Түркістанға көрші облыстардан арнайы келетіндер көп
Түркістан қаласы күннен-күнге құлпырып, қыр гүліндей жайнап дамып келеді. Қалада соңғы үлгідегі көптеген заманауи нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Түркістан қаласына келуші туристер саны да жылдан-жылдан артуда. Туристер шаһардағы халықаралық стандарттағы ғимараттарды аралап, ойын-сауық кешендерін тамашалап көріп жатыр. Қалада туристерді көптеп тартатын көрнекі жерлердің бірі – Керуен сарай.
2021 жылы 10 сәуірде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.
Қызылорда облысының тұрғыны Ергеш Оспановтың айтуынша, Керуен Сарай келген туристі ерекше сезімге бөлейді. Шығысқа тән аура адам бойынан ұзақ уақыт шықпай тұрады.
- Біз көрші Қызылорда облысынан келдік. Жаңақорған ауданынан. Көпшіліктен естіп жатырмыз. Сондықтан «мың естігеннен, бір көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі, баяғыдағы Шығыстың үлгісіндегі үйлер, мен орта ғасырда жүргендей сезіндім өзімді, - дейді қызылордалық азамат.
Жоба авторларының айтуынша, сәулетшілер шаһардың архитектуралық келбетін қалыптастырғанда тарихи сабақтастықтыққа ерекше мән берілген.