Президент Тоқаевқа, премьер-министр Маминге елден ашық хат!

Oinet.kz 28-07-2020 1443

Screenshot_6.jpg

Ерке Есілге сүйдіріп қас-қабағын,

Тойы өтті ме ай-қабақ Астананың...

Сарыарқа сұлу от шашуға үйренді ме – 

Жаялығын жуғандай жас баланың,

Той аңсаған әнші-биші бір желпінді-ау,

Теңгесіне тамсанып мас қаланың,

Президент мырза! Датым бар - ел атынан

-Ақын деген «Аш қасқыры» аш даланың!!!


Менің халқым - қазығы қанағаттың,

Менің арым - азығы аманаттың.

«Тойды емес, ойды ойлайық» - деп едіңіз,

Тамырына құрт түскенде заман бақтың,

...Патшаға екі сөйлеу екі соққы

Палуанға сын сүрінгені қазан аттың,

Түркістандай текті елде туғаннан соң – 

-Алашым!- деп аһ ұрған азаматпын!


-Датым аға! Қазаққа қос көрінді,

Естуші едік заңды ауру, есті өлімді...

Жұмбақ ауру момын елді жұтып жатыр,

Күн мен түнге суғардым қос көлімді,

Бес мың емес, елу мыңға жетті кесел,

Дәрігерлер дәрменсіз... «Тос көріңді»

Алатаудан - зорыққан арқар ауды

Қаратаудан - қамыққан көш көрінді!!!


-Сұмдық, шындық... Қаралы хат елден Сізге

Жетім елдің көз жасын төрден ізде...

Қоғам - қасқыр, дәрігер - түлкі, дәрі - қымбат,

Ақшасы жоқ ағайынды көрден ізде,

«Көкесі жоқ», «серкесі жоқ» қырылуда

Қасқыр қуған қозыны көргенсіз бе

...Екі сөзді, екі ойлы – мергенсіз бе

Екі көзді бір сөзді елденсіз бе!?.


Жеті атасы - жетесізге тақ қонбайды,

Босағасы бос жанда бақ болмайды...

Қасым Жомарт Кемелұлы басты көтер,

Егесі жоқ орманды от жалмайды,

Үкімет әлсіз, басшы жемқор... шындық болса – 

Қырық қасқыр қуалап атты алмайды,

...Кие жұққан «тектілер» түрмеде отыр

Түйе жұтқан «ептілер» сотталмайды!!!


Отыз жыл от басыппыз... сезілгендей,

Сенат пенен мәжіліс көз ілгендей...

Қиналған ел 42.500 теңге берсе,- дейді,

Депутат-Алдар, «Нұр Отан»- Тасша, елім – кедей,

Несие өсіп, халық көшіп, көшеде жүр.

Бір дүмпудің дүбірі көрінгендей,

Сіздер сенген әкімдер барсаң кісі – 

Боз далада боздаған бозінгендей!


Бай болыстар «тендерге бас» ұруда,

Кедей-кепшік аш-жалаңаш ашынуда.

Жұмыс жоқ, тамақ қымбат, мазарда ақша,

Мінбелер мен жүлделер масыл ұлда,

Жеке сот орындаушылар «Соқыр құдай»

Үріккен ел атылуда, асылуда,

...Өзбекстан – иманды елге асығуда

Қазақстан – жиған жемін жасыруда!


Коррупция – қашан аға байланады,

Милиция – тұғырынан тайғанады...

Өз елінің өзегінен тексіз тебер,

Жағымпаз «Ардагерлер» айды алады,

«Ашынған құс егесіне шабар» - деген,

Шерхан шері, Айталы Абыз қайда қалды,

...Тізімдегі – төре, тоқты сайланады – 

Абызсыз елді ақырзаман айналады!!!


«Қамсыз қоғам сезбес деген қар түскенін»,

Арсыз адам айтпайды зәр ішкенін...

Кесел көніп, несие сөніп күн шықса екен – 

Қуанышың халқымның «бақ құсы» дедім.

Тағы бір қайғы руханиат өлді, өшті 

Біздің аймақ уысында жат күштердің,

...Биші, күйші әкімдердің «Ақ шатыры»

Бұл ғасыр – ғасыры екен «әртістердің»!!!


-Датым осы наласың ба, нанасың ба,

Хан төренің табынбадым тағасына...

Ринат ақындай – атақта жоқ, медальда жоқ,

Бұхардай батыл ұлды шабасың ба,

Махамбеттей семсер сөзді сүйремесем

Қара өлеңнің қалам-ау табасына,

Абай ақын «Қайран елім»- деп қамыққан

Сыбызғы сөз ой тастасын бар асылға,

Қуанышбек ақындай «актерлар» көп

Кепе соққан жартастың жағасына,

...Сізде аға тұлпардың тұяғы едің

Дау түспесін ақын-жазушы арасына

-Нақты, қатты бұйрық бер әкімдерге

-Ұлтым,- деген ұғым түссін санасына,

Ел басшысы жетер деп бағасына - 

Ақсұңқар жыр ұшырдым Алашыма!!!

Әбдіхалық Әбдірайымұлы (Сәбит сері)

Ақын, сазгер, ұстаз

Шымкент қаласы

Сіз естімеген мақалдар
«Тойым ойыма қонбай тұр» - Бекжігіт Сердәлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу