Ағаш ұстасы сапалы өнім жасап, отбасын асырап отыр
Қазіргі таңда ұлттық бұйымдарға тапсырыс көп. Қанша дегенмен де шет елдің жаңа технологиясы өзіміздіңкін баса оза алмайды. Өзіміздікі өзімізге ыстық.
Түркістан қаласының 46 жасар тумасы, Нұрмахан Елжанов бүгінде ағаш шебері. Қазіргі таңда ұста Түркістан көпсалалы индустриалды колледжде газ электр дәнекерлеу факультетінде өндіріс шебері болып еңбек етеді. Ол 25 жыл бойы ұсталық өнерін өзімен бірге ертіп келеді. Қолының ебі бар шебер ағаштан қашап күбі жасауды кәсіпке айналдырған. Шебердің айтуынша өзіне бұл өнер оның әкесінен дарыған екен.
Шебердің айтуынша оның жасаған өнімінен тапсырыс берушілердің көңілі қалған кезі жоқ. Өзі қашанда бар ықыласымен, жақсылап жасап беруге тырысады екен. Сондықтан да болар алғыс айтушылар көп дейді. Тапсырыс көбіне мал төлдеген кез яғни, көктем, жаз айларында ұлғаяды екен. Ал қыс айларына қарай тиісінше толастайды. Жаз бойы күбі пісіп, май түсірген ағайын суық мезгілдерде күбіні қора жайларға тастай салады. Қатты суық ағаштың жидіп, қаңсуына соқтырады. Сондықтан да ұста күбі алғандарға оны қалай сақтау қажеттігін қоса түсіндіреді.
Нұрмахан тек күбі ғана жасап қоймай еден салып, есік-терезе де жасайды. Тұлпар тағалаған текті қазақтың бүгінгі жалғасы хас шебердің қолынан шыққан бұ дүниелер ғана емес. Ағаштан жасалатын барлық кәсіп қолынан келеді. Ол өз кәсібінің ешқашан заман талабынан шығып қалмайтынына нық сенімді. Қазақ өзінің ежелден келе жатқан өнертабыстарын қастерлеу қажет ден санайды.