«Эко базар» арқылы шағын кәсіпкерлер өз жұмысын жолға қоя алады
Түркістан қаласында орналасқан «Эко базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері Түркістан облысының ауыл шарушылық өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өтуде.
Өткен сенбіде «Эко базары» аумағына 68 тонна көлемінде облыстағы 4 ауданнан (Созақ, Кентау, Қазығұрт, Сауран аудандарынан) ауыл шаруашылық өнімдері әкелініп, базардағы бағадан 10-15% төмен бағада саудалануда. Сонымен қатар жәрмеңкеде Түркістан облыстық тұрақтандыру қоры тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 10 тонна көлемінде күнбағыс майы, сәбіз, құмшекер, тұз, макарон өнімдері тұрғындарға төмендетілген бағамен ұсынылып жатыр.
Айта кетейік, Экобазарда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін саудалай алады. Осыған дейін Шардара ауданынан – балық пен күріш, Бәйдібек ауданынан – жеміс-жидек, Ордабасы ауданынан – құс еті мен жұмыртқа және өзге де азық-түлік арзан бағада ұсынылып келді.
Аталған сауда кешені жаңа автовокзал маңында орналасқан. Онда өзге облыстар мен Өзбекстанға көліктер қатынайтын болады. Заман талабына сай сауда орталығында қала тұрғындарына және Түркі елінің рухани астанасына келетін туристерге қолайлы сауда жасауға барлық жағдай жасалған. Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма бар. Сонымен бірге, «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» Экобазары келушілерге қонақ үй, демалатын орындар, ойын-сауық кешендерін мен фудкортты ұсынады.
Қауіпсіздікті сақтау үшін күзет қызметкерлері жұмыс істейді, бейнабақылау камералары орнатылған. Барлық санитарлық нормалар сақталған. Базарда электронды және ақылды қоларбалар іске қосылады. Сондай-ақ, базарда кәсіпкерлер үшін «Яссы бизнес» бағдарламасы арқылы 4 пайызбен 5 жылға 60 миллион теңгеге дейін кепілдік арқылы несие беріледі. Бұл жөнінде Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен келісім жасалған.
«Экобазар – дәстүрлі ауыл шаруашылығы нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары. 14 гектар жерге орналасқан базарда 3000-ға жуық сауда орны бар. Оның ішінде 900 орын – азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталған. Жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалған. Көтерме бағадағы бұл базар диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдау шығынын азайтуға өте қолайлы болмақ», – дейді Экобазардың бас директоры Бақнұр Аюбек.