Лувр, Эрмитаждан қайтқан жәдігерлер туристерді қызықтыруда
Түркістан бүгінде түркі әлемінің рухани астанасы. Ал Түркістан дегенде Әзірет-Сұлтан кесенесі туралы айтпай кету мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістандағы туристер бас сұғатын басты нысан. Жылына мұнда келетін туристердің саны миллионнан асады. Кесенеде жұрт тамашалайтын дүниелер аз емес. Бірақ бір замандарда ол бұдан да көп болған. Қасиетті мекеннен ұрланған дүниелер, жоғалған қолөнер жәуһарлары туралы көпшілік көп мән-жайды біле бермейді.
«Әзірет сұлтан» қорық мұражайының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаевпен кездесіп, бір кездері Түркістаннан ұрланып, Париждегі Лувр мұражайынан орын тапқан шырағданның тарихы, оны елге қайтарудың қисынды жолдары әңгіме қозғадық.
"Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия бүкіл Еуропа елдері мен Ресейден есепсіз көп жәдігерлерді арнайы вагондармен тасып әкетті. Мұндай әрекеттен Кеңес Одағы да бас тартқан жоқ, өз мәдени құндылықтарын қайтарып қана қоймай контрибуция есебінде көптеген дүниелерді қоса әкетті.
Қазақстаннан жәдігерлеріміздің сыртқа тасылуы ХІХ ғасырдың аяғынан бастап белең алды. Алғашқы дерек В.В.Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде келтірілген.
Кесенедегі басты да құнды жәдігер деп Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан тайқазан мен алты шырағдандарды айтамыз. Бұлардың да тағдыры әбден талқыға түсіп бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шырағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағданның үстіңгі бөлігі 1905 ж. 11 ақпанында ұрланып, ақыры, 1910 жылы Франциядан табылды. Сол жылы Археологиялық комиссияға үсті ұрланған шырағданның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қояды.
Луврдағы, Эрмитаждағы шырағдандарды қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Өткен жолы Түркістанға Дәурен Абаев келген кезде де қаланың зиялы қауым өкілдері мұны айтты. Әсіресе, Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен ғалым Құлбек Ергөбек мұны Дәурен Абаевқа аманаттады. Аржағын білмеймін. Жалпы мұны ертеңгі сайлау қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолына алып, тиісті министрліктерге нақты тапсырма берсе, орындауға болатын нәрсе", - дейді Марат Тұяқбаев.