Соңғы 3 жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асты
Түркістан қаласында соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып келеді. Осы уақытқа дейін 12 088 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 268,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жетті.
Түркістан облысы құрылғалы бері инвестиция көлемі 2,3 есеге өсіп, 660,3 млрд теңгені құрады (2018 ж. 288,1 млрд.тг.), оның ішінде жеке инвестициялар 450,4 млрд теңге. Ал «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында 10 жоба іске асырылып, 7 288 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 310 млрд теңгеге 4 823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілді. Облыстағы «Turkistan» арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарында жалпы құны 553,6 млрд теңгені құрайтын 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 2025 жылға дейін маңызды жобаларды іске асыру нәтижесінде, өңір экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталатын болады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артты. 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы, соңғы 3 жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылды.
Соңғы жылдары облыс орталығы халқының саны өсе түсуде. Деректерге жүгінсек, қала халқы 56 356 адамға өсіп, 221 102 адамды құраған, адл 20118 жылы 164746 адам болатын. Төрт жылда қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есеге артып, жалпы 793,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, 50% жуығы жеке инвестициялар (389,4 млрд теңге). Қаланың негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланып, жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани- мәдени орталықтары салынды.