"Барлық өнімдердің сапасы қатаң бақылауда болады"

Oinet.kz 19-11-2022 337

Screenshot_3.jpg

Түркістан қаласындағы "Қуаныш" базары көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Мұнда көптеген кәсіпкерлер сауда жасап, несібелерін тауып отыр. Базар басшысы Инара Намазбаева кәсіпкерлердің жағдайын жасау, тауарлардың сапасын назарда ұстау негізгі мақсат дейді. 

"Мұнда отыз жыл бойы бір орыннан тапжылмай табандылық көрсетіп, қаншама қиындықтарды бірлесе көтерген апа, көкелеріміз бар. Олардың арасында 90-шы жылдардан бұрын келгендері де бар. Киім, ет, азық-түлік саласында жетістіктерге жеткендері көптеп саналады. Олардың ішінде кәсібін отбасылық бизнес етіп, бала-шағалары жалғастырып жатқандары да жеткілікті. Мұны біз қазір «Дәстүр сабақтастығы», «Ұрпақтар сабақтастығы» деп атап жүрміз. Атасынан бастап, баласы жалғастырып, қазір немересі сауда жасап жатқандары да бар. Осы жерден зейнеткерлікке шығып, бизнесін ұлына, қызына қалдырғандарын немерелері жалғастырып жатқандары кездеседі. Тәлім-тәрбие үйретіп жатқандары мол. Мен бұған қуанамын. Себебі, өзім де әкемнің бизнесін жалғастырып келемін.

Көкөністі бақылайтын токсикологиялық зертхана бар. Ет, сүт өнімдерін тексеретін сол павильонда ветеринарлық зертханамыз жұмыс істейді. Ол кісілер де жеке кәсіпкерлер. Тексерулерін дербес өткізеді. Сатуға тиісті құжаттарын береді. Олар да мұнда көптен бері қызмет көрсетіп келе жатқан жандар болғандықтан өздерінің абырой беделдеріне нұқсан келмеуін ойлайды. Олар азғана тиын-тебенге бола, жалған құжат жасаудан аулақ. Себебі, осы өнімдерді сатып алушылар одан уланып қалу жағдайлары кездессе, сол зертхана иелері жауап беретіндігін түсінеді. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мұнда бір күн ғана сауда жасап, келесі күні жоғалып кететіндер жоқ. Бұл жүйелі түрде қалыптасып қалған жұмыс.

1990 жылдан бері базарда барлық өнімдерді өткізудің талаптары, стандарттары сақталып келеді. Кәсіпкерлер де өз кезегінде көтерме саудаға шығаратын мекемелерден, өндіріс орындарынан сертификатын, керекті құжаттарын талапқа сай етіп алады. «Бұл клиент келесі жолы да азық-түлік өнімдерін етті, сары майды, ірімшікті келесі жолы да менен сатып алсын» деген кәсіпкер халыққа сапалы өнім ұсынып, қалтқысыз қызмет көрсетуге тырысады. Себебі, қала тұрғындарының денсаулығы оның атқарған қызметіне қатысты екендігін терең сезінеді", - дейді Инара Намазбаева.

"Табысымыздың 30 пайызын кәсібімізге инвестициялаймыз"
Сағат жөндеу кәсібін қолға алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу