Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағыларға жеңілдетілген несиелер берілуде
Түркістан қаласының халқы күн санап артып келеді. Нәтижесінде қалада сауда-саттық саласы дамып келеді. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерліктің қарқын алуына себеп болады. Белсенді шағын және орта бизнес субьектілердің толық статистикалық есептілік тапсыруын қамтамасыз ету, олармен төленетін міндетті төлемдерінің өтелуін қадағалау бойынша статистика басқармасымен бірлесіп жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша биылдың қаңтар-шілде айында «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС-ы 198,5 млн теңгені құрайтын 16 жобаны қаржыландырған. Екінші деңгейлі банктерден «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында «Рахымжан» жеке кәсіпкерлігі «Forte bank» ұйымынан 100 млн теңге көлемінде несие алып, жыл соңына дейін 90 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда және осы бағдарлама аясында 11 жоба 662 млн теңгеге субсидияланып, 6 жоба 60 млн теңгеге кепілдендірілген.
Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаев алдағы уақытта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында «Ырыс» микроқаржы ұйымының Түркістан қаласына бөлінген қаражат есебінен басым бөлігі туризм саласындағы жобаларға қолдаулар көрсетілуі жоспарланып отырғанын айтады.