Күніне 150 литрге жуық сүт сатып, 20 мың теңгенің үстінде табады
Әлеуметтік желідегі парақшаларында көпшілікке «Ауыл вайнері» атымен таныс Жандос Бақытұлы өзін вайнер ретінде танытып жүргеніне біршама уақыт болды. Ол Түркістан қаласындағы медициналық колледжді тәмамадаған. Бүгінде мал шаруашылығымен несібесін тауып отыр.
"Кішкентай кезімнен ата-әжемнің қолында өстім. Олар өсірді, жеткізді. Былайша айтқанда ауылдағы ата әженің баласымын. Ата-анам қалада тұрады. Атам мен әжем сүт сатады. 2006 жылдан бері сүт сатып, нәпақамызды тауып жүрдік. Мектепті аяқтағаннан соң, ауылда қалдым. Қалаға барып, оқуға түсуге болатын еді, бірақ өзім ауылды жақсы көргендіктен сонда қалдым. Басында ауылдағы жеңгеммен бірге тұратын едім. Ол кезде үйде 30 сиыр, 15-ке жуық қой бар. Таңертең сағат бесте тұрып, жетіге дейін жеңгем екеуміз сиыр сауамыз. Таңғы асымды ішіп алып, бірсыпыра тамағымды алып мал бағуға кетіп, кешке бірақ келетінмін. Келгеннен кейін қайтадан кешкі сауын басталады. Күнде осы бір тірлік қайталанып жүрді.
Мен Түркістанға келіп, күніне 150 литр сүт сатып, 20 мың теңге табамын. Мал шаруашылығымен айналысамын, блогерлік табысым бар. Қазір айлық табысым миллион теңгені құрайды. Қарапайымдылықты ұстап қалғым келеді. Менің ерекшелігім сол, қарапайым ауылда өмір сүретін әлеуметтік желі белсендісі болу. Мен халыққа ауылда да адал еңбекпен ақша табуға болатындығын көрсетсем деймін. Кейде ауыл шаруашылылығынан шаршап, қолды бір сілтеп тастап кеткім де келеді. Күнде сүт сатпасам, қаржы табу қиын. Өйткені төрттіліктен түсетін табыс жылына бір, яғни төлін сатқанда түсетіні белгілі. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін тренинг өткізгім келеді. Малдың басын қалай көбейтуге болатынын көрсетсем деймін. Малды көбейте алмай, жұмысы жүрмей жүргендер бар. Нақты айналысамын дейтін адам болса, бұданда байып кетуге болады. Бірақ бұл кәсіп иелеріне асқан сабырлық керек", - дейді блогер.