Ұлы Жібек Жолының бойындағы Түркістанға қызығушы туристер көп
Саяхаттаған еліңнен алған әсерің ұмытылмастай болуы үшін кәдесыйлардың алар орны-бөлек. Қазақстанғы туризм саласы жолға қойылған қалалардың бірі, Түркістандағы туристердің талғамын таразылап көрген болатынбыз. Шетелдік туристерге қандай кәдесый ұнайды?
Түркиялық турист Иылмаз Саты-Нұр Түркістанды Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қала ретінде болғаны үшін таңдағанын айтты.
"Мен етжақындарыма қазақтың ұлттық нақышындағы тоқыма бұйымдарды алып барамын. Өзім Анталияға жақын орналасқан елді мекенде тұрамын. Түркияға туристер демалу үшін келеді ғой. Түркістанға Ұлы Жібек бойында орналасқан тарихи қала ретінде таңдауым түсті. Орта Азияның бірнеше қаласында болдым. Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттер жақын орналасса да әрқайсы өзіне сай кескін-келбет қалыптастырған. Сіздердің кәдесыйларыңыздың қарапайымдылығы ұлттың мінезіне тән секілді. Қонақжай пейілдеріңізді де ерекше айтып өткім келеді. Мен достарыма міндетті түрде Қазақстанға келуді ұсынамын. Біздерге Әзірет Сұлтан қорық-мұражай аймағынан көрген түйе таңсық болды. Түйеге отырып көру мен үшін естен кетпес естелік болады", - дейді турист.
Ал Абубакир Туткын Түркістан қаласы ежелгі мәдениетті тануыма ықпал жасады дейді.
"Өзім де туризм саласының маманымын. Түркістан қаласына жаңа нысандардың салынып жатқанын байқадым. Алдағы уақытта көне шаһарға тағы да келіп көремін деген ниетім бар. Осы жолғы сапарымнан естелік ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің полотносын алдым. Кенептегі майлы бояу менің Түркістандағы көрген-білгенімді сабақтай түседі. Сіздердің ұлттық нақыштағы тақияларыңызды да еліме ала баруды жөн санадым", - дейді ол.