Түркістан жәдігерлеріне туристер тарапынан сұраныс жоғары

Oinet.kz 17-11-2022 285

Screenshot_19.jpg

Түркістан десе, ойға ең алғаш діни туризм елестейді. Әзірет сұлтан қорық-мұражайының маңына жиі келетін зияратшылар  мен саяхатшылар түркістандық туризмнің символына айналғандай. Археология, тарих және сәулет ескерткіштері көп шоғырланғандықтан Қазақстан нағыз "ашық аспан астындағы мұражай" болып табылады. Туристер Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қалалар мен мұражайлар арқылы мәдени-танымдық  саяхат жасай алады.

Әзірет-Сұлтанға жақын маңда Түркістан облысының тарихи-мәдени этнографиялық орталығы орналасқан. 

Орталықтың бірінші қабатында Ерте дәуірдегі, ортағасырлардағы Түркістан тарихы, Шыңғысхан мен Әмір Темір дәуіріндегі Түркістан тарихы және Оңтүстік Қазақстан жеріне Ислам дінінің таралу тарихын көрсететін көптеген экспозициялар бар. Екінші қабатта «Қазақ хандығы және Түркістан – Қазақ хандығының Ақ Ордасы» атты экспозициялық зал, ал үшінші қабатта «Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан» атты экспозициялар орналасқан. Мұнда еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Түркістан қаласында салынған ғимараттар мен болашақта салынатын жаңа нысандардың макеті қойылған. 

Мұражай басшылығының айтуынша, ашылған мезетте орталықта небәрі 1600 жәдігер болса, қазіргі таңда орталық қорында  5805 экспонат жинақталған. Оның 3396-сы негізгі және 2409-ы қосалқы жәдігер. Сондай-ақ орталықта ежелгі заманнан бастап қазіргі заманғы бұйымдар мен құнды материалдар қойылған. Мәселен, тігін машинасы, үтік, киіз үй, ескі компьютер, күміс білезік, сақина, зеңбірек, садақ, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, қыш ыдыстар, Тайқазан макеті, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының қуыршағы, «Алтын адамның» мүсіні, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті, болашақтағы Түркістанның көрінісі бар.  Шетелдік туристерге қазақ халқының ұлттық болмысын танытатын жәдігерлер ерекше қызық. Музей қызметкерлерінің айтуынша, көшпелі тұрмысты айшықтап көрсететін экспонаттардың алдында туристер сағаттап тұрады екен. Әрине көрген дүниесі туралы терең мағлұмат алғысы  келіп, қазақ халқының өмірі, салт-дәстүрі жөнінде көп сұрайтындары да жиі кездеседі.

Музейлер арқылы туризмнің шыңына шықпақ
Сет-джет арқылы туризм дамып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу