Есен Елеукен өзін сынаған Тұрсынбек Қабатовқа жауап берді
Oinet.kz хабарлайды - Бірнеше апта бұрын Қазақстан арнасынан көрсетілетін «КТА» лигасының жетекшісі, актер Тұрсынбек Қабатов «Talklike» бағдарламасына сұхбат берген болатын. Сұхбат барысында ол «Жайдарман» лигасының жетекшісі Есен Елеукенге қатысты біраз шындықтың бетін ашқан еді.
"Есен екеуміздің арамызда 2005-тен бастап келе жатқан түсінбеушілік бар. Оны Есеннің өзі де біледі, оның үндемей жүргені де сол, менің де КТА-мен айналысып жүргенім сол. Бұл жерде баяғы бразилиялық кино сияқты басқаша әңгіме, балалықтың әңгімесі.
Өз лигамды ашуға бел буғанда сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов идеямды қолдады. Есен ол кезде Шымкентте "Көз тимесін", "Өзіміздің жігіттер" командаларына жетекшілік етіп жүрді.
Мен Есенге хабаларасып: - Лига ашайын деп жатырмыз, сен жүргіз, қысылма, бастайық, - дедім. Ол келісті. Бұдан кейін КВН лига ойындары өз жұмысын бастап, кең танымалдылыққа ие бола бастады. Сол кездері Есенмен сөзге келіп қалдық. Сөйтіп жүрген кезде мені ақырын-ақырын шетке ысырып, әрі қарай өзімен өзі қазақша КВН болып, одан әрі қарай "Нұр Отан" партиясымен жұмыс істеп, дамып кетіп қалды, - деп Тұрсынбек Есенге деген ренішін сыналап жеткізді.
Кеше Есен Елеукен тележүргізуші Нұрсұлтан Құрманға сұхбат берді. Мұнда ол Тұрсынбек Қабатовтың сөздеріне қатысты жауап берді.
– Ренжіген жоқпын (Тұрсынбекке – автор). Әркім өзінің деңгейін көрсетті. Негізі осы сұхбат шыққаннан кейін жан-жақтағы туысқандар, достар, жақын адамдар, әріптестер хабарласып, кейбіреулері мүсіркей қараған кездерді болды. Кейбіреуі ашуланып «неге жауап бермей жатсың» деді. Мен бастапқы кезде кішкене ойланып қалдым. Бірақ, мен бұған дайын болдым.
Бұл жерде әркімнің өз шындығы бар, - деді Есен Елеукен. Жүргізуші Нұрсұлтан Құрман «Тұрсынбектің сұхбатында сіз туралы айтқанының арасында өтірік бар ма?» деп сұрап еді, Есен Елеукен «бар» деп жауап берді.
– Сөздің ашығы керек, мен оның ондай ойы бар екенін де білген жоқпын. Қазақша КВН-де Тұрсынбектің орны ерекше. Тұлға. Соңынан ерген өз көрермені бар. Ол тек Қазақстанды ғана емес, ТМД-ның сүйікті ойыншыларының бірі.
«Екінші лига ашпашы» деген әңгіме болған жоқ, «не үшін қажет? Керек балаларды бағдарламаңа сұрап ала бер» дедім. «Бағдарламаға адам жібермеді» депті. Мен тіпті ол жерде түсірілім болып жатқанын да білмеймін. Түсірілім болып жатқанын кейін естідім. Оның өзі тікелей хабарласпайды. Көмекшілері хабарласады. Қасында жүрген достары хабарласады. Өзі хабарласса оған ешуақытта жоқ деген жоқпын, - деп сөзін қорытындылады Есен Елеукен.