Тұрсынбек Қабатовтың қызына байланысты жаңа деректер шықты
Танымал заңгер Абзал Құспан әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа адам кіргенін мәлімдеген болатын.
Әлеуметтік желі қолданушысы Айбол Құлан аталмыш іске байланысты жаңа деректерді жариялады.
- Біреу білер, біреу білмес. Бірақ бұл мәселе (ҰБТ-ға біреудің орнына жалған куәлікпен кіру) ҰБТ болып жатқан кезде болған. Кімнің қызы екені ол кезде ашық айтылмаған соң мұндай резонанс болмаған еді. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа да жіберіліп қойған. Кеше ғана грант нәтижесі шықты. Бүгін Абзал Құспанның мәлімдемесі балалары оқуға түсе алмай қалған ата-аналардың ызасын тудырғаны анық. Иә, заң алдында бай бол, кедей бол бәрі тең болу керек.
Тұрсынбек “санамыздағы ақауды” тағы бір көрсеткендей. Бірақ, бұл жолы әзілімен емес, ісімен. Ақылы оқытуға ақшасы жетіп тұрса да, “атақ” үшін ардан аттауға дайын тек ол ғана емес. Біразымыз реті келсе “мемлекетті иемденіп” қалуға тырысамыз. “Заманын түлкі болса, тазы болып шал” деп ақтаймыз ол тірлігімізді. Осыдан екі жыл бұрын тек ақшалылар ғана емес, екінің бірі ҰБТ-ға телефонмен кіретін. “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді” деген осындайда айтылса керек. Соңғы екі жылда жағдай түзеліп келе жатыр. ҰБТ 100% болмаса да, 98% әділ өтті деп айта аламын. Бұл үлкен жетістік - деп жазды А.Құлан.