнің билетсіз жүрмесіне жүз пайыз сенесің. Ал ана жақта бәрі керісінше, метросының есігі ашық-шашық, қасыңдағы жолаушыға «мынау билетсіз, тегін жүрген қу ғой» деген біртүрлі күдікпен қарап тұрасың. «Проездной» сатып алсаң, ішің ашиды. «Менде бар» деп көрсетейін десең, тексеруші алдыңнан шықпайды. Содан, «бекер сатып алдым ба, бәрібір ешкім тексермеді» деп жүйкең жұқара бастайды. Ал біздің елде мұндай жүйке ауруына тосқауыл қойылған. Қайта жүйкесі нашарларды кондуктордың айғайы, өзімізге ғана ұнайтын дөрекілігі, сапылдап, қаңқылдап, шиқылдап сөйлегені тегін емдейді!!! Сосын, автобусқа кептеліп мінген қандай, ааа! Алдыңдағы, артыңдағы, екі жаныңдағы адамдардың ыстық лебі, аузынан шыққан иісі, сепкен әтірі дәл мұрныңның алдында бұрқырап тұрғанда өзіңді арасы ажырамас біртұтас халықтың өкілі екеніңді бек сезінесің. Еуропа,
әсіресе, Прага халқы оны түсінбейді. Айтып түсіндіре алмайсың да. Егер сізге олар мәдениеттің төріне шығып, елдің бәрінен озып кеткен, өркениеттің алдында десе, сенбеңіз. Онысы қып-қызыл өтірік. Бір ғана мысал айтайын, біздің байлар дүкеннен азық-түлік таситын «ландкрузер» сияқты джиптерді Прага көшесінен өлсеңіз де кезіктірмейсіз. Чехияның ауылын айтпағанда астанасында(!) туып өскен балалар кәдімгі «хамерді», «рендже роверді» тірідей көрмеген.
Сізге өтірік, маған шын бір министрдің қызметтік көлігін кезіктірдім. Енді, сүліктей қара, удай қымбат Мерседес емес, өздері шығаратын ортан қол, атын атауға ұят бірдеңке деген машина. Біздің аудандағы қара табан жолпұл (жолполиция) қызметкерлері мінбейді ананы. Көлікті қойшы, жүргізушілері тіпті дамымай қалған. Қазақстандағы кез-келген жүргізуші машина рулін ұстап келе жатып, бір телефонмен сөйлесіп, екінші телефонда Фейсбукқа сурет салып, «коммент» жазып немесе инстаграмда тост айтып, соның ортасында екі қолымен рульді кезек-кезек ұстап, қала көшесінде құйындатып жүре береді ғой. Ал Чехияның жүргізушілері қоян жүрек қорқақ. «Бізде осылай» деп айтсаң, фантастикалық әңгіме тыңдағандай әсерге бөленеді. Олар тіпті рульде келе жатып, смартфонда смс жазуға болады дегенге сенбейді. Бізде көше шетіне тұра қалып, қол созсаңыз он көлік таласып тоқтайды ғой. Ана жақта бәрі қорқақ. Біреуі де тоқтамайды. Таксиінің өзін телефон арқылы шақырмасаң келмейді. Өздерінің осыншалықты дамымай артта қалғандарына қарамастан, «көше пробка» деп жылайтындарын айтсаңызшы. Мен сол кептелектерін іздеп-іздеп таппай қойдым. Бір жарым миллион халқы бар Праганың бір басынан орталығына жиырма минутта тұштаңдап жетіп аласың. Түк қызық емес. Кәдімгі ауылда жүрген сияқтысың. Бір басынан екіншісіне аттап жетіп аласың. Кептелекте тұрып, алдыңдағыға «сигналды» бақыртып басып, қасыңдағыны ащы боқтап, біреуден жұлқи озып дегендей іштегі жынды «парыңды» шығара алмайсың.
Сосын, чехтардың жалқаулығында шек жоқ. Олардың қасында қазақтың еті әлде қайда тірі. Кәсіпкер қазақ таңнан кешке дейін еңбек етеді. Сенбі, жексенбіні демалыс деп білмейді. Біздегі көптеген мемлекеттік қызметкерлер мемлекетке жанымен берілгені соншалық, түннің ортасына дейін жан басын һәм жамбасын аямай қызмет қылады. Ал, мен көрген аз ғана мемлекеттің ішінде мына чехтар еріншек, нағыз жалқау халық. Мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер, сатушы, даяшы болсын, кешкі бесте алды-артына қарамай үйлеріне таяды. Қоғамдық дерт сондай. Артық ақша табуға талпынбайды. Жанын аяйды. Жалпы, біз осыдан сақтануымыз керек. Еуропаның бұл дертін бойымызға шалдықтырмауымыз қажет. Менің көптеген таныстарым жұмыстан үйлеріне түнгі сағат 12-ден кейін барады. Ол кезде әлбетте бала-шағасы ұйықтап жатады. Олар оянбай жатып, таңертең отағасы жұмысқа кетеді. Егер осындай ер азаматтарды кешкі бесте үйіне демалуға жіберсек, Құдай сақтасын, көбі депрессияға ұшырайды. Себебі, балалары әкелерін жақсы танымайды. Сөйлесіп көрмегендері де бар. Содан жүйкелері жазылмастай жұқарады. Оның соңы ажырасуға дейін, отбасы құндылығының бұзылуына алып барады. Себебі, үйде отырған еркектің қадірі болған емес!!! Еуропадағы біржыныстылардың шатасуы әрбірден кейін осыған келіп тіреледі. Сондықтан, біз «жұмыс кешке бесте аяқталсын, одан кейінгі уақытты отбасыға арнайық» деген жалаң ұраннан сақтануымыз керек.
Жалқау екендеріне және бір мысал. Біздегі белсенділер Еуразия экономика одағы құрылмай тұрып, ортақ ақшаға өту туралы сөзді бастап та кетіп еді ғой. Ал, мына чехтар Еуроодаққа мүше болса да, еуропаның төрінде отырса да, ескішілдіктен кете алмай, төл «теңгелерін» әлі ұстап отыр. Әлгі крондарына қарасаңыз, ұлттық тұлғаларының суреттері де тұр ғой. Ұят та болса айтайық, біздің теңге де бастапқыда ұлттық тұлғалармен безендірілген. Дегенмен, алтын басты басшыларымыз «адам суретін ақшаға басу ескішілдіктің сарыны екен» деп әйтеуір кемшілікті түзеткен. Ал, чехтар әлі күнге дейін жаңашылдыққа өтуге ерініп отыр. Еріншек болғанда сұмдық енді. Біздегі әкімдердің пысықтығын осындай сырт елге барғанда ғана түсінеді екенсің. Мәселен, бізде әкім ауысқан сайын жаңа жол салынады, тас төсеніш ауысады. Ал, чехтардың «әкімдері» жұмыс істемейді. Олардың әрекетсіз қызметінің кесірінен қала орталығында XII-XIII ғасырларда төселген тас жолдар әлі күнге дейін тұр. Басып жүруге ұяласың. Тап-таза көрінсе де, жылы ескі ғой.
Сосын, бар-жоғы он миллионнан астам халқы бар Чехияға жыл сайын 12 миллиондай турист келеді екен. Бірақ, соған қарамастан, бұлар қонақ күтуді үйренбеген ғой. Қонақжайлық деген атауымен жоқ. Бетіңе қарайды да тек чех тілінде сөйлейді. Орысша сөйлесең, абориген көргендей таңырқап қалады. Ағылшынша сөйлесең, аздап қана ынта қояды. Одан өзгесі жоқ. Олардың кемшілігі, Чехиядан өзге жерде чех тілінде ешкім сөйлеспейтінін білмейді! Білсе, турист қаптап жүретін Праганың ортасында анықтамаларды тек чех тілінде ғана жазып қоймас еді. Олармен салыстырғанда біз әлде қайда дамып кеткенбіз. Қонақжайлығымызды әлемге мойындатқанбыз! Қазақша білмейтін туристі өмірі ұялтып, қызартқан емеспіз!!! Олай болуы мүмкін де емес!!!
Чехияда ақылмен түсініп болмайтын бір мәселе ол білім беру жүйесі. Әлбетте, бала туыла салғанда балабақша кезегіне тұрып, балаң мектепке барғанда балабақша кезегіне қолың жететіні немесе мектепке орналастыру хикаясын чехтар, оооо бетім-аааай, білмейді. Бірақ біздің айтарымыз басқа, мәселен, чех тілін кім біледі, сол мектепті де, жоғарғы оқу орнын да тегін (!) оқиды. Парадокс! Қазақ болсаң да, жапон болсаң да, Африка елінің ұлы болсаң да, бәрібір. Чех тілінен емтихан тапсырсаң болды, оқу тегін. Қаншауын қаласаң да оқи бер. Сонда бұлар өзгенің балаларын тегін оқытып, салық төлеушілердің ақшасын босқа шашып жатыр ғой! Бізде мұндай жағдай болса, айналайын халқым, басы істемейтін үкіметті баяғыда артынан теуіп, төңкеріп тастар еді. Сол себепті, яғни, қадағалануы күмәнді бюджетті ортайтпас үшін бізде шетелдіктерді айтпағанда, қазақ тілін білетін өзіміздің ұл-қыздарымыз ақша төлеп оқиды! Чехтардың мұндай жүйені құруға ақылы жетпейді.
Жалпы, чехтардың билігінде қадір-қасиет қалмағандай. Мәселен, президент отыратын Ақордасының алдын шорты киіп, тәпішкесін сүйреткен қаңғыбас туристер аямай таптап жүр. Парламент, сенат үйіне демалыс кезінде кім көрінген кіріп шыға береді. Күзетіп тұрған полиция жоқ. Сосын, Праганы алты айналып шығып, Чехияның қайда бара жатқанын түсінбедім. Әңгіме жоқ, дыбыссыз жүретін трамвай, біздің елдің байлары менсінбейтін ортан қол машина, ауыл шаруашылығына қажетті шағын ұшақтар, аяқ-киім тағысын тағы дегендерді өздері шығарады екен. Бірақ, сонда да мемлекет ретінде қайда бара жатқандарын түсінбейді, білмейді. «Мәңгілік ел», «Чехия-2050» немесе «Отыздықтан ондыққа өту» деген сияқты бағдарлама жазуға бастары жетпепті. Сосын, ұятта болса айтайын, он төрт күн жүріп, сол елдің президентін де, премьер-министрін де танымай кеттім. Сірә, екеуі де біздің Мәсімов секілді көпшілікке көрінбейтін болса керек, көшеде бірде бір бильборды жоқ. Әлемге мемлекетін танытып, өзгеге өздерін мойындатып жатқан жетекшісі, елбасшысы, чехбасшысы, көшбасшысы жоқ жетім ел сияқты. Ал, мұндай мемлекет туралы қалай ғана тамсанып бірдеңке айтуға болады?
Руслан ЕРБОТА,
Астана-Прага-Астана,
Мұрағаттан, 2015 ж