Ресейдің ақыры соғыстан емес халықтың азаюынан болады

Oinet.kz 20-04-2019 1425

Screenshot_12.jpg

«Ресейді ақылмен түсіну мүмкін емес, Ресейге тек сену керек». Орыстың ақыны Ф.Тютчевтің атақты өлеңінде осылай дейді. Иә, Ресейді ақылмен түсіну мүмкін емес, оған  тек сену керек? Ресейдің келешегіне, оның құдірет күшіне сену қажет. Мұндай көзсіз сенушілік тек нағыз патриот, империяшыл адамның ғана қолынан келсе керек. 

Дәл қазір ресейліктер Путинге, Путиннің Ресейді алып империяға айналдыратынына имандай сенеді. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, 1991 жылдың тамызында құлап бара жатқан Кеңес Одағын қайта орнатуға тырысқан топтың әрекетіне қарсы шығып, танкінің астына жатуға дейін барған ресейліктер енді Кеңес Одағын сағынышпен еске алатын дәрежеге жетті. Ресейдің бүкіл идеологиясы, ақпарат құралдары, зиялы қауымы бірақ нәрсені көксейді, бірақ нәрсеге үндейді: ол—Ресейдің империялық, патшалық, кеңестік құдыретін қайта қалпына келтіру. Бірақ Ресейдің империя болуға қаншалықты қауқары бар? Талдап көрейік. 

Қазір әлемде Ресейді зерттейтін көптеген ұйымдар, ғылыми зерттеу институттары бар. АҚШ-та мұндай институтар сонау отызыншы, қырқыншы жылдардан бері жұмыс істейтін көрінеді. Міне, осы институттардың ғалымдары жетпісінші жылдары Ресейдің келешектегі үш проблемасын атап көрсетіпті. Олар: біріншісі—демографиялық жағдай нашарлайды, екіншісі—Қиыр Шығыстағы адам саны өте қатты азаяды, үшіншісі—Ресейдегі мұсылман халықтардың саны өте тез көбейеді деген екен. Осы болжам 100 пайызға расқа шықты. 

Көбеюдің орнына...

Ресейде соңғы жылдары халық қатты азайған. Әсіресе, ауылдық жерлерде.  Қазір ұлан-ғайыр елдің түкпір-түкпірінде ондаған адам ғана тұратын, оның ішінде бірде-бір ер азаматы жоқ, кілең қартамыс әйелдерден тұратын мыңдаған деревнялар кездеседі.  

...Соңғы 10-20 жылда Ресейді тап бір қырсық шалғандай әсерде қаласыз. Кеңес Одағының құлауымен Ұлы орыс халқының басынан бақ құсы ұшқан сияқты. Осы аралықта әлем халқы үштен бір есеге ұлғайды. АҚШ халқы--23 пайызға, Қытай—17 пайызға, ал Еуропа халқы шамамен--10 пайызға көбейген. Осы кезде дүниенің төрт бұрышынан жиналған оралмандардың есебінен Израильдың тұрғындары 70 пайызға артыпты. Ал Ресей халқы осы аралықта көбеюдің орнына керісінше 5 пайызға азайған. Бір қарағанда 5 пайыз дегеніңіз түк те емес сияқты, ал енді есепке салып көрсеңіз бұл бақандай 6 миллион адам. 1992 жылы Ресейде 148,5 миллион халық тұрған. 2009 жылы есеп бойынша халық саны 142 миллионнан әзер асты. 6 миллион халықты ешкім қырып салған жоқ. 1992 жылдан бастап Ресейде туғандардан гөрі өлгендердің саны көбейіп отырған. Дәлірегі бұл көрсеткіш 3х2-ні құраған. Тек 2013 жылдан бастап  Ресейде туғандардың саны өлгендердің санымен теңесіп, аздап өсім байқалды. Алайда бұл өсім орыстардың емес, Кавказдағы мұсылман халықтардың есебінен болып отыр. Жалпы ішкі Ресейде табиғи өсімнің азаюы сонау Кеңес одағы кезінен бар проблема. Кеңес Одағы кезінде Ресейде адам саны азайып, керісінше Орта Азия мен Кавказ елдерінде ол өте жоғарғы қарқынмен көбейген. Әлем сарапшыларының есебі бойынша 2040 жылы жұмыр жердегі халықтың саны 9 миллиардтқа жеткен кезде Ресейдегі халық саны керісінше  азайып, 100 миллионннан әзер асатын болады. Ресейді ақылмен түсіну мүмкін емес деген осы.

Арақ ұлттың қасіреті

Мұндай жағдайға Ресей қалай жетті? Сарапшылардың ойынша Ресей «сау адамның тамағын ішіп, ауру адамның сөзін сөйлейтін» сияқты.  Ресейдегі отбасыларда бала туу өркениетті елдердегі көрсеткішпен тең. Бірақ адамдардың өмір сүру жасы өркениетті елдерден әлдеқайда төмен, тіпті кейбір артта қалған елдерден де нашар. Мәселен, Ресейде әрбір төртінші ер азамат 55 жасқа жетпей қайтыс болады. Батыс елдерінде ер азаматтардың орташа өмір сүру жасы—77 жас, ал Израильде—80 жас. Ал Ресейде ол 64 жасты құрайды екен. Бұл дегеніңіз Тунис, Камбоджа сияқты елдерден де төмен көрсеткіш. Ресейде тұрғындардың жалпы өмір сүру орташа жасы 71-ді құрайды. Бұл әлеуметтік жағынан артта қалып кеткен Мысыр сияқты елдегі көрсеткіштен де төмен. 

        Әлеуметтік демекші, Ресейдің алып аумағы, халқының біркелкі қоныстанбауы медициналық көмекке де әсерін тигізеді. Сапалы дәрігерлік көмекті тек ірі қалалардан ғана алуға болады. Ал кішігірім қалаларда, ауылдарда оның сапасы сын көтермейді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Ресейде өлім-жітімнің 57 пайызы жүрек-қан ауруларымен байланысты. Бұл дегеніңіз АҚШ-тан үш есеге көп көрсеткіш. Инсульт ауруынан көз жұмғандардың саны АҚШ-тан 7 есеге, СПИД-тен өлу фактілері--9 есеге көп. Туберекулез дертінен өлу деректері де төмендемей тұр. Қатерлік ісік ауруы кейінгі кездері қатты өршіген. Ол 100 мың адамға шаққанда 16 науқастан келеді екен. Ал Израильде бұл көрсеткіш 3 миллион адамға 1 науқастан келеді. Ресей өзін-өзін өлтіру, яғни суицид, жарақат алудан болатын өлім бойынша алдыңғы орындарды иеленеді. Тамақтан уланудан болатын өлім-жітім керсеткіші жағынан бірінші орында. Ешқандай азаматтық соғыстың болып жатпағаны қарамастан көрші елде зорлық-зомбылық және одан болатын өлім-жітім де өте жиі кездеседі. Жоғары болғанда ол от пен оқтан көз ашпаған Зимбава, Нигерия, Сьерра-Леон сияқты елдермен тең. 

Демографияға ең көп керісін тигізіп келе жатқан фактордың бірі, әрі негізгісі—арақ. Сарапшылар орыстардың араққа қатты салынуы мемлекеттік саясаттың жемісі дейді. Ресей империясында 19 ғасырда арақтан түсетін табыс жалпы мемлекеттік кірістің төрттен бірін құраған екен. Осы көзқарас әлі күнге өзгермеген.  Ресей тарихында арақпен күрескен көсемдер болды. Мәселен Ленин, Горбачев, Медведев. Дмитрий Медведов арақты орыс халқының қасіреті деп атаған. Ресейде әрбір тұрғыны жылына 18 литр таза спиртті тұтынады екен. Бұл жалпы әлемдегі орта көрсеткіштен екі есеге көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Ресейдегі ер азаматтардың 77 пайызы 15 жасқа толмай жатып-ақ арақты тұрақты түрде ішеді. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 90 пайызға жетеді. Деревняларда ішілетін  арақтың басым бөлігі үй жағдайында дайындалатын самагон. Оны тұрғындардың өздері картоптан, басқа да өнімдерден әзірлейді. Бұған кейінгі кездері түрлі қоспаларды араластырады. Тіпті кейде самагонға бензин, одеколон сияқты заттарды да қосып жібереді. Мұның денсаулыққа тигізер залалын айтпаса да белгілі. Ресейде соңғы жылдары есірткіге елітушілік де белең алған. Федералдық Есірткі саудасына қарсы күрес қызметінің мәліметіне қарағанда 2013 жылы 30 мың ресейлік героинді асыра қолданудың нәтижесінде қаза тапқан. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 4 мыңнан аспайды.  

Болжам

Біріккен Ұлттар ұйымының болжамы бойынша 2025 жылы Ресей 11 миллион тұрғынан «айырылады». Осы кездерден бастап елде жұмыс күшіне деген зәрулік өзінің шарықтау шегіне жетеді. Мектепте білім алып жатқан оқушылардың саны айтарлықтай азаяды. Сондықтан алдағы жылдары 100 мың оқытушы қысқартылатын болады. Ұстаздардың қысқарту шаралары биыл—2015 жылдан басталады. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде Ресейде студенттердің саны да 40 пайызға азайған. Адам санының азаюы Қарулы күштерге де үлкен әсер етеді. Ресей әскери міндетін өтеудің тәртібін қайта қарауға мәжбүр болады. Ендігі мәселе орыс ұлты жөнінде: 

Бірқатар зерттеушілердің пікірінше Ресейдегі орыс ұлтының үлесі 1989-2002 жылдар аралығында 7 пайызға азайған. Орыс ұлты 2025 жылға дейін жалпы Ресей халқының 85-90 пайызын құрауы мүмкін. Бірақ бұдан кейінгі жылдары ол 60-70 пайызға дейін төмендейді. 2050 жылы ол 46 пайызға дейін құлдырауы мүмкін. Сарапшылар орыстар өздерінің Ресейдегі көптігін сырттан көшіп келген өзге ұлттарды сіңіру арқылы сақтап қалуы мүмкін дейді. 2030 жылдарға қарай орыстанып кеткен халықтың үлесі 20 пайызға жетеді. Бірақ бәрібір де келімсек халықтар өз дегендерін істейді. 2030 жылдарға қарай Ресейде әрбір бесінші азамат ислам дінін ұстанатын болады. Мына қызықты қараңыз, қазірдің өзінде Мәскеуде туылған сәбилердің үштен бірі келімсектердің отбасына тиесілі екен. Алдағы жылдары Ресейдегі этно-конфессиялық жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырайды.  Өзге ұлттарды сіңіру саясатының ақыры ұлтаралық қақтығыстарға апарып соғады. Бұл Ресейдің тұтастығына қауіп төндіреді. Алдын ала жасалған болжамдарға қарағанда Ресей бірінші кезекте Сібір мен Қиыр Шығыстан айырылады. Оның басты себебі аталған аумақтарда халық өте аз қоныстанған. Ал бос жатқан жер қашанда жау шақыратыны бесенеден белгілі. Қиыр Шығысқа көз алартатын басты жау Қытай болады. Ғалымдардың пікірінше халық саны 75 миллион адамға дейін азайған кезде Ресей Ресей болудан қалады. Ол кішігірім мемлекеттерге ыдырап кетеді. Әрине мұның бәрі болжам. Оның қаншалықты жүзеге асары белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық--Ресейдің қазіргі басты байлығы жер астындағы мұнай, газ сияқты табиғи қазбалар емес, оның халқы. Сондықтан Ресей дәл қазір орыс тілін білетін кез-келген адамды құшағына тартуға құмбыл


Тараздың тарихымен ойнамаңыз, Лариса Лысова ханым!
Киіз үйді шоқынуға да тігетін болғанбыз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу