Торт жасап рухани қала тұрғындарынының көңілінен шығып жүр

Oinet.kz 02-11-2022 351

Screenshot_16.jpg

Түркістан қаласындағы Аружан Сәпиева атты жас кәсіпкер торт жасап несібесін тауып жүр.  Анасының «Торт жасау» өнеріне қолғабыс тигізе жүріп, үйреніп, оны жандандырып, жинаған ақшасына әкесіне көлік сыйлаған.

"11сыныпты бітірген соң, Халықаралық қазақ-түрік университетінің «филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына ақылы оқуға түстім. Жарты жылдан кейін, оқу үлгерімімнің жоғары болғанына байланысты, түркия квотасын жеңіп алдым. Қазіргі таңда 4-курс студентімін. 2020 жылы алғаш торт пісіре бастадым. Оны табыс көзіне айналдырдым. 2021 жылы «Balzere School» кондитерлік мектебінің үздік шәкірті атандым.

Бір күні неге барлығы жасап жатқан тортты мен де жасап, сатып көрмеске деген ой келді. Әлі есімде алғашқы тортымды тым арзан бағаға сатқанмын. Ол ақша тіпті торттың құрамына кететін затты да ақтамайтын еді. Бірақ, қанша аз болса да өз еңбегіммен алғаш рет ақша тапқанымды ойлағанымда, кеудемді қуаныш кернеді. Сол тортымның дәмі бірнеше адамның көңілінен шығып, келесі күні тортқа тапсырыстар көптеп түсе бастады. Уақыт өте келе, әртүрлі торттар жасауды үйрендім, осылайша тапсырыс берушілер де көбейе түсті.

Кондитерлік өнім саласында жүргеніме көзді ашып жұмғанша бір жарым жыл болыпты. Осы уақыт аралығында неше түрлі қиындықтар, сонымен қатар, сәттіліктер мен жеңістер де болды. 

 Мен торттарымды ешқашан біреуге ақша беріп, жарнама жасатқан емеспін. Халық ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы біледі. Халал, құрамы таза, дәмді торттарды кез-келген бағаға алуға дайын. Бастысы денсаулыққа зиян болмауы керек. Сонда ғана халықтың өзі сенің торттарыңды мақтап, кез-келген жерде айтып жүретін болады.

Менің торттарым дәл осылай ауыздан ауызға тарады. Нәтижесінде, қазір көрші ауылдар мен аудан, тіпті қаладан да тапсырыстар түседі. Торттарымның бағасы да аса қымбат емес. Мен үшін, халыққа тиімді бағада, олардың көңілдерінен шығатын торттарды ұсыну маңызды" - дейді кәсіпкер. 

Түркістанда өндірілген жиһазға республикада сұраныс жоғары
Күніне 150 литрге жуық сүт сатып, 20 мың теңгенің үстінде табады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу