Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
Осы аптада Қазақпаратта «Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тұрады» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Алғашқыда ақпарат облыста өткен жиыннан немесе мерекелік іс-шарадан жазылған шығар деп жорамалдағанбыз. Жоқ. Ешқандай себебін де, тым құрыса сылтауын да таба алмадық. Өз басымыз ақпараттан екі-ақ нәрсені түсінгендей болдық. Біріншісі--биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы тойланады. Екіншісі--жиырма жылдықты тойлауға Жамбыл облысы қызу кірісіп кетті.
Осы ақпаратқа қарағанда бүгінде Әулиеата өңірінде 25 этномәдени бірлестік жұмыс істейді екен. Жамбыл облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысованың айтуынша, көне Тараз жері сонау Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастап көпұлтты, көпконфессиялы екен. Таразға қазақтардың, өзбектердің, славяндықтардың, византиялықтардың келіп қоныстануы осы кездерден басталыпты. Көпестер әр елден ағылып жатыпты. Тіпті тарихы терең Әулиеата жерін зерттеген археологтардың өздері де толеранттылықтың қазақ халқының қанында бар қасиет екенін айтып жатқанға ұқсайды.
Әрине, біз бұл жерде Жамбыл жерінде көптеген ұлттардың тұратынын жоққа шығарайын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының тізгінін ұстап отырған азаматшаның тарихтан тым құрыса азды-көпті хабары жоқтығына ептеп қынжылып қалдық. Қалай десек те, Тараздың тарихымен ойнамаңыз Лариса Лысова ханым дегіміз келеді. Ұлан-байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ат үстінде жүріп қорғаған, қаны мен тері сіңген ата-бабамыздың аруағы ойыныңызды осып қояды. Ал тарих шындығына үңілсек, бір жағы Қытай, бір жағы Византия сияқты алып мемлекеттердің арасын жалғаған Ұлы Жібек жолының өркендеген кезі--10-12 ғасырлар. Бұл кезде қазақ, өзбек сияқты ұлттар қалыптасып үлгерді ме, жоқ па, бұл сауалдың жауабын тарихшылардың еншісіне қалдырдық. Ал византиялықтар дегені кімдер? Бәлкім Л.Лысова ханым облыста тұратын бір жарым мыңнан астам гректерді сол 10-12 ғасырларда Византия империясынан сауда істеуге келіп, осында қалып қойған деп ойлайды ма екен? Біздің білуімізше, Әулиеата жеріне өзге ұлттардың қоныстануы 19 ғасырдан басталады. Қоқан хандығының кезінде өзбектер, Ресейдің отаршылдық басқыншылығы кезінде славян тілдес ұлттар келді. Қытайдың қысымына шыдамаған дүнген, ұйғыр сияқты ұлттардың көшіп келуі де осы кезеңде болды. Яғни, Жамбылы жеріне өзге ұлттардың ағылуы ары барса 200 жылдан әріге аспайды ғой. Тағы бір мәселе облыста 87 ұлт өкілінің тұратындығы туралы.
Уикипедияда Жамбыл облысына қатысты жарияланған деректерге қарағанда облыста тұратын 1 миллион 43 мың халықтың (2010 жылғы мәлімет) 70 пайызға жуығын қазақтар құрайды екен. Орыстардың үлесі 14 пайыз, дүнгендер 4 пайыз. Бұдан кейінгі орындарда түріктер, өзбектер, күрділер. Ал 16 орында тұрған белорустардың үлесі 0,08 пайызды немесе 870 адамды құрайды екен. Қалай ойлайсыз, сонда 87-ші орында тұрған ұлттың өкілдері қанша болуы мүмкін...? «Бізде пәлен ұлттың өкілі тұрады» деп ауыз көпірткеннен, «мынау орыс, мынау қазақ, мынау шүршіт, мынау монғол» деп бөліп-жарып, ұсақ-түйектегеннен не ұтамыз осы? Ұлттың көптігімен емес, халықтың көптігімен мақтанбаймыз ба одан да?! Тағы бір мәселе, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деген сөзді көп жерден естиміз. Дұрысы Қазақстан халқы Ассамблеясы емес пе? Орыс тілінде де солай-- Ассамблея народа Казахстана деген сөз көп жерде Ассамблея народов Казахстана деп қате айтылады. Халық деген сөздің өзі көпшілік мағынаны білдірмей ме? Бұл сөзді бәлкім Қазақстан ұлттарының Ассамблеясы деген де дұрыстау болар ма еді дейсің осындайда… Біздің айтайын дегеніміз бұл емес еді.
Жоғарыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтуді Жамбыл облысының қызу бастағанын жаздық. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев әжептәуір тойбасылық қабілеті бар екенін былтыр облыстың 75 жылдығында байқатқан еді. Жыл енді басталды, ал Таразда жиырма жылдықты тойлауға қатысты біраз іс-шаралар атқарылып тасталды. Алда әлі орындалатын талай-талай жоспарлар бар. Жаңа жыл мерекесінің алдында өңір басшысы облыстағы мәдени бірлестіктердің төрағаларына грант тапсырып, медаль, төсбелгілермен марапаттады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысоваға «Тойота» көлігінің кілтін табыс етті... Жалпы биыл мәдени орталық төрағаларының биті төгілетін жыл болатын сияқты.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, биыл Елбасының тікелей тапсырмасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады.
-- Қазақ хандығының Жамбыл жерінде атап өтілуі біз үшін үлкен қуаныш және жауапкершілік,-- дегенді Кәрім Насбекұлы бұған дейінгі жиындарда да айтқан еді. Бәлкім жоғарыда іс-шаралар осы тойды жоғары деңгейде өткізу үшін жасалып жатқан жаттығу шығар. Кім біледі?!
Мұрағаттан: 15.01.2015